Жаңалықтар

Сайлаубай Байсанов – көмір күлінен металл алған академик

…Ақтөбенің аядай ауылында Шалқарға шомылып өскен тұлымды ұл ай мен жұлдызға тамсанудан, таңданудан талмайтын. Ғарыштың ғаламаты, жеті қат көк, сан мың жұлдыз, құс жолы – көз тігер көкжиегі. Сол арманы ай нұрының шуағындай алға жетелеп, қиялына келешегі құлақ түргенде мына төңкерілген аспан әлемі алақанына қонғандай күй кешетін. Сол арман адастырмай, мұратына жеткізу үшін Мәскеуге алып-ұшқан. Астрофизика ғылымына ынтызары ауып, дауасын Мәскеудегі физика-техникалық институтынан іздеген жастүлектің уақыт-патша академик атанарын сол сәтте-ақ білді, сірә, білмеді! Бір анығы, сол сәтте-ақ туған ауылы, жері мен елі ақжол тілеп қалғаны анық. Тілеуді Құдай қабыл қылды. Белгілі, бірегей ғалым шықты. Ал, ол – академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көмір күлінен металл алған атақты Сайлаубай Байсанов еді…

Сайлаубай Омарұлының сол кездегі Премьер-Министр Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Мемлекеттік сыйлық алу сәті

Әлқисса немесе кеннің «күрсінісі»

Даңқты ғалым Сайлаубай Омарұлын металлургтердің мерекесінде кездестірдім. «Құрмет» орденін алып, сахнадан түсе бере, оны ел қаумалап, құттықтап жатты. Сол күні ол «Көмірден металл өндіретін зауыт салынып жатыр» деп айтып қалды. Мені бірден селт еткізген – осы. Көмірден металл алу? Бұл қазақ ғылымының жаңа парағы емес пе? Осы сұрақ көкейімнен кетпей жүргенде, көп ұзамай өмірдің өзі мені даңқты металлург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлттық академияның академигі Сайлаубай Байсановпен тоғыстырды. Болат балқытып, марганецтің мінезін таныған, көмірдің ішінен металдың үнін ести алған қазақ ғылымының сирек құбылысымен жүздесу бұйырды. «Қайнап тұрған домна пешіне түсіп, кокстың жауыздығынан бойындағы оттегіден айырылып, төмен қарай қалыпты бойлай, зар еңіреп, жылап аққан темірдің» қасиеті мен реакциясын түп-тұқиянына дейін зерттеп, әр реакцияның нәтижесін ғылымға соны жаңалық етіп қосқан академиктің физик-химик-металлург болуының өзі қазақ ғылымы үшін олжа.

1968 жылы мектепті «Алтын медальмен» бітірген Сайлаубай Омарұлы арман қуып Мәскеуге аттанады.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Оқушы кезімде Мәскеудегі физика-техникалық институтқа түсемін деп мақсат қойдым. Бала күнімнен астрофизика ғылымына құштар болдым. Бозбала шағымда аспандағы ай менен жұлдызға тамсанып, сол жөніндегі қолға тиген кітаптарды да құныға оқыдым. Екі жыл бойы әбден дайындалып белімді бекем будым. Ең қызығы, ол жерде одақтағы басқа оқу орындары секілді емтихан тамызда емес, шілде айында басталады. Құжаттарымды 7 шілде күні апарып тапсырдым. Оқуға түсу үшін 4 пәннен 19 ұпай жинау керек. Виктор деген серігім екеуміз 16 ұпай жинадық. Конкурстан өте алмаған соң күмілжіп, көңіліміз су сепкендей басылып, сәкіде отыр едік, бір мезгілде еңгезердей кісі келіп, «Ей, жігіттер, не істеп отырсыңдар?» деді. Біз болған жайды түсіндірдік. Сөйтсем, ол кісі Мәскеу болат және қорытпалар институтының (МИСИС) деканы екен. Менен «Біздің оқу орнына түсесің бе?» деп сұрады. Оның сөз арасында «Болат балқытамыз, рельс шығарамыз» деген әңгімесі ұнап қалды. Өйткені, мен теміржолшының баласымын ғой. «Барамын!» деп келісім бердім, – деп еске алды Сайлаубай Омарұлы.

Күтпеген ұсыныспен ол тағдырына өзгеріс әкелген шешім қабылдады. Одақтағы бірегей институтқа бірден оқуға қабылданады. Бұл – физика-химиялық металлургия саласына басталған ұзақ жолдың алғашқы баспалдағы еді.

– Теміржол рельсінің қалай жасалатынын 1970 жылы Азов Стальда (бұрынғы Жданов, қазіргі Мариуполь қаласы) алғаш көргенде таң қалдым. Зауытта ара-арасында «уффф» деген алапат дыбыс шығады. Сөйтсем, домна пешіне руда жүктей бастаған кездегі 10-15 шақырымдай жерге жететін дыбыс екен. Алып пеш ішіне руда салынып жатқанда осылайша ауыр күрсінеді екен, – дейді ол. Әрине қазіргі пештер бұндай дыбыс шығармайды, бүгінде бәрі жаңаша ғой.
Домнада шойын балқытылады. Әрі қарай шойыннан болат алынады. Болатты берік ету үшін ферроқорытпа қосады. Ферромарганец, ферроцилиций, алюминий қосқанда темір тазарады. Таза темір бастапқыда жұмсақ болады екен. Ал, темірдің зар еңіреп, жылайтынын Сайлаубай ағадан білдім. Темір де жылайды екен.

– Темір рудасы мен кокс домна пешіне түскен соң кокс оттегіні тартып алады. Темір жалаңаштанып, «жылай» бастайды. Балқып, төмен қарай ағады. «Зарлап» ағып бара жатқан темір, жолшыбай көміртегіні 4 пайызға дейін бойына сіңіріп (ерітіп) алады. Домнадан 4 пайыз көміртегі, 95 пайыз темір балқымасы шығады. Қалған 1 пайызы түрлі қоқыстар. Осылайша 1,6-1,8 тонна темір рудасынан 1 тонна шойын аламыз. Енді кіріп кеткен көміртегіден құтылу керек. Ол үшін шойынды конвертерге салып, үстінен труба (фурма) арқылы 18 атмосфералық ауамен үрлеп, көміртегіні «айдап» шығамыз. Көміртегінің пайызы 0,5 пайызға дейін азайған соң темір тағы «зар жылай» бастайды. Енді ол 0,05 пайыз оттегіні бойына сіңіріп алады.

Темір тазарды, бірақ, оттегі кіріп кетті. Мөлшері аз болса да, оттегі темірді шіріте бастайды. Темірді дат басатыны содан. Енді тазарған темірдегі оттегіден арылу үшін кремний, алюминий, марганец деген металдарды қоса бастаймыз. Бұлар оттегінің атомдарын темірден «тырқыратып» қуып шығады. Осылайша, темір тазарып, мөп-мөлдір болады. Кейін қажетті металл қоспаларды (ферроқорытпаларды) қосып, болат аламыз. Бүкіл қара металлургияның мәнісі осындай: тұтас алғанда ол негізінен үш бөлшектен тұрады: шойын, болат, ферроқорытпа өндірістері, – дейді ғалым.

Металлургияның нәзік те күрделі табиғаты оны біржола баурап алады.

Мәскеудегі алты жыл һәм Қазақстан

Алты жылдық тыңғылықты білім, терең ізденістен кейін жас ғалымды 1974 жылы Украинаның бір алып зауытына жібермек болады. Мәскеудегі Қара металлургия министрлігі кадр бөлімінің басшысы Казанжаян деген еңгезердей армян жігіт: «Оқуыңды озат бітіріпсің, құрисың ғой Украинада. Сендей білікті жастар Отаныңа да керек. Еліңе қайт» депті кесіп-пішіп.

Сол бетінде Сайлаубай Омарұлы қолында дипломы мен «Госплан Казахский ССР» деген жазу бар жолдамамен Алматыны бетке алады. Ғылым академиясының кадр бөлімінің басшысы Виктор Исаковқа жолығады.

Құдай жолын оңғарған жас маман Виктор Николаевичтің нұсқауымен, ХМИ директоры Жантөре Әбішевтің шақыртуымен кеншілер астанасы Қарағандыға топ ете қалады. Үйленген, бір баласы бар. Қарағанды үймен, жұмыспен қамтамасыз еткен.

Ферроқорытпа зертханасына келгеннен кейін Сайлаубай Омарұлы бірден жұмысқа кіріседі. 1974-1984 жылдар аралығында зертхана меңгерушісі Төкен Ғабдуллиннің және академик Евней Бөкетовтің жетекшілігімен Қазақстандағы марганец рудаларын жан-жақты зерттейді.

ХМИ ұжымы өзінің нәжижелі зерттеулері негізінде 1985 жылдан Қазақстан рудаларын өзімізде балқыту туралы Үкіметке ұсыныс жасай бастады. Ақсу ферроқорытпа зауытының бір цехын марганецке бейімдеу жобасын біздің институт Харьковтегі Гипросталь мекемесімен бірлесе отырып, толығымен әзірлеген. Бірақ, КСРО-да марганец өндірісі Украинаға бағынышты болғандықтан, жоба ұзақ жылдар бойы өткізілмей қалады.

– Украина біздің руданы шикізат ретінде алып, өздерінің фосфорлы марганецін тазарту үшін қолданатын. Сондықтан, бізге жол бермеді, – дейді Сайлаубай аға.

1980 жылдардың ішінде ХМИ-де марганецке қатысты барлық ғылыми база қалыптасып, қай кен қай жерде орналасқанын, оны қалай өңдеп, қандай тәсілмен металл алуға болатынын институттың 20-ға жуық ғалымы толық зерттеп, жүйелеп қойған еді. Бұл тартыс 15 жылға созылады. Тек, 1996 жылы Ақсудағы алғашқы цех алты пешімен марганецке ауыстырылып, Қазақстан ТМД кеңістігінде жетекші марганец өндірушілердің біріне айналады. Бұл кезде Сайлаубай Омарұлы – ғылым кандидаты, зертхана жетекшісі еді.

Жүз жылдық арман

Ал, 1980 жылы Сайлаубай Омарұлы ғылымдағы ең күрделі жобалардың біріне кіріседі. Бұл – көмірден бөлінетін күлден металл алу идеясы. Бұл тың бағытты оған академик Евней Арыстанұлы ұсыныпты. 12 жылдық зерттеу барысында (1980-1992) Сайлаубай аға және оның командасы күлді металлға айналдырудың нақты химиялық механизмін табады. Ол үшін құрамында күлі көп көмірді іздейді.

– Жер астында бойында бізге керек қасиеттерге бай, пешке салып, металл ала беретін көмір барын сездік. Сөйтсек, айналамызда сондай көмір толып жатыр екен. Ол – Борлының көмірі. Қарағандының көмірінде 17-25 пайыз табиғи күл болса, Борлынікінде 35-57 пайызға дейін күл бар. Екібастұзда да бар екен. Жалпы, кез келген көмірдің бір тоннасында 100 келідей алюминий, 160-170 келі кремний, 30 келідей темір бар. Сонда 3 тонна көмірден 1 тонна металл аласыз, – дейді ғалым.

Ал, осы көмірді балқыту пешіне салған кезде жүретін 18-дей химиялық реакциялардың ішінде тек екеуі ғана металл беретінін анықтап, қалған 16 реакцияны «ноқталап» тоқтату тәсілін ойлап табады. Екібастұздың, Борлының көмірінен таза алюминий, кремний және темір алуға мүмкіндік туады. 1992 жылы Ресейдің Каменск-Уральск қаласында 15 мың тонна көмір балқытылып, 3 мың тонна металл алынған. Сол тәжірибе отандық өнеркәсіпте жаңа мүмкіндік туғызды.

Осылайша, 1993-2001 жылдар аралығында Екібастұздың қалталы азаматы Болат Әмірғалиневтің қолдауымен бірнеше пеш салынып, 25 мың тонна ферросиликоалюминий өндірілген.

– Металлургтердің 100 жылдық арманы – алюминийді көмірден алу еді. Біз соны жүзеге асырдық, – дейді Сайлаубай Омарұлы. Осыған дейін осы бағытта қаншама ғалым зерттеу жүргізіп, көмірден металл алудың тұрақты және тиімді технологиясын таба алмаған. Ал, бұл сұңғыла ғалым Сайлаубай Омарұлының тағдырына жазылған миссия болатын.

1982 жылы Сайлаубай Омарұлы марганец тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Ғылыми жұмысының тақырыбы – «Марганецті ферроқорытпалар өндіру үшін қож құрамын таңдаудың физика-химиялық негіздемесі».

Ал, 2002 жылы ол көмірден металл алу тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Бұл – оның ғылыми өміріндегі ең ауыр, әрі ең нәтижелі кезеңнің бірі.

Елу жылдық адалдық

Сайлаубай Омарұлы елу жылдан бері Химия-металлургия институтында еңбек етіп келеді. Инженерліктен бастап, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары және 2017 жылдан бері институт директоры қызметінде. Металлургиялық балқымалар зертханасын басқарған жылдары ол әр элементтің «мінезін» зерттеуге ден қойды. Айта кетерлігі, ХМИ – өзін-өзі қаржыландыратын мекеме. Мемлекеттен тікелей қаржы аса көп бөлінбейді. Бұл жағдай институт басшылығынан және зертхана меңгерушілерінен ерекше ұйымдастырушылықты талап ететінін айрықша атап өткен жөн.

Сайлаубай Омарұлы 2001 жылы өзі жетекшілік еткен тобымен бірге техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл – институт тарихындағы, кеншілер өлкесінің тарихындағы елеулі оқиға. Сонымен қатар, Сайлаубай Омарұлы мен оның командасы осы бағытта Мемлекеттік сыйлық алған тұңғыш ­ғалымдар еді…

Өнегелі ғылым жолындағы шәкірттерінің алды – ірі зауыттардың басшылары. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдуллабеков, Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Жамансарыұлы – осы мектептің түлектері.

Батыс Қазақстан аумағында ұзақ жылдар металлург, кенші, инженер дайындайтын жоғары оқу орны жоқтықтан, зауыттар мамансыз қалған еді. 1996 жылы Сайлаубай Омарұлы Ақтөбе педагогикалық институтында тұңғыш рет металлургия кафедрасын ашуға мұрындық болды. Ғалым досы Жұбатхан Избенбетовпен бірге кадр тапшылығын шешу жолдарын тапқан.

Онда I-II курстың пәндерін жергілікті оқытушылар жүргізсе, III курстан бастап, Сайлаубай аға өз лабораториясындағы білікті кадрларын Ақтөбеге жібереді. Институт ректоры Кенжеғали Кенжебайұлы келген мамандардың барлығын баспанамен қамтып, кафедраның беделін арттырыпты. Кафедра-ректор-өндіріс компаниясы арасында үшжақты келісім жасалып, жыл сайын бөлінетін гранттардың басым бөлігі осы мамандыққа бұйырды. Сөйтіп, кафедрада оқитындардың саны 780-ге дейін жетті.

– Қазір Ақтөбе мен Ақсудың ферроқорытпа зауыттары – өзіміз дайындаған мамандарға толы. Директорлары да – біздің түлектер, – дейді Сайлаубай Омарұлы.

Ұстаздың мектебі және ғалымның өзі

Евней Арыстанұлына аспирант болып қабылданған күн – Сайлаубай Байсанов үшін жаңа өмірдің басы еді. «Қай саланы таңдайсың? Қандай проблеманы шешкің келеді?» деген ұстазының сұрағына ол: «Марганец» деп батыл жауап берген. Бөкетов сол сәттен бастап, оның бойындағы бар қабілетті «оятатын» қатал мектепті бастады.

Екі ай бойы ұйқысыз түндер, үйілген кітаптар, ақтарылған теориялар. Күнде Евекеңнің алдына барып, алдағы жұмыс туралы ойыңды тиянақтап айтуың керек. Ол үшін түсіну аз, санаға сіңіру керек. Сол екі ай Сайлаубай ағаның болашағын өзгертті. Ғылымға тек қабілетпен емес, еңбекпен, төзіммен кіресің деген қағиданы ол сол кезде түйсінді.

Осы мектепке шыңдалған кандидаттық диссертациясының сәтті болғаны соншалық, кейін екі ғалым оның теориясы мен технологиясын бөліп алып, докторлық жұмысқа айналдырған. Бұл – шәкірт пен ұстаздың еңбегіне, ұстаздың көрегендігі мен бағыт-бағдарына берілген баға еді.

Бұл әулеттен ғылымға да, теміржолға да, елге қызмет еткен талай адам шыққан. Өзінің ұлы Әлібек – ХМИ-дың зертхана меңгерушісі, ғылым кандидаты, профессор, Минералды ресурстары академиясының академигі, қызы Кәмшат – ҚарҰЗУ-дың оқытушысы.

Түйін

Сайлаубай Байсанов – болатты балқытып, марганецтің мінезін таныған, көмірдің ішінен металдың үнін ести алған қазақ ғылымының сирек құбылысы. Оның өмірлік қағидасы біреу: «Ғалымның ең үлкен еңбегі – өзі жасаған жаңалық емес, өзінен кейін қалған шәкірт». Қазақ металлургиясының іргелі мектебі мен үлкен жүрегі – дәл осы Сайлаубай Байсанов.

Ендеше, мерейлі 75 жасқа толған аңыз тұлға Сайлаубай Омарұлына мықты денсаулық, мол шығармашылық табыс тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button