Көнеден керуен тартқан
Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде болып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Өткен жылы аталған өнер ордасының басыбайлы баспаналы болғанын сүйіншілей жазған едік. Сәуір айында. Аймақ басшысының Қарағанды облысы әкімі болып тағайындалған тұста алдымен қолға алғаны да осы өнер колледжінің баспана мәселесі еді. Содан бері 9 ай өткен екен. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың жалпы аумағы 5524 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты №10 корпусы осылай өнер бесігіне айналды. Тіпті, бір кездері колледж табан тіреген облыстық сот ғимаратының өзі мұндай кең емес екендігін ұстаздар қауымы да мойындап отыр. Дене шынықтыру залы, акт залы, 74673 дана кітап қоры бар кітапхана тағы бар. Қала берді, 1983 жылы бой көтерген ғимараттың жөндеу жұмысына 80 миллион теңге қаражат бөлініпті. Аталған корпус адам танымастай болып өзгермегенімен, айшықты жөндеу жұмыстары жүргізілгені бірден байқалады.
– Бұл нысан – колледжіміздің 65 жылдан бері армандап келе жатқан ғимараты. Ерлан Жақанұлының жемісті жұмыс істеуінің нәтижесінде, осы ғимаратқа қолымыз жетті. Жаз айларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан жиһаздар, музыкалық аспаптар сатып алынды. Оркестр мүшелеріне сахналық арнайы 50 киім тігілді. Қазіргі таңда күндізгі оқу бөлімінде 507 және сырттай білім алушы 128 студентіміз бар. Жоғары білімді 112 ұстаз еңбек етуде. Өткен жылы колледжіміздің 112 шәкірті түлеп ұшып, оның 71,7%-ы қызметке орналасты. Барлық аудиториялар дайындық жұмысын жүргізуге, сабақ өткізуге өте қолайлы. Бүгінгі күні біз жылуды ҚарМУ-дың автономды жылу беру жүйесін жалдап отырмыз. Келешекте орталықтандырылған жылу беру жүйесіне ауыссақ па деген ниетіміз бар, – деді колледж директоры Мейірхан Адамбеков.
Өз кезегінде облыс әкімі бастаған жұмыс тобы фортепиано, оркестр сыныптарын аралап, колледж жай-күйімен танысып шықты. Ұстаздар мен шәкірттер жүзіндегі қуаныш бірден байқалады. Аудиториялардың акустика тұрғысындағы қолайлылығы да айтылмай қалмады. Бұрында Қан орталығы ғимаратын бас сауғалаған колледж ұстаздары кабинеттердің тарлығын, сүйегі ауыр пианино, фортепиано сынды аспаптарды орналастыру мүмкіндігінің жоқтығын, көрші кабинеттердегі сабақ барысының кедергі келтіретінін айтып, азар да безер болса, енді бұл қиыншылықтардың барлығы артта қалып отыр. Болашақ мамандарды баптап, білім нәрімен сусындатып келе жатқан фортепиано бөлімінің жетекшісі Олег Плицынның айтуынша, жаңа ғимарат студенттердің емін-еркін дайындалуына мүмкіндік берген екен. Тіпті, 1 концерттік рояль, 4 фортепиано сатып алыныпты. Ұстаздың Гаухар Елубаева есімді шәкірті ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендиясын иеленіп, колледж абыройын аспандатқан жайы бар.
Колледж тынысымен танысу барысы студенттер әзірлеген концерттік бағдарламамен түйінделді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.