Күн тәртібіндегі әлеуметтік мәселелер – басты назарда
Бүгін облыс орталығында «Аманат» партиясы Қарағанды облыстық филиалы саяси кеңес және облыстық мәслихат депутаттық фракциясының бірлескен кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағасы, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары, Саяси Кеңес мүшелері, партиялық бақылау Комиссиясының төрағалары мен депутаттар қатысты.
Алқалы жиында күн тәртібіндегі бірнеше мәселе қаралды. Солардың алғашқысы – «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы.
Кеңес мүшелері осы жобаның орындалуын және жолдарын талқылады.
– Банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша міндеттемелерін орындауда қиындықтарға тап болған қарыз алушылардың борыштық жүктемесін азайтуға практикалық көмек көрсету мақсатында жұмыс тобы, фронт-офистер, оқу сыныптары мен кеңес беру орталықтары құрылды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов.
Одан бөлек, партияның «Халықпен бірге» 2023-2027 жылға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасындағы орындалмау қаупі бар тармақтарын пысықтады.
Жиында талқыланған жобаның бірі – «Ұлттық мұра» партиялық жобасы. Жоба жоспары талқыланып, орындалу жүйесі сөз болды. Әрі облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ұлттық құндылықтар мен сан ғасырлық мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу үшін сақтау мемлекеттің сындарлы саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Жобаның басты мақсаты – ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді, салт-дәстүрімізді дәріптеу. Осылайша біз жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды дамытамыз, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Одан бөлек, егіс науқанының басталуына байланысты өңірлерде су тасқынының, сондай-ақ құрғақшылықтың, су мен отын тапшылығының алдын алу мәселесі қаузалды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz