Күміс күлкі
Қайдар-ау, қайдан келдің?
2010 жылдың 19 қазан күні Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына жолға шықтық. Мақсат – осы аймақтың тумасы, марқұм Қоңыр Асановқа арналған мерекелік іс-шараны теледидарға түсіру. Сол күні Атасу кентіндегі бір көшеге ағамыздың есімі беріліп, арнайы ескерткіш тақта ашылды. Ол кісі өте абыройлы, еңбегімен ел құрметіне бөленген, танымал азамат екен.
Салтанатты шараға жаңаарқалықтар көп жиналды. Ұлықтауға тұрарлық ұлдары жайлы аға буын өкілдері естеліктер айтып, адамгершілік қасиеттері мен керемет іскерлігін тілге тиек етті. Еңбек ардагері Нариман Ибраһимов, мемлекет қайраткері Хамза Жұмабеков, құқық саласының Құрметті азаматы Қазкен Мүслімовтер ыстық ықыластарын білдірді.
Дәмханада ас беріліп, рухына Құран бағышталған соң, түс ауа Қарағандыға қайттық. Көліктің ішінде әңгімелесіп келеміз. Қасымызда отырған Қаскеңе әлде біреу телефон соқты. Сөйтсек, Қайдар деген ауылдасы екен. Сөйлесіп болған соң, ол кісінің басынан өткізген бір оқиғасын естіп, біраз күліп алдық.
Көп жылдан бері шахтада жұмыс істейтін Қайдар ағамыз, жұбайы екеуі қаланың көпқабатты үйінде жеке тұрады екен. Байырғы кенші ара-тұра шаршағаным басылсын деп, «жүз грамдатып» қоятын көрінеді. Бір күні қонақтан кеш келіп, бұрылысы көп бес бөлменің ең соңындағы жайлы төсегіне жайғасады ғой.
Түннің бір жартысында орнынан тұрып, дәретхананы іздей бастайды. Мастығы әлі тарай қоймаған, ұйқылы-ояу Қайрекең, қабырғаны жағалап келе жатып сыртқы есіктен бірақ шығыпты. Табалдырықтан аттап, көзін ашса дәретхана емес, подъездің «ашық алаңы» дейді. Есін жиып, артына бұрыла бергенде әлгі есік желден «сарт» етіп жабылып қалыпты. Ағылшын «құлпы» салынған есік іштен болмаса, сырттан ашыла қоя ма?! Әрі-бері қозғаса «саған сол керек!» дегендей міз қақпайды. Айтқандай, ол кісінің жаман бір әдеті күніге анадан туған сәбидей төсекте «тыр жалаңаш» жататын көрінеді.
Содан не істерін білмей, қоңырау түймесін қайта-қайта басады ғой! Ең түкпір бөлмеде жатқан, әрі қонақтан шаршап келген жеңгеміз де қоңырау үнін естімейді. «Ұйқы – жау» – деген осы. Оның үстіне, жұбайының ұйқысы да қатты болса керек, ешқандай жауап жоқ. «Қысылғаннан қыз болдым» – дегендей есікті қолымен түйгіштеп ұра бастайды… Жеңгеміз оны да естімейді. Осы кезде әлгі «дүрсілден» көршілері оянып «бұл кім, түн жартысында?..» деп, есік көзінен сығаласа «тыр жалаңаш» тұрған көршісін көреді. Олар аң-таң болып тұрғанда таң атуға таяп қалған еді.
Сағат алтыда жоғары қабаттағы тұрғындардың алды, әйелі бар, еркегі бар жұмысқа жиналып, төмен түсе бастайды. Олар тыр жалаңаш ағамызды көргенде, амал жоқ қасынан айналып өтетін көрінеді. Қайрекең болса қатты сасып, екі қолымен ұятты жерін жауып, не істерін білмей қысылады ғой. Тұрғындар болса ұялғанынан қолымен бетін басып өтіп жатыр дейді. Бір кезде… түпкі бөлмеде жатқан жұбайы қоңырау үнінен ояныпты! Қараса, қасында жолдасы жоқ. Абдырап қалған жеңгеміз атып тұрады да, жүгіріп келіп есікті ашады.
– Қайдар-ау! Қайдан келдің? Айтсайшы, қайдан келдің? Түннің бір уағында, қайдан келдің?… – деп қайта-қайта сұрайтын көрінеді.
– Әй, маубасым-ау! Қайдан келдің? Қайдан келдің?.. – деп сұрай бергенше.
– Қалай болды, демейсін бе?! – деп ұрсып жатыр дейді Қайдар ағамыз.
Үш сағат салқын подъезде тұрып, мастығы әбден тарқаған, ұйқысы шайдай ашылған отағасы осы оқиғадан соң, төсекте «іш киіммен» жататын болыпты.
Шіркін, мына өмірде неше түрлі жағдайлар бола береді-ау!
Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.