Руханият

Көмейіне бұлбұл ұялаған

Қазақ әншілік өнерінің үлкен бір мектебі Шығыс Сарыарқа – Қарқаралы-Қу өңіріне шоғырланғаны белгілі. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Кемпірбай, Айтбай, Мәди, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков, Мұрат Толыбаев, Нұғыман Әбішев, Мағауия Көшкімбаев, Рахия Қойшыбаева, Мәжит Шалқаров тәрізді дүлдүлдерден бастап кейінгі Баймұқаш Қалабаев, Нұрғали Найманбаев, олардың өкшесін басқан Мейірхан Адамбеков, Мақпал Жүнісова, Гүлбаршын Тергеубекова, т.б. біртуар өнерпаздардың есімін тізе беруге біраз уақыт шығын болары даусыз. Бүгін осы топтың жуан ортасындағы тұлға, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші, жарық дүние есігін ашқанына биыл 120 жыл толған Нұғыман Әбішевке тоқталмақпыз.

Суреттер автордан

Әлеуметтік желідегі ашық дерек көздерінде берілген сараң мағлұматқа жүгінсек, білетініміз: «ӘБІШЕВ Нұғыман 1906 жылы 15 қаңтарда Қарқаралы уезінің Қу болысында дүниеге келіп,1988 жылы 4 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болыпты. Әнші, Қазақстанның халық артисі. Бала кезінен домбыра тартып, әнші бала атанады. 14 жасында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Әншілік өнерді Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов сынды аға әншілерден, замандасы Ж.Елебековтен үйренеді. 1934 жылы Бүкілқазақстандық слетке қатысып, көзге түседі. 1935 – 1960 жылдары Қазақ филармониясында, 1960 – 1970 жылдары «Қазақконцерт» өнер бірлестігінде әнші болды. Әбішев Сарыарқа сал-серілерінің әншілік дәстүрін кейінгі ұрпаққа ұлттық колоритін жоғалтпай жеткізген тамаша орындаушылар қатарына жатады. Ол қазақтың халық әндерін және Біржан сал, Ақан сері, Абай, т.б. композиторлардың шығармаларын насихаттауға зор үлес қосты. Оның репертуарында кеңес дәуіріндегі композиторлардың әндері де молынан қамтылған еді. Әбішев біршама мемлекеттік марапаттарға, соның ішінде «Құрмет белгісі» орденіне ие болды. Әбішевтің өмірі мен өнер жолы академик А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1969) кітабында жан-жақты баяндалған».

Бұрын-соңды жарық көрген басылым беттеріндегі жазбаларға, әншінің дауысын естіген, араласқан адамдардың әңгімелерінде Нұғыман Әбішев үлкен талант иесі болғаны айтылады. Бірақ, соңғы жылдары телеарналарда, радиода ол орындаған әндер берілмейді, қандай да бір еске алу іс-шаралары өткенін ести қоймадық. Соған қарағанда, Қазақ радиосының «Алтын қорында» Н.Әбішев шырқаған әндер сақталмаған ба деген күдік бар.

Жоғарыда көрсеткеніміздей, әнші Қарқаралыға қарасты Қу өңірінің перзенті. Солай болғандықтан Нұғыман атамызбен туыстық байланысы бар адамдарға хабарласып, қолдарында сақталған деректер, жәдігер сұрастырдық. Егіндібұлақта тұратын немере қарындасы Сандуғаш Әбішеваның үйінен әнші атаның отбасымен түскен суреті мен концерттік бағдарламасының афишасы табылды. Бұрынғы Егіндібұлақ ауданында 1960-1990 жылдары жауапты қызметтер атқарған азамат, қазір Астанада тұратын Сұлтан Мәтелинде әнші 1968 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алғанда жеке түскен суреті бар екен. Нұғыман атаның өмірі мен шығармашылығына қатысты біраз деректі осы кісі берді.

1924 жылы Шығыс Сарыарқада Қарқаралы сыртқы округі құрылғаннан кейін бұл аймақ халқы (негізінен қаракесектер) ру ішіндегі аталық тармақтар бойынша болыстарға бөлініп, әкімшілік бөліністің тұрғындарын құрағаны белгілі. ХІХ ғасырдың ортасында Көшім – Байбөрі болысын Есебай – Бәрмен есімді ағайынды адамдар басқарған екен. Әрине, тізгіні жат жұрттың қолында болған елде материалдық байлыққа ие және айналасына ықпалы жүретін жандар ғана билікке келеді. Әңгімемізге арқау болған Нұғыман Әбішев пен Егіндібұлақ өңіріндегі туыстары сол Есебайдың інісі Бәрменнің ұрпақтары көрінеді. Еуразияны қанға бөктірген төңкерістер нәтижесінде отаршыл Ресей патшалығының орнына келген қызыл империяның озбырлығы отаршылардан да асып түсті. Коммунистік-фашистік идеологиямен қаруланған қызыл империяның адамға, оның ішінде Ресей жаулап алған саны аз ұлттарға деген өшпенділігі санаға сыймайтын деңгейге жетті. Жалған ұрандар мен өтірік уәделердің арқасында билікке қол жеткізгеннен кейін коммунистер дербес ой-пікірі бар тұлғаларды ғана саяси қуғын-сүргінге салумен шектелмей, байлар мен әлді шаруалардың, олардың әулеттерінің мал-мүлкін тәркілеп, өздерін туған жерінен, елінен аластады. Бірнеше ұрпақ бойы мәйегі үзілмеген Есебай – Бәрменнің немере-шөберелері де осындай нәубетке ұшырайды.

– Әбіштен үш ұл – Мұхамеджан, Мәтелі, Нұғыман тарайды. Бабамыздың кішісі болғандықтан біз әнші атаны «Кенжеата» дейтінбіз. Жақсылар бір-бірімен құда болуға тырысады ғой. Едірейде болыс болған Айғожаның Жаныс деген баласы жездеміз. Бір апамызды Ақайдың Қасенінің Сейіт деген ұлы алған. 1928 жылы астық салығы басталған сәтте Ақайдың Қасенінің ақылымен Мәтелі өрен-жаранымен ішкі Ресейге ауа көшіп, Барнауылға барып табан тірейді. Аштық нәубеті өткен соң ғана Қазақстанға, Семей облысының Жарма ауданына келеді. Мен есімді білгелі сонда тұрдық, Егіндібұлаққа 1958 жылы көштік. Тәттімбеттің немересі, Мұсатайдың Шайқысы Аягөзді қоныс етіпті. Жерлестік және туыстық байланысы болғандықтан, ата-анамыз ол әулетпен ұдайы қарым-қатынас жасап тұрды.

Тақырыпқа оралсақ, Нұғыман атам жайдары, қонақжай, өте мейірімді адам еді. Дауысы – лирикалық тенор. Ол кісі лирикалық әндерді орындайтын. «Қанапия» деген әнді Әміреден үйреніпті. Жүсекеңнің өзі: – Ақанның «Майда қоңырын» Нұғыманнан артық айтатын әнші жоқ. Бұл – Нұғыманның әні, – деп отыратын. Кенжеатам Қазақ радиосының музыкалық редакциясын басқарған Мақсұтбек Майшекин, радиода басшылық қызмет еткен Хамит Хасеновпен, күйші Әбікен Хасеновпен, композитор Садық Кәрімбаевпен жақсы араласты. Алматыға оқуға, қыдырып барған Қудың адамдары Кенжеатамның үйіне түсетін. Шайқы ақсақал да сол шаңыраққа ат басын тірейтін. Қарияны сол үйде бірнеше рет көрдім, – дейді Сұлтан Мәтелин ағамыз.

1934 жылы өткен Бүкілқазақстандық өнер байқауында Сәкеннің «Тау ішінде» әнін орындаған Н.Әбішев қара үзіп бәйге алады. Байқаудың төрағасы Сәкен Сейфуллин қатты ұнатып, әнді екі рет  шырқатады. Сөз реті келгенде айту керек, олар жақсы достық, шығармашылық байланыста болған екен. Соның бір айғағы – тұңғыш ұлынан кейін туған қызына Нұғыман Сәкеннің жары Гүлбаһрамның есімін беріпті. Қазақ мәдениетінде дербес орны бар тау тұлғалармен қатар жүріп, ұлттық өнердің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Н.Әбішев қазақ халық аспаптар оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі) құрылған кезде осы ұжыммен алғаш рет ән шырқаған әртіс. Қазақ филармониясы ұйымдасқан сәттен бастап оның құрамына алынған Нұғыман гастрольдік сапармен қазақ елінің барлық өңірін аралады. Тіпті, Жамал Омарова, Фатима Балғаева, тағы басқа да өнер тарландарымен бірге Монғолия елінде болып, Ю.Цеденбалдың қолынан сый-сияпат иеленіпті.

Ерекше дарыны болғанына қарамастан, коммунистік идеологияның тұтқыны болған тоталитарлық жүйе көптеген хас таланттарды түп-тамырымен жойып жібергені аян. Бай баласы Нұғыман зұлымдық империясының ажал машинасынан аман қалғанымен, кей жерде адымы тұсалып, өнеріне тиесілі атақ, марапаттан қағылған сәттері бар. Мысалы, Қазақстан мәдениетінің 1936 жылы Мәскеуде өткен онкүндігіне жолдама алып, пойызға отырған жерінен НКВД қызметкерлері қолына кісен салып, ұстап әкетеді. Ішкі істер бөлімшесіне апарып, бірер сағат тергегеннен кейін жазықсыз адамды босатып жібереді, әрине. Бірақ, Алматыдан сыртқа шығуына тиым салынады.

Орда бұзар отыз жасында Одақ сахнасына шығу жолы кесілген Нұғыман НКВД кеңсесінен шығып, үйіне чемоданын қалдырады да бірден мұңдасатын аға досы Әбікенге тартады. Бұл кіріп келген бетте аң-таң болған күйші: «Сенің мына жүрісің не? Мәскеуге кетпеп пе едің?» – дейді. Нұғыман сол жерде жылап жіберіпті. «Қой! Жасыңды тый! Мен сені көшімнің бір жақсысы ма деп жүрсем, жаманы екенсің ғой. Сенің қадамыңа тұсау болған әкеңнің қара қойы ғой, сары көшім. Жарайды, қапа болма! Мына жұрт жаяу жүргенде сен атқа мініп жүргенсің. Дүние – кезек. Әлі мұның бәрі ұмытылып, сенің де күнің туатын уақыт болады», – деп, бір жағынан жұбатып, екінші жағынан қайрап, Тәттімбеттің «Сарыжайлауынан» бастап бірнеше күйін тартып береді. Інісінің көңілін біржолата жұбатпақ болып, «Енді Ақан серінің «Майда қоңырын» шырқап жібер!» – дейді домбырасын ұсынып.

Қырық жылға жуық Қазақ филармониясы мен «Қазақконцерт» өнер бірлестігінде әншілік қызмет атқарып, республиканың түкпір-түкпірін аралап өнер көрсеткеніне қарамастан, бабасы болыс, әкесі бай болғандықтан, жасы егде тартқанша әншілік өнері радио мен теледидардан насихатталмады, атақ-дәрежеге және мемлекеттік марапатқа ұсынылғандар тізімінен есім-сойы сызылып тасталады. Жасы алпыстан асқанда ғана Қазақ КСР-і халық әртісі атағын иеленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған екен. С.Мәтелин ағамыздың айтуынша, бұған сол кезде республика мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған Өзбекәлі Жәнібеков ықпал етіпті.

Сұлтан ағамыздың Нұғыман атасына берген мінездемесін әр жылдары білім соңына түсіп Алматыға барған Егіндібұлақ өңірінің біраз азаматтары түгелдей мақұлдайды.

– Алматының полиграфиялық баспа техникумында оқыған кезімде екі жыл Нұғыман ағамыздың үйінде жаттым. Кешегі байдың баласы дейтін емес, өзі де, бәйбішесі де өте қарапайым адамдар. Қосман деген үлкен ұлы, одан соң Гүлбаһар атты қызы, Қадыр есімді кіші ұлы бар еді. Қадырды өзіммен бірге Егіндібұлаққа, Мәтелиндердің үйіне алып келгенім есімде, – дейді қазір Қарағанды қаласында тұратын зейнеткер қария Сиязбек Рахымов.

– Нұғыман Әбішев Егіндібұлақ өңірінен шыққан, заманында елді аузына қаратқан дүлдүл әншілердің бірі еді. 1966 жылы, мектеп бітіргеннен кейін оқу іздеп Алматыға бардық. Сұлтекеңнің Сырым деген інісімен бірге оқығанбыз, дос едік. Бізден бірер жас үлкендігі бар Сұлтекең Сырым екеумізді Нұғыман ағаның үйіне алып барды. Мәкеш деген шешеміз бар екен. Бастал аулындағы Серікхан, Берікхан, Керімхан деген жігіттердің апасы көрінеді. Ішінде бүкпесі жоқ, мінезі ашық, ақжарқын кісі. Нықаңды алғаш рет көруім, кейбір өнер адамдарына тән желікпесі байқалмайтын, жұқалау келген, шапатылы, көкшіл көзді, түсі ақсары, орнықты жан екен. Шашы ағарған, бірақ жинақы, тиянақты, жүріп-тұруы жеңіл, қағылез. Туған жерді, ағайын-туысты көрейін, концерт берейін деп ел жаққа да келе бермейтін сияқты. Барғанымызда Нықаң: «Мәкеш, ұлдар келді, дастарқан жай», – дейді. Зайыбы бізді бала демейді, барын үстелге қояды. Біз шай-пайын ішеміз. Нықаңның қолында қолдан жасаған қалақша домбыра, үстелді айнала тыңқылдата жүріп баяу ғана ән салады. Дауысы майда, жағымды. Үстінде үйде киетін пижамасы, аяғында шәркейі болады. Арасында «ел жақта не әңгіме бар, кімдер бар?» деп Қу өңірінің жаңалықтарын сұрайды. Біз жаспыз, жарытып айта қоятын сөзіміз жоқ. Ауылға келгенде ата-анамыздың жанынан шықпаймыз. Ол кісі сұраған көшім атаның адамдарын білмейміз. Бір байқағаным, ел ішінде даңқы зор өнер тарланы болғанына қарамастан, кісімсінуі жоқ, атақ алуға ұмтылмайтын, сый-құрмет іздеп анда-мұнда бара бермейтін өте қарапайым адам еді.

Күзде Алматыға барғанда үлкен шешеміздің, нағашы шешеміздің қысқы соғымнан қалған, ұн арасына тығып сақтаған, «Нықаңа апарып бер» деген сәлем-сауқатын ала барамыз. Қарияның Қосман деген үлкен баласы, ол кісінің үйінде Нюра (шын аты Нұрия екен. Е.Б.) деген тәтеміз болды. Анда-санда ол үйге де соғып тұрамыз. Ашық-жарқын адамдар барын алдымызға жайып қарсы алады. Ол кісілердің қыздары туған қарындасымыздай еркелейтін. Кейін, оқу бітірген соң елге қайттық. Қызметке араласқан соң Алматыға бара бермейсің, арамыз суып кетті, – деп еске алады Егіндібұлақ пен Қарқаралыда басшылық қызметтер атқарған Мұрат Нұрақышев ағамыз.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ музыка өнерінің тарихында дара орны бар тамаша әнші, еліміздің халық әртісі Нұғыман Әбішевтің туғанына 120 жыл толып отыр. сондықтан, осы күнге дейін кіндік қаны тамған өңірде еске алу шарасы өтпеген тұлғаның есімін жаңғыртуды Қарағанды облысының мәдениет басқармасы биыл атқарылатын жұмыс бағдарламасына бір тармақ етіп енгізсе деген назымыз бар.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”

СУРЕТТЕРДЕ: Нұғыман Әбішевтің «Қазақ КСР-інің халық әртісі» атағын алған кездегі суреті; Әбішевтер отбасы (артқы қатарда тұрғандар, солдан оңға қарай: қызы Гүлбаһрам, Қосманның қызы Ғалия, үлкен ұлы Қосман, есімі белгісіз туысы, туысы Хамзе Мәтелин, Қосманның қызы Зура, зайыбы Мәкеш, Қосманның кіші қызы Гауһар, Нұғыман атаның өзі, алдында отырған жиені – Гүлбаһрамның қызы Динара, кіші ұлы Қадыр, Қосманның әйелі Нұрия); әнші Нұғыман Әбішев қатысқан концерттің афишасы.   

Басқа материалдар

Back to top button