Кәмелетке толмағандар қылмысы артып келеді
Болашағымыздың тұтқасын ұстайтын жас ұрпақтың жаза басуы – қоғам үшін қасірет. Биылдың 11 айының қорытындысы бойынша аймақта кәмелетке толмағандар жасаған 94 қылмыстық дерек тіркелді. Бұл бір қарағанда айтарлықтай көрсеткіш емес сияқты. Жыл сайын жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың азаймай, керісінше өрши түсуі – қоғамдағы тәрбиелік олқылықтардың белгісі екенін аңғартады.

«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» дегендей, құқық бұзушылыққа баратын жеткіншектердің арасында тұрмысы төмен де, жағдайы жақсы отбасынан шыққан балалар да бар. Түптеп келгенде, қылмыстың себебі тек тұрмыс деңгейінде емес, тәрбиенің сапасы мен ортаның ықпалында.
Облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Әсел Омарова жағдайдың күрделенуіне ең әуелі ата-аналық бақылаудың төмендігі себеп болып отырғанын айтады.
– Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – баланың қараусыз қалуы. Көп жағдайда ата-ана баласының немен айналысатынын, кіммен араласатынын, қандай ортада жүргенін бақыламайды. Үйдегі түсіністік пен қолдаудың болмауы жеткіншекті сыртқы ықпалға әлсіз әрі әлжуаз етеді. Сондықтан, қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысты күшейту, ата-ананың тәрбиеге деген жауапкершілігін арттыру бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі, – дейді аға инспектор.
Әсел Бақытжанқызының айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың өзінде өңірде өсім байқалады.
Мысалы, Теміртауда көрсеткіш 31-ден 35-ке дейін (13%), Балқашта 9-дан 13-ке дейін (44,4%), Абай ауданында 8-ден 12-ге дейін (50%) өскен, ал, Ақтоғай ауданында бұл сан 1-ден 4-ке дейін үш есеге артқан. Осы көрсеткіштің өзінен-ақ түйткілдің түйіні тек қала көлемінде емес, аймақтың өзге де өңірлерінде тарқатылмағанын аңғарамыз.
Жеткіншектің қылмысқа баруына әсер ететін тағы бір үлкен фактор – оның ортасы. Бозбала шақ – иіліп тұрған шыбық секілді сезімтал кезең. Қай жақтан жел соқса, солай иіледі. Егер бала дұрыс ортамен араласпаса, теріс бағыттағы шырмауыққа іліну қаупі жоғары.
Жасөспірімдер қылмысына тосқауыл қою – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. «Қылмыстың алдын алу үшін не істеу керек?» деген сауалдың төңірегінде Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің психолог маманы Жанар Ерқанатқызымен пікір алмастық. Маманның айтуынша, мәселені шешу үшін үш бағыт қатар жұмыс істеуі тиіс.
Біріншіден, отбасындағы тәрбие жүйесін күшейту қажет. Ата-ана баласына сылдыр сөзбен ғана емес, нақты әрекетпен үлгі бола білуі тиіс. Үйдегі қарым-қатынас, сенім мен қолдау – баланың мінез-құлқы мен шешім қабылдауына тікелей әсер етеді. Тәрбиенің алғашқы қадамы – ата-ананың баласының ішкі дүниесіне үңілуі.
Екіншіден, мектептің психологиялық қызметін жандандыру маңызды. Әсіресе, ерекше топтағы балаларға жеке бағдарлама әзірлеп, олардың жан дүниесін түсіну, эмоционалдық қолдау көрсету, әлеуметтендіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу тиіс. Мектеп – жасөспірім үшін қауіпсіз орта болуы керек.
Үшіншіден, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – қылмыстың алдын алудың ең нәтижелі тетіктерінің бірі. Спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер, өнер мектебі, волонтерлік ұйымдары – жасөспірімнің энергиясын дұрыс бағытқа бұрып, өз қабілетін ашуына мүмкіндік береді. Бос уақыт дұрыс ұйымдастырылмаған бала – қауіп аймағындағы бала.
– Бүгінгі жасөспірімнің ең үлкен проблемаларының бірі – жалғыздық сезімі. Сондықтан да, балаға ақыл айтудан бұрын, онымен сөйлесе білуіміз керек. Балалар мен жастарға арналған түрлі психологиялық қолдау тренингтер өткізіп келеміз. Әсіресе, өзін-өзі тану, эмоцияны басқару, жанжалдан шығу жолдарын үйрететін сабақтар жақсы нәтиже көрсетуде. Жасөспіріммен өз тілінде сөйлеп, оның сезіміне құлақ асу – қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолының бірі, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, өңірде жастарға арналған бірқатар шаралар іске асырылған. Мектеп оқушылары арасында мотивациялық кездесулер, буллингтің алдын алу тренингтері, студенттік клубтармен бірлескен психологиялық марафондар, т.б. Оның барлығы жасөспірімнің қоғамнан өз орнын табуына, ішкі күйзелістерін жеңуіне, дұрыс бағыт қалыптастыруға көмектеседі.
Уақыт озған сайын тәрбие тәсілдері күрделеніп, бала психологиясы да күрт өзгергені жасырын емес. Бүгінгі өскелең ұрпақты өркениетке заман ағымына икемдеп қана қоймай, оның рухани өзегін, адами болмысын сақтауға күш салу керек.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



