Күміс күлкі
Көзім соқыр болғанымен…
«Алтын дән-81» – деп аталатын кезекті бағдарламамыз Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданының дихандарына арналды. Сол жылы егін орағы бітік шықты. Хабарға аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Рахатай Мәуиеновті шақырған едім. Ол жалғыз келмей, үздік комбайыншы Сергей Генрихты ерте келіпті.
– Хабар қазақ тілінде ғой, қалай болар екен?.. – деп Рахаңа қарадым.
– Әлеке, саспа, Сергей ана тілімізде әдемі сөйлей біледі. Бұл баяғы Сапиолла Аңсаров деген әріптесіңізді «ыңғайсызға» қалдырған Виктор Генрихтің баласы ғой, – деді бұдан бес жыл бұрын болған оқиғаны еске алып.
Иә, ол кезде Сапиолла ағамыз Қарағанды облыстық телерадио комитетінде редактор болып істеп жүрген. Бір күні аталмыш ауданның Красный Октябрь совхозына келіп, астықты өңірден арнайы телерепортаж дайындаған көрінеді.
Егістік алқапта қаздай тізілген комбайндар, ел ризығын еселей түскен дихандар, бірінен кейін біріне астық тиелген машиналар, бір сәт толастамаған тіршілік тынысы түгелдей кинотаспаға түсірілген соң, редактор сол жерде бригадир мен механизаторлардың басын қосыпты. Бір кезде Сапиолла Аңсаров осы көріністі түсіріп жатқан кинооператор Кеңес Үкішевке жақындап, құлағына сыбырлаған ғой.
– Мына менің қасымда тұрған бөлімше басқарушысының бір көзі «соқыр» екен, оны киноға түсірмей-ақ қойшы! – депті қазақшалап. Ұлты бөлек, сары орыс «мына кісі не айтып жатыр?» дегендей Сәкеңе бір қарапты да, қасынан алыс кетпей сол жерде тапжылмай тұра беріпті. Егістік басындағы кинотүсірілім біткен соң совхоз партия ұйымының хатшысы Рахатай Мәуиенов телевидениенің жігіттеріне келіп:
– Ал, азаматтар! Жұмыстарың аяқталған болса, енді өздеріңе арнап дайындалған түскі тамақтан дәм татыңдар! Виктор, кәне, жол баста! – деп манадан бері тосып тұрған автокөліктеріне қарай жүре бастапты.
Қонақтар ауылға келсе, төрт бөлмелі үйдің төрінде қазақи дастархан жайылып, ақ самаурын қайнап, үстел үсті неше түрлі ұлттық тағамдарға лық толған. Бір кезде қазақтың қазы-қартасы мен жал-жаясы салынған сырлы табақ ортаға қойылыпты. Содан соң, отағасына қарап:
– Мына отырған үйлеріңіз, совхозымыздың маңдай алды азаматы, Ленин орденді озатымыз, әрі ең үздік бөлімше басқарушысы – Виктор Генрихтің шаңырағы. Жасыратыны жоқ, өздеріңіз сияқты ауылымызға келген ең сыйлы қонақтар алдымен осы үйден дәм татады. Бүгін де осы үрдіс одан әрі жалғасып отыр. Сондықтан, сөз кезегін үй иесіне береміз, – депті партия ұйымының хатшысы.
– Құрметті қонақтар! Ауылымызға қош келдіңіздер! Өздеріңізге арнайы дайындалған Татьянаның ет тағамынан дәм алыңыздар. Қазақстанда тұрып, қазақтың тілін білмеу – ұят! «Ана сүті бой өсіреді, Ана тілі ой өсіреді» – деп халқымыз текке айтпаған. Менің көзім «соқыр» болғанымен көкірегім ояу, қонақтарға деген ықыласым түзу! – деп қазақша сайрай жөнеліпті.
– Ой, бауырым-ау! Сен мені кешір, түріңе қарап, қазақша білмейтін сары орыстың бірі екен десем, сен ұлтымыздың дәстүрі мен тілін жете меңгерген көкірегі ояу, көңілге түйгені мол азамат екенсің! – деп, Сапиолла ағамыз орнынан атып тұрып, құшағына қысыпты.
Отырғандар бұл көрініске алғашқыда аң-таң болған көрінеді. Әлгі дала төсіндегі әңгіменің мәнжайын айтқан кезде ғана, дастархан басына жиналғандар рахаттанып күлген екен.
Шындығында, ол кезде аузы қисық, аяғы ақсақ, көзі соқыр, басқадай дене бітімінде кемістігі бар адамдарды телевизиялық хабарларға шақырмайтын. Киноға да түсірмейтін. Амал жоқ, хабар үшін аса қажет болып жатса, оны бір қырынан, байқалмайтын тұсынан көрсететін еді. Ол үшін бағдарламаға тікелей жауапты редактор мен кинооператордан және режиссерден басшылар қатаң талап ететін. Оны орындамау мүмкін емес. Шамасы, Сапиолла Аңсаров та осы қағиданы сақтай отырып, «сары орысқа» білдірмей сыбырлағаны ғой.
Ағамыз ас-суын ішіп болған соң, әлгі ағаттығы үшін қазақ тіліне қамшы салдырмайтын Викторды егістік басына қайта апарып, киноға «бір қырынан» түсіріпті.
Шіркін, журналистер өмірінде не болмайды дейсің?!
Өзімнің ақшам өзіме бұйырды
Қызықты сәттер өмірде көп болады… Естігенде оны еріксіз күлесіз, кейде таңдай қағып, таңырқайсыз! Сондай сәттің бірі есіме түсіп отыр.
Масғұт Халиолла – есімі облысымызға жақсы таныс, Қазақстанның Құрметті журналисі. Қарымды қаламгер, алғашқы еңбек жолын «Орталық Қазақстан» газетінде бастап, бас редактордың орынбасарына дейін жемісті еңбек етті. Ұзақ жыл Қарағанды телевидениесінде бас редактор қызметін атқарды. Осы жерден зейнеткерлікке шықты. Қарамағында жұмыс істеп, ақмылтық журналистен көп нәрсені үйрендік. Мақаң өте білімді, сөзге шебер еді. Әңгіме айтқанда, майын тамызып, иін қандырып, әдемі әзілімен астарлап сөйлейтін.
Бірде ағамыз кезекті еңбек демалысын атақты Бурабайда өткізіпті. Барған күні шипажай асханасынан түскі тамағын ішіп, сыртқа беттесе, қарсы алдынан осында демалып жүрген қарағандылық жерлесі, облыстық баспасөз құпиясын сақтау мекемесінің бастығы Марғыша Түлкібаевты кездестіреді. Бір-бірін бұрыннан жақсы білетін, сыйлас, әрі қатарлас азаматтар сағынысып көріседі. Кешке таза ауада қыдырып жүріп, біраз әңгімелеседі.
– Мақа, сенің келгеніңді ресторанда атап өтпейміз бе? – депті Марғыша сөз арасында әзілдеп. Қайта-қайта қыңқылдап қоймаған соң, «көрейік» деп құтылыпты Масғұт. Келесі күні кешке Түлкібаевтың бөлмесіне барса, душ қабылдауға дайындалып жатыр екен.
– Жарайды, сен жуынып-шайынып шық, мен осы жерде тоса тұрайын, – деп, диванға жайғаса кетеді. Бір кезде орындықта ілулі тұрған костюмнің сырт қалтасындағы Марғышаның қызметтік куәлігіне көзі түсіпті. Ақырын ашып қараса, ортасында тұтас 25 сомдық ақша тұр дейді. Мақаң дереу қулыққа көшіп, ақшасын алады да, куәлігін білдірмей қайта орнына салып қояды. Кеңес Одағы кезінде әлгі ақша бір айлық еңбек жалақыңыздың төрттен біріне тең. Сәлден соң, Марғыша душтан шығады.
– Сен ұзақ түстің ғой! Тезірек киін. Ертең елге қайтқалы отырсың, ресторанға апарып, жақсылап тамақтандырайын! Қорықпа, ақшасын өзім төлеймін. Сенен аяғанды ит жесін! – деп көңілін бір көтеріпті.
– Мақа, мұныңыз нағыз жігіттік ғой! Өзім де солай жасайтын шығар деп ойлап едім. Менде ақша жоқ, бар болса сізден аямас едім! – депті Марғыша ағамыз киініп жатып.
Содан екі жерлес шипажайдағы ресторанға барады. Шеттеу орындыққа жайғасып болған соң даяшы қызға тапсырыс беріпті.
– Марғыша, тамақ пен арақтың тәуіріне тапсырыс бергін! Күнде кездесіп жатқанымыз жоқ. Бағасына қарама, бәрін өзім төлеймін. Есімізде жүрер естелік болсын! – деп тағам тізімі жазылған қағазды алдына тастапты.
Бір кезде неше түрлі дастархан мәзірі алдына келіп, сол кездегі ең қымбат Армян коньягінің бір бөтелкесі еншілеріне тиеді ғой. Бір-біріне тілектерін айтып, бірер сағаттан соң кетуге жиналады. Сол жерде Мақаң тамақ құнына 20 сом төлеп, баяғы 25 сомның 5 сомын Марғышаға беріпті.
– Мақа, несін айтасыз, тамаша отырыс болды! Қалған ақшаны өзіңіз алмай, жолға деп маған бергеніңізге рахмет! Мұндай қамқорлығыңызға дән ризамын! Менен қайтпаса, Құдайдан қайтсын! Қарағандыға келгенде өзіңді міндетті түрде ресторанға шақырамын, – депті Марғыша.
Мейрамханадан шыққаннан кейін әрқайсы бір-бірімен қимай қоштасып, өз бөлмелеріне кетеді. Мақаң шешініп, енді жата бастағанда, біреу есікті қағады. Ашып қараса, әлгі Марғыша ағамыз келіп тұр дейді.
– Сен мені оңдырмапсың! Өзім де ойлап едім, бұл неге сонша аяқ астынан «дархандық» танытып кетті! – деп. Сөйтсем өз ақшамды өзіме жаратыпсың! – деп әлгі қызыл куәлікті қайта-қайта ашатын көрінеді.
– Әй, Марғыша-ау! Сенің тығып қойған ақшаң менің де өтеуімді өтеді ғой! – депті Мақаң. Сол жерде екеуі де бір-біріне еркелеп, әдемі әзілге рахаттана күліпті. Шіркін, жарасымды қалжыңға не жетсін!
(Жалғасы бар)
Әли ТОЙЖІГІТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.