Ресми

Күн тәртібінде — маңызды мәселелер 

Бейсенбі күні өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІI сессиясында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Сондай-ақ, күн тәртібінде өзге де мәселелер қаралған сессия жұмысына облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов төрағалық етті.

Алдымен депутаттар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамын бекітті. Бұл мәселе бойынша. облыстық мәслихат депутаты, уақытша комиссияның төрағасы Жанна Штергер. баяндама жасады.

Аймақтағы кадрлық өзгерістерге байланысты Қарағанды облыстық сайлау комиссиясында бес орын босап қалған еді. Бос орындарға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өз кандидаттарын ұсынды.

– Облыстық сайлау комиссиясының құрамы облыстық мәслихаттың 2019 жылдың қаңтарындағы шешімімен бес жыл өкілеттік мерзімге, яғни, 2024 жылға дейін жасақталған еді. Алайда, кейбір мүшелер өз қалауы бойынша құрамнан шықты. Сондықтан, бес бос орын пайда болды. Сәйкесінше, облыстық мәслихаттың облыстық сайлау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу жөніндегі уақытша комиссиясы құрылды. Белгіленген мерзімде – 1-15 желтоқсан аралығында үш саяси партия мен екі қоғамдық бірлестіктен бес ұсыныс түсті. Үміткерлер қызметке сәйкестік тексерісінен өтті. Барлығы «Сайлау. туралы» ҚР Конституциялық Заңының. 19-бабының талаптарына сәйкес келеді. Яғни, соттылығы жоқ, әрекет қабілетінде шектеу жоқ. Бір ұйымның қызметкерлері болып табылмайды, осы комиссияның құрамын құраған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұрады, – деді Жанна Штергер.

Сонымен, облыстық сайлау комиссиясының құрамына «Ауыл» ХДПП мүшесі Сандуғаш Асылбекова, «Қазақстан азаматтары» ҚБ өкілі Айғаным Ақпанова, AMANAT партиясының мүшесі Қайрат Нұркенов, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ өкілі Евгений Русаков және Қазақстан Халық партиясының мүшесі Саян Есмағанбетов кірді.

Бұдан бөлек, тағы бірнеше облыстық,. өңірлік деңгейдегі комиссияның,. консультативтік-кеңесші органның құрамындағы өзгерістер бекітілді. Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары, лауазымдық. нұсқаулықтарына енгізілген өзгерістер қолдау тапты.

Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 27 ақпандағы «Қарағанды облысының аумағында иттер мен мысықтарды күтіп-бағу және серуендету қағидаларын бекіту туралы» №505 шешімінің күші жойылды. 8 желтоқсанда өткен кезекті ХХІ сессияда жаңа ереже бекітілген еді.

Облыста бұралқы ит мәселесі өткір тұрғаны белгілі. Иесіз жануарларды аулау жұмысы аулау қызметінің басшысы бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі. Кесте арнайы мониторинг нәтижесіне сәйкес түзіледі. Яғни, мұнда иттер жиі жиналатын жерлер бақыланып, саны туралы ақпарат есепке алынады. Қоғамдық орындарда иесіз жүрген иттер де, мысықтар да осы санатқа кіреді.

Аулағанда иттерге, қоршаған ортаға зиян келтірмеу шарт. Ал, қауіп туса, иттерді қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға рұқсат беріледі. Іс-шараны екі куәгер растауы қажет немесе бейнекамераға түсірілсе, жеткілікті.

Ауланған ит уақытша ұстау пунктіне қамалады.

Ал, адамға, малға шапқан иттерді, оның ішінде, кемі үшеуден топтасқан үйір иттерін, науқас иттерді ізгілікті әдістермен (препарат, дәрі-дәрмек) өлтіруге рұқсат етіледі. Бұдан кейін өлекселер арнайы орындарда өртеледі, көміледі.

Сессия жұмысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз алды. 2023 жылға арналған жоспарымен таныстырып, келешекте атқарылуы тиіс бірнеше міндетке тоқталып өтті.

– Президент жүктеген басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын көтеру. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында бір кісідей жұмыла қызмет етеміз деген ойдамын. Бүгінде біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының ахуалын жақсарту қажет. Бұл бағытта орындалуы тиіс шаруаның ауқымы кең. Инвестиция тарту мәселесі де маңызды. Инвестиция тарту арқылы өндіріс ошақтарын дамытамыз. Жергілікті өндіріс орындарын дамыту нәтижесінде халықтың тұрмысын көтереміз. Ауылдық жерлердегі тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Мемлекеттік бағдарламаларды, басқа да тетіктерді барынша қолдану қажет. Келесі жылы біз денсаулық сақтау және білім беру салаларында үлкен құрылыстарды бастаймыз. 22 медициналық нысан мен 18 мектеп салу жоспарланып отыр. Сіздердің тараптан осы міндеттердің орындалу сапасын, мерзімдерін бақылау бойынша мониторингке белсенді қатысуды сұраймын, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Серік Балғатайұлы депутаттық корпус ел игілігі жолында қарап қалмайтынын жеткізді.

– Халық сенімін ақтау – басты борышымыз. Жаңа қоғамды, жаңа Қазақстанды құруға депутаттар қауымы да белсене қатысады деген сенімдемін. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыс істесек қана Президент қойған барлық тапсырмаларды оңай еңсере аламыз, – деді облыстық мәслихат хатшысы.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button