Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай моноқала мәртебесінде қалып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында «Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда», – деп кесіп айтты. Көріп отырғанымыздай, жылма-жыл экономикалық көзқарас жоғарыламаса, кемімеді. «Неге?» дейсіз ғой. «Негесі» сол, экономика «күріштің арқасында күрмек су ішкенін» көтермейді. Пікір үстеп, тақырып аясына тереңірек сүңгіп көрелік…

Президент парасаты
Күні кешегі кеңес үкіметі уағында көмірлі Қарағанды атанған орталық облыс келер шақтарда экономика екпінін көмір саласынан өзге де арналарға бұрып келеді. Әлбетте, «кеме келсе, қайықты судан шығаруды» әл-әзір ұмыта қоймағанымызбен, ертелі кеш өңір «ағзасындағы» ең «қарулы» деген маңдарға дүрбімен көз салып, талғам таразысына тартып көру әркез пайдалы. Мұндай саналы көзқарас «дауыл күнгі дарияның күшіндей бір» екпін дарытары тағы аян. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдаулары мен маңызды мәлімдемелерінде бүгінде Қазақстанда макроэкономикалық жағдай тұрақты екенін, экономикалық даму деңгейі оң динамика көрсетіп келе жатқанын ұдайы баса белгілеп келеді. Алайда, Президент Қазақстан экономикасын дамыту, өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жеткізу, оған қоса, ел экономикасын әртараптандыру, халық табысын арттыру мәселелері қашан да өзекті болып қала беретінін де қоса мәлімдеді. Демек, манағы біз айтқан «күрішті күрмектен айыра білгенде» ғана ұшпақтың ұшын көре аларымыз да бір ақиқат.
Бүгінде күллі жаһан елдері ішкі экономикасын әртараптандыруға тырысып жатыр. Себебі, бір ғана салаға немесе шикізатқа иек артқан қай-қай елдің де келешегі туралы сөз қозғау қиын-ақ. Бұл тұста ел экономикасын әртараптандыру үшін өнеркәсіпке, соның ішінде, агроөнеркәсіпке, индустрияға, салаларды цифрландыруға ден қойылды. Өз кезегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін экономиканы әртараптандыру ісінде шағын және орта бизнестің де өзіндік рөлі барын атады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да халықаралық аренада геосаяси жағдай ақсап тұрған шақта еліміздегі ішкі экономиканы дамыту бойынша бірқатар міндеттерді меңзеп, көрсетті. Ел басшысының былтырғы Жолдауына жүктелген тапсырмалар легі мен нәтижесіндегі $150 млрд тікелей инвестицияны ой елегінен өткізіп көрелік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгерту мәселесіне баса назар аударуын, еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктер қарастыруын тапсырған болатын. Мүмкін, соның шарапаты болар. Президент инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолындағы үздіксіз жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, Үкіметке экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемінің азаюына жол бермеуді және тапсырды. Мүмкін, соның да игілігі шығар. Айтқандайын, өткен жыл қорытындысына сәйкес, жалпы ішкі өнім көлемі бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізіліп, 5%-ды құрады. Биылдың да бірінші жартыжылдығында еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
Президент Үкімет алдына 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есеге арттыру мақсатын қойды. Бұл бағыттағы жұмыс, оның ішінде инвестицияларды ынталандыру, өнімділікті арттыру және экономиканың шикізаттық емес салаларын кеңейту есебінен жалғасуда. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі соңғы жылдары 6,3%-ды құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құраса, қызметтер өндірісі 5,2%-ға артты. Негізгі драйверлер көрсеткіштері келесідей: көлік +22,5%, құрылыс + 18,5%, сауда +8,6%, тау-кен өнеркәсібі +8,5%, өңдеу секторы +6,1%. Қош делік, түптің түбінде өңір ел қамбасына қандай салым қосады? Бізді толғандыратын мәселе де – осы.

Теңгерімді даму тетіктері
Өңір өмірін жақсарту демекші, әрине, әр аймақ алабын албарына дейін орнықты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасы бекітілген-тін. Тұжырымдама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және макроөңірлер мен дамудың басты бағыттары негізінде өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Дәл осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізудегі теңсіздіктерді азайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Дамуы кенже қалған өңірлерге өңірлік стандарттар жүйесі негізінде республикалық бюджет есебінен қаржыландыруда басымдық беріледі. Тұжырымдаманы жүзеге асыру тиісті іс-шаралар жоспары, кешенді жоспарлар, ұлттық жобалар, жол карталары және басқа да салалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Ең соңында өңірлік стандарттарға сәйкес, әлеуметтік игіліктер мен қызметтерді қамтамасыз ету деңгейі артады деп күтіледі.
Елімізге инвестиция тарту – Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі. 2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 9,9 трлн теңгені құрады. Көріп тұрғаныңыздай, саналы көзқарас пен байыпты бағдарлама шарапаты өз дегенін істетіп үлгерді. Кейінгі 7 айдағы инвестициялардың негізгі үлесі тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік және қоймалау, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сияқты салаларға тиесілі.
Өңірде инвестициялардың өсу қарқыны бойынша білім беру, қаржы және сақтандыру қызметі, мемлекеттік басқару және қорғаныс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластанумен күресу қызметі, өнер, ойын-сауық, демалыс, жылжымайтын мүлік операциялары салалары оң динамика көрсетті. Мүмкіндігін қалт жібермеген Қарағанды экономикалық ханталапайда көбірек әрі астамырақ ұпай жиып алды. Бастысы, кәсіпкер атаулысы «есігін тас бекітіп» тастап, «әліптің артын бағып» отыру деген әдістің ескіргенін мықтап ұғынса керек.
Сананы өзгерткен Саран
Қазыналы Қарағанды экономикалық тұрғыда көмірімен де ертеңгі күнге деген жігер сенімімен де қарышты қадам баспақ. Бұрынырақ Қарағанды десе, террикон таулары мен көмір кесегін елестетіп үйренген жан бұдан соң бизнес әріптестігі нығайған һәм әртараптанған голограмма мен кестені кесе көлденең келтірмек ой таразысына. Сондай игі сана байламы қалыптасуға тиіс тегінде. Дәйектеп көрсек, алдымен тіл ұшына серпілген Саранның моноқалалар қатарынан шыққаны келер. Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай моноқала мәртебесінде қалып отыр. Экономиканы әртараптандыру жұмыстарының арқасында Саран осы санаттан шығарылды. Қалған моноқалалар облыстың барлық өңдеу өнеркәсібінің 57% және жалпы көлемнің шамамен 22% инвестициялауды қамтамасыз етеді. 2022 жылдан бастап, Моноқалаларды дамыту бойынша жол картасы іске асырылып жатқанын атап өтті. Инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы 56 жоба жүзеге асырылды. Балқашта су құбыры және жылу желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Теміртауда жылу желілері жаңғыртылуда, Шахтинск қаласында су құбыры желілері ауыстырылуда.
Басты міндеттердің бірі – экономиканы әртараптандыру, қала құраушы компаниялардың айналасында шағын және орта бизнесті оқшаулау, жаңа инвесторларды тарту қарастырылған. Моноқалаларда бос үй-жайларды пайдалана отырып, шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жоспарлануда. Өз кезегінде жергілікті билік жетіспейтін инфрақұрылымды өткізеді. Теміртау дегенімізде, қала құраушы компанияның айналасында 200-ден астам шағын және орта кәсіпорындардың белдеуі құрылды. Арнайы кокс және тау-кен саласына арналған өнімдер өндіру. Инвесторларды ақпараттандыру үшін қалада арнайы гид әзірленді.
– Моноқалаларды кешенді және сараланған түрде дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартумен қатар, инвестициялар тарту үшін жағдай жасау қажет. Өсу нүктелерін іздеңіздер. Жаңа өндірістердің ашылуына ықпал ету қажет. Бұл ретте импортты алмастыратын өндірістерді қолдауды талап ететін, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды назардан тыс қалдырмау керек. Осы тұрғыда белсенді жұмыс істеу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысында өткен жылы инвестиция көлемі 854 млрд теңгеден асты. Меже кемінде 1,5%-ға ұлғайтылды. Биыл өңірде экономиканы 2,5%-дық өсімі жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 39%-ға өсті. 422,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Басты талап
Көлік саласы да қарқынды дамып, ішкі сауда көлемінің өсуі халықтың сенімін нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім бар. Қара және түсті металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы сынды салаларда игіліктің артуы, әрине, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартып, әрбір отбасына әсер етеді. Инвестициялар көлемі 910 миллиард теңгеге жетіп, 1,5% өсіммен елдің экономикасына жаңа тыныс бермек. Елдің дамуы үшін тағы да он инвестициялық жобаның жүзеге асуы қажет. Құрылыс саласында да ілгерілеушілік бар. Алайда, ең бастысы, тұрғын үй құрылысының қарқынын сақтау. Қала аумағында жаңа құрылыстар бой көтеруде, бірақ бұл жаңа тұрғын үйлердің жылумен қамтамасыз етілуі өте маңызды. Бұл үшін үшінші жылу құбырының құрылысы облыс орталығында басталып, келесі жылы іске қосылады. Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, нысан биыл толық аяқталып, халыққа қызмет етуге дайын болады.
Мақсатты жолда әрбір адамның еңбегі маңызды. Жаңарған Қарағанды – жаңа мүмкіндіктер мен үміттің ордасы. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша іс-қимыл жоспарын ұсынды. Әрбір ауданда, моноқалада өсу нүктелерін құру қажеттігін қаперге салды аймақ басшысы. Әлеуетті шетелдік инвесторлар үшін жобалар пулын қалыптастыру өмірлік маңызға ие. Облыс әкімі шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұған кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары, қалалар мен аудандардың әкімдері «Сарыарқа» ӘКК және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қатысады. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша тапсырмалар берілді. Ол үшін өңірде «Мен кәсіпкер» атты жаңа жоба жүзеге асырылуда.
Сарапшы сарабы
Тәуелсіз экономист Әлихан Жамалұлы «егер біз осы өңірдің болашағы мен дамуын ойласақ, тек тау-кен өндірісі мен металлургияға сүйеніп қалмай, экономикамыздың өзге салаларын да дамыта алуға тиіспіз» деп ой тұжырады. Аймақ экономикасы ғасырлар бойы көмір, темір және басқа да қазба байлықтарға тәуелді де тәуменді болды. Дегенмен, әлемдік нарықтардағы өзгерістер мен технологиялардың дамуы жаңа талаптарды қойып отыр. Бұл өңір үшін өзекті мәселеге айналғаны рас. Әсіресе, соңғы онжылдықта жаңа бағыттарды іздеу қажеттілігі туындады. Әртараптандыру процесі тек экономикалық ғана емес, әлеуметтік және мәдени өзгерістерді де талап етеді дейді Әлихан Жамалұлы.
– Соңғы бес жылда облыс әкімдігі жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін бірнеше қайтара әртараптандыру стратегияларын ұсынды. Әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы саласы толығымен игерілмеген. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қажетті ресурстар мен технологиялар жеткілікті. Бірақ, әлі де өзекті мәселе болып отырғаны – ауыл шаруашылығында еңбек күші мен жаңғырту процесінің тежелуі. Бұл бағытта облыс әкімдігі неғұрлым жасанды инкубаторлар мен заманауи агротехникалық орталықтарды ашу жөніндегі ұсыныстарды белсенді түрде қолдайды. Бұл үшін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, түрлі жеңілдік несиелері мен гранттар ұсынылды. Бүгінде өңірде машина жасау, жоғары технологиялық өндірістер, сондай-ақ, химия өнеркәсібі мен фармацевтика салаларында алғашқы нәтижелер байқалады, – деп атап өтті спикер.
Сарапшы сөзінше облыс үшін ағымдағы әртараптандыру стратегиясы 2027 жылға дейін жоспарланған. Болжам бойынша, өңірдің жалпы ішкі өніміндегі тау-кен және металлургияның, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының үлесі артады. Дегенмен, әртараптандыру процесі жай ғана экономикалық көрсеткіштермен емес, сонымен қатар, жұмыссыздықты төмендетіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Тағы бір үлкен бағыты – білім беру мен ғылымды дамыту. Адам капиталының жаңғыртылуы, заманауи білім жүйесі мен кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың даярлануы, аймақтағы инновациялық сектордың өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі. Бұл үдеріс ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өндірістері мен жаңа технологияларға негізделген салада маңызды рөл атқарады. Әлихан Жамалұлының айтуынша, бұл жолда сәттілікке жету үшін мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастық пен қадамдардың үйлесімділігі маңызды рөл атқаратын болады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»