Бас тақырыпБасты тақырып

Көмірі көп те «қалтырайды»

Бізде Кеңес дәуірінен қалған бір үрдіс әлі қыр соңымыздан қалмай келе жатыр. Ол – шахталарда межеленген мөлшер уақытынан бұрын орындалды деп жан-жаққа хабар таратып, сүйіншілеу. Көмірді жоспардан әлдеқайда артық өндіріп жатырмыз. Демек логикаға сай көмір құны арзан болса керек-ті…

 

Тамыз айында «1 миллион тонна көмір өндірген Костенко кеншілері «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Көмір департаменті бойынша былтыр орнатылған өндірістік рекордтан асып түсті. Өткен жылы «Шахтинская» шахтасы миллиондық межеге 28 маусымда жеткен болатын» деп даурықтық. Ал, 2019 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілері разрездің негізі қаланғаннан бері 170 миллион тонна көмір өндіріп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Айтулы межені «Центральный» разрезіндегі құрамында машинист Ахмадия Ахметов пен оның көмекшісі Николай Затонный бар «ЭКГ-5» экскаватор бригадасы алғашқы болып бағындырды. Кәсіпорын кеншілері бұл рекордты Еуразиялық Топтың (ERG) 25 жылдығына арнады» деп те жаздық. Екі іргелі кәсіпорын да Қарағанды облысында жер байлығын емуде. Ал, енді осы нәтижеге қарап отырып, басқа аймақтағылар «Қарағанды өңірінде қыста оңай, көмірі өздерінде, сырттан іздемейді, әрі бағасы арзан», деп қызыға қарайтын шығар. Алайда, барымызды бағалай алмай отырмыз. Аймақта көмір қымбат. Мысалы, Қарағанды қаласының өзінде Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 10 000 – 12 500 теңге болса, теміржолдың тоғыз торабындағы Жарық стансасының тұрғындары тоннасын 15 000 теңгеге алуға мәжбүр. Мына қызықты қараңыз, Жарық станциясы Қарағандыға қарағанда Шұбаркөлге жақын орналасқан елді-мекен.

– Жыл сайын қыста 9-10 тонна көмір жағамыз. Биыл Шұбаркөл көмірі тоннасына 15 000 теңгеден саудалануда. Есептей беріңіз, 150 000 теңге кетеді. Жеткізу бағасы және бар, – дейді кент тұрғыны Мейрам Асауұлы. Станцияларға вагондап келген көмір малмен күн көріп отырған, қысқы шөбін алып бір шашылған, ыдырап кетуге сәл қалған, шалғай ауыл тұрғындарына «арбалап» жеткенше тоннасына екі-үш мың қосылатыны тағы бар. Ал, Қарағандыдан да әрі жатқан Бұқар жырау ауданында осы сортты көмірдің тоннасын 10 000 – 12 000 теңгеден өткізуде. Парадокс! Ортада жүрген алыпсатар өз қалтасын ғана ойлап, қарапайым халықты теспей соруда. Осындайда, Қарағанды қаласындағы «Тепло в дом» компаниясындай делдалсыз қала және қала маңына көмір жеткізу ісінен үлгі алсақ болмас па?», деген ой туындайды. Олар өз өнімдерін қаптап та, тонналап та өз көліктерімен үйіңізге дейін апарып береді. Онлайн тапсырыс берсеңіз болды. Өйткені, бұл қызмет пандемия уақытында керек-ақ. Шұбаркөл көмірі АҚ-дан басқа компаниялар нарыққа шығарған көмір бағасын айта қоймайды, коммерциялық құпия-мыс. Көмірдің орнын басар газ келмей жағдай мәз болмайтыны ақиқат. Ал, Қарағанды өңірін газдандыру жұмысы тағы келесі жылға қалды. Биыл жазда жергілікті билік өкілдері желтоқсан айында алғашқы 3 мың үйді көгілдір отынға қосатынын айтып, уәде берген еді. Жобаның алғашқы кезеңі келесі жылдың соңында аяқталмақ. Әуелде тек Қарағанды қаласында 1500 үй газға қосылады. Бұл істі жылдамдату үшін кәсіпкерлер кешенді жоспарын билікке ұсынған. Бірақ, қолдау болмапты. Кәсіпкер Николай Абт:

– Егер бұл жобаны бізге бергенде өңірдегі бизнес өкілдері бірігіп, облысты газдандыру жұмысын екі-ақ жылда аяқтап бітер едік. Біз бұл ұсынысымызды айттық, бірақ, ешкім құлақ аспады. Енді қараңыз, екі жылда қанша жұмыс атқарылғанын. Егер жұмыс дәл осы қарқынмен жүре берсе, облысты табиғи отынмен толық қамтамасыз ету үшін әлі де бірнеше жыл керек, – дейді. Біздің айтпағымыз да – осы. Көмірдің үстінде отырып, қашанғы қалтыраймыз? Олай болса, ауылдық жерлерге газ келгенше өзіміз шығарған көмірді, өзіміз қымбатқа ала береріміз ақиқат.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button