«Күнделік емес, түнделік жазып жүрмін…»

Той алдындағы «бой»
Ұл үйленемін деп, әбігер басталды. Өйткені ортаға орамал тасталды. Тойдың болғанынан боладысы тек қызық емес, шыжық екен. Шақырылатын қонақтардың бір-екеуі бұзық екен.
Кімді шақырамыз. Мен жазғаным баталы, қатынға керегі – қалталы. Тізім тағы қысқарды.
«Ол бәлені шақырмау керек». «Неге?». «Өткенде халал тойда дастарқанда жоқ нәрсе, соның ішінде болды емес пе?». Бірге тығылып ішкеніміз ойында жоқ, қой.
«Шырқын бұзбаса да, көрініп қойды емес пе?» Айтар уәж осы. Бүлдірмесе де, білдіріп қойған бір дос әйелімен қоса сызылды. Оның орнына алыс туысы келіп тізілді.
Ұйқым болса бұзылды. Кімге айтамын, сізге айтпай қыжылды…
Келесі түнгі 12-де тізім қайта жазыла, жо-жоқ сызыла бастады. Біраз құрдас құрдымға, дос қырымға, қалтасыз туыс жырымға кетті. Бұл түні де әйел жақ басым түсті, мен айтқандарымның жартысы тізімге кірмей «ажал» құшты, өйткені қатынның аргументі күшті.
Теріс қарап жатып қалдым. Сөйтіп өзімше қатыннан өшімді алдым. Оған қарап жатқан ол жоқ. Пысылдап әлі тізімді сызып жатыр. Ол жаққа қарар менде енді жол жоқ…
Театрдағы чемпион
Ерік айтады:
– Нұркен Әбдіров ескерткіші алдында тұрмыз.
Қасымдағы таныс «Бұл кім?» деп сұрады.
«Е, білмейсің бе? Бұл Нұркен деген UFC чемпионы ғой. Көрмейсің бе? Қарсыласты құлатып тастап төпелеп жатыр» десем,
«Аа», деді, – деп.
Отырып-отырып Ерік тағы да айтады:
– Бүгін «Бибігүл Төлегенова келеді, театрға барамыз» дедім бір досқа. «Ол кім?» дейді.
«Үш дүркін Олимпиада жеңімпазы», дедім.
Ол болса, «Чемпион болса, театрда оған не бар?» – дейді, – деп.
«Ерік деген кім?» – деп сұрамай-ақ қойыңызшы…
Қара тізім
– Кешке досым тойға шақырды.
– Барсайшы…
– Барсам да, бармасам да, екінші рет шақырмайды ол.
– Неге?
– Өйткені менде апарар ақша жоқ.
– Сонда…
– Барсам «келді, бір тиын әкелмеді» деген қара тізімге кіремін. Бармасам, «білдей жерде жұмыс істей тұра, сараңдық танытып келмеді», – дейді.
– Ех, дүние!
– Дүние – байлық, барлық. Ал менікі – жоқшылық.
– Не істейік?
– Қоңырау шалып, мені сұраса «іссапарға кетті» де.
– Ақшаң жоқ, қайдағы командировка?
– Ұйықтайтын бөлмеге кеттім, оған «сеть жоқ жақта шығар» де, ондай ауыл шүкір, жетеді ғой, бізде.
Қоңырау. «Байланыс аясынан тыс жерде, немесе ұялы телефоны сөндірулі. Т-у-к-т-у-к…».
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ