АймақБалқашБас тақырып

Көлшікке айналған көшелер

Жол мәселесі – күн тәртібіндегі күрмеуі шешілмеген күрделі мәселенің бірі. Шағын шаһарлардың бірі, туристер қаласы Балқаштың жол жағдайына тұрғындар алаңдаулы. Қар мен мұзға жасырылған жыртық-жамау кейпі көктем шыға қайта көрінді. Сапасы сын көтермейтін жолдың жыры бүгін-ертең бітпейтінін, әлеуметтік желі қолданушылары салып жатқан толассыз суреттер мен видеолардан білуге болады. Ал, өзіміз күнде көріп, жүріп жүрген Ағыбай батыр, Желтоқсан, Қазбеков, Әбуғалиев көшелеріндегі тасжолдың әбден тоз-тозы шыққан. Қаланың шеткі көше жолдарының жағдай тіпті мүшкіл. Көше көлге айналды. Көліктер жүзіп жүр. Бұл проблема Балқашта жаңбыр жауған сайын қайталанады. Бірақ, оны оңтайландыру жұмыстары әлі күнге дейін дұрыс шешімін тапқан жоқ.

Тұрғындар, әсіресе, жауынды күндері қиналады. Жаяу жүрмек түгілі, көлікпен өтудің өзі мұңға айналған. Өйткені, қалада суағар арықтар жоқ. Кеңес заманында салынған жолдардың көбінде кәріз жүйесі мүлдем ескерілмеген. Жөнделген жол 1-2 жылға жетпей, ойдым-ойдым болып қалады. Бұл қалыпты жағдайға айналып барады. Оның үстіне, коммуналдық қызмет мамандары маусым сайын жолды бұзып, жылу, кәріз немесе су жүйесін жөндейді. Бірақ, кейін асфальтты қалпына келтірмейді.
Қоғам белсендісі, балқаштық такси жүргізушісі Ғабит Жақыпов бұл көрініс Балқаш қаласындағы жылдағы қайталанатын құбылыс екенін айтады.

– Көшеге асфальттың дұрыс төселмеуі, жолдардың қыстан кейін жарамсыз болып қалуы – жергілікті билік пен мекеме қызметкерлерінің жауапкершілігіндегі дүние. Ал, республика деңгейіндегі жолдарды жақсартуға жоғары жақ мүдделі. Балқаш көшелеріндегі жолдардың сын көтермейтіндігін жылдар бойы айтып келемін. Тіпті, кейбір көшелерді өз қаражатыма тегістеп, жамап, жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Көктем мен күзде қала жолдары суға толады, ешқандай су ағар мен арық жасалмаған. Қар мен жаңбырдың суы ағатын арық болмаған соң, көшеде көлкіп, бір жылда асфальтталған жолдың астына сіңіп, талқанын шығармай ма? Осының бәрін біле тұра, арық қазудан, тазалаудан неге қашатынымызды түсінбей-ақ қойдым, – дейді Ғабит Жақыпов.

Былтыр Қазбеков көшесінде жеңіл көліктің алдыңғы доңғалығы ойылған жолға батып, көлігі сынған болатын. Одан бөлек, Қоңырат шағын ауданында асфальттың сапасыздығы салдарынан автобустың қос доңғалағы батып, арнайы көлікпен сүйреп шығарғанын балқаштықтар жақсы біледі. Бұл жағдайдың биыл да қайталанбауына ешкім кепіл бола алмайды.

Сиқыршыдай көз бояп, тендерді ұтып алғандар мен әкімдіктер жауырды жаба тоқып үйренген. Сапасыз жасалған жолдардың мерзіміне жетпей күл-талқан болуын, ауа райының құбылуымен байланыстыра салатын болды. Тендерді ұтып, теңселіп жүрген компаниялар, жолдарды қабылдап алған жергілікті биліктегілер ауа райына қарап бал ашатынды шығарды. Жолдың жағдайын, су көлкіп тұрған көшелерді айтып әріптесіміз Қуаныш Аманқұлов өзінің желідегі парақшасына жазды. Ал, бұған жауап берген Балқаш қаласы әкімдігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында берген жауабы мынадай:

«2023 жылғы 3 наурызда сыртқы ауа температурасының + 5ºС дейін күрт көтерілуі нәтижесінде Ағыбай батыр көшесіндегі («Береке» сауда кешені ауданы) автомобиль жолының учаскесінде еріген су жиналды.

 

Жалпы Балқаш қаласы бойынша нөсер жүйесі болмағандықтан, аталған учаскеде еріген суды ағызу кәріз дренаж жүйесі арқылы жүргізіледі. Алайда, үлкен көлемді ескере отырып, еріген суды кетіру ұзаққа созылды, бұл өз кезегінде автомобиль көлігінің қозғалысына белгілі бір қолайсыздықтар туғызды. Сол күні сағат 23.00-дегі жағдай бойынша жүріс бөлігінен су толық көлемде бөлінді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, су басу қаупі жоқ», – деп жазды Балқаш қаласы әкімдігі Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.

Бұл кезде жалғыз Ағыбай батыр көшесі ғана емес, Желтоқсан, Әбуғалиев, Қазбеков көшелерінде көлдей судан көлік қозғалысы қиындаған болатын.

Қала басшысының есебіне сүйенсек, биыл шаһардағы бірнеше жолды жөндеу жоспарланған. Болашақта қала бойынша осындай жағдайдың туындау жағдайларын болдырмау мақсатында қазіргі уақытта қала әкімдігі нөсер жүйесін орнатуға жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша жұмыстарды жоспарлауда. Ол үшін бюджеттен қаржы қарастырылыпты.

Ал, дәрменсіз халық жолды жөндеу бойынша арыз-өті­ніштерді толассыз жолдауда. Құ­зырлы органдардың әрекетке кө­шуін қалайды. «Жол мұраты – жету» деген тәмсіл бар. Ол аз десеңіз, «Бір жол бар – алыс, алыс та болса жақын, тағы бір жол бар – жақын, жақында болса алыс» – дейді. Тура осы мақал бүгінгі қоғамға қаратып айтылғандай. Жыл сайын жасалатын асфальтталған көшелердің ай сайын тесіліп жататыны – көрер көзге сүйел. Жөнделер деген үміт болғанымен, «Баяғы жартас – сол жартас» болып отыр.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button