Күмістің салмағы – 386 кг
Қытайдың Цзяньшань қаласында ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Артем Антропов ел қоржынына күміс жүлде салды. Ол 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қоссайыс нәтижесінде 386 (165+221) келіні еңсерді.

Әуелі ауыр атлетші жұлқа көтеруден сынға түсіп, 165 келіні бағындырды. Нәтижесінде, ІІІ орын иеленген. Одан кейін серпе көтеруден 221 келіні бағындырып, ІІ орыннан көрінді.
Аталған салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атағын қытайлық Лу Хуанхуа иеленді. Ол қоссайыс нәтижесінде 410 келіні бағындырған. ІІІ орынға 377 келіні бағындырған түрікменстандық ауыр атлетші Дәуранбек Хасанбаев табан тіреді.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Ұлттық құрама спортшылары тек екі медаль жеңіп алды. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған отандасымыз Петр Хребтов қола медаль еншіледі. Ал, Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Егор Шерер (89 келіге дейін) мен Любовь Ковальчук (87 келіден жоғары) жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»