Көміртегі бейтараптығы жолында маңызды қадам
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, атом электр станциясын салу – өзекті тақырып. Бұл – маңызды, әрі дер кезінде жасалған қадам.
Біріншіден, энергетикалық тәуелсіздік және тұрақтылық тұрғысында қарастырған жөн. Қазақстанда уранның қомақты қоры бар. Ол атом электр станциясын салуды қисынды және экономикалық тұрғыдан орынды шешімге айналдырады.
Өз шикізатымызды пайдалану еліміздің импорттық ресурстарымызға тәуелділігін азайтуға және ұзақмерзімді перспективада энергетикалық сектордың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атом электр станциясы отын энергиясы шығындары үлкен көлемді электр энергиясын өндіруге қабілетті. Ол халық пен кәсіп үшін электр энергиясын тұрақты және болжамды бағада қамтамасыз етеді.
Екіншіден, атом электр станциясын салуды қолдайтын негізгі дәлелдердің бірі – дәстүрлі және газ электр станцияларымен салыстырғанда экологиялық таза.
Атом электр станциялары атмосфераға көмірқышқыл газын және басқа да зиянды заттарды іс жүзінде шығармайды. Бұл парниктік әсерді азайтуға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға ұмтылып отырғандықтан, атом электр станциясының құрылысы көміртегі бейтараптығы жолында маңызды қадам болмақ.
Үшіншіден, сенімділік пен қауіпсіздік. Атом энергиясының заманауи технологиялары электр станцияларын өндірудің ең қауіпсіз түрлерінің біріне айналдырады. Бүгінгі станциялар қауіпсіздіктің ең қатал стандарттарын, соның ішінде, көпдеңгейлі қорғаныс жүйесін және автоматтандырылған басқару жүйелерін ескере отырып, жобаланған. Сондай-ақ, Қазақстан атом электр станциялары бар басқа елдердің тәжірибесін пайдалана алады. Оның ішінде, Жапония, Франция, Оңтүстік Корея сияқты елдердің тәжірибесін пайдаланамыз. Бұл тәуекелдерді барынша азайтады және станцияның сенімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Төртінші, экономикалық даму және жұмыс орындарын құру. Атом электр станциясы – халық шаруашылығын дамытудың қуатты ынталандырушысы. Жоба станцияны салу және пайдалану кезінде мыңдаған жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құрылыс, металлургия, машина жасау, көлік сияқты салалардың дамуына ықпал етеді. Арзан және сенімді электр қуатын береді. Бұл – инвестиция тартудың және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытудың маңызды факторы.
Бесінші, ғылыми-техникалық прогресс және білім берудің дамуы. Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның ғылыми-техникалық базасын дамытуға қуатты серпін береді. Ауқымды жобаны жүзеге асыру атом энергетикасы саласында жоғары білікті мамандарды даярлауды талап етеді. Бұл ғылыми-зерттеу институттардың дамуына ықпал етеді.
Халықаралық ынтымақтастық пен әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мысалы, біздің Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың мамандары, студенттері, түлектері АЭС салынған шақта өздерінің қабілетін көрсетеді. Студенттер университетті аяқтаған соң АЭС құрылыс жұмыстарына белсенді қатыса алады.
АЭС салу – елімізде энергетикалық, экономкалық және экологиялық аспектілерде айтарлықтай пайда әкелетін стратегиялық маңызды жоба. Алдағы ұзақ жылдар бойы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін тұрақты қамтамасыз етудің негізгі элементіне айналады. Мен бұл жобаны толық қолдаймын. Бұл еліміздің өркендеуіне маңызды үлес қосатынына сенімдімін.
Абай ҚАЛЫҚОВ,
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің
тәрбие ісі жөніндегі проректоры.