Бас тақырып

Көлік салығы: берешектен өсімпұлсыз құтылыңыз

Қаладағы әмбебап дүкеннің көлік тұрағына беттей келдім. Сондағы көлік тізгіндеген бірнешеуінен көлік салығын төледіңіз бе деп сұрағанымда, «жоқ» деген жауап алдым. Көрсеткіштерге қарасақ, төленбейтін салықтың басым көпшілігі – көлік салығы. Мәселен, қаланың Қазыбек би ауданының өзінде 8000-ға жуық адам берешегінен қашып, безермен болып жүр деседі. Айтары сол, салық төлеуден жалтарғандардың саны азаймай тұр бүгінде. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің ақпарынша, берешекке белшеден батқан көлік Қарағанды облысының тұрғыны Фадис Мустакимовтың атына тіркелген. Борышкерлер көшін бастап тұрған азамат ел қазынасына 6 081 323 теңге (салық 4 059 318 теңге + өсімпұл 2 022 005 теңге) қарыз. Салыстырып қарасақ, бұл ақшаға кореялық, ресейлік, не өзбекстандық жаңа көлік сатып алуға әбден болады…

 

САЛЫҚ РАҚЫМШЫЛЫҒЫ – САНСЫЗ МҮМКІНДІК

Статистикалық деректерге сәйкес, 2019 жылғы есеп бойынша елімізде 1,4 миллион жеке тұлғаның жалпы берешегінің мөлшері – 20,9 миллиард теңге. Оның ішінде негізгі борыш – 14,3 миллиард теңге, есептелген өсімпұлдар – 6,6 миллиард теңге. Ондағы берешектің қомақты бөлігі (шамамен 70%) көлік құралдарына салынатын салық екен.

Ал, бүгінде облысымызда 31 307 мыңға жуық адам салық төлемегендер тізімінде тұр. Сонда қарыз төлемі 789, 6 миллион теңгеден асып жығылады. Мемлекетке берешек азаматтарға түсіндіру жұмыстары, арнайы мамандармен рейдтер де ұйымдастырылған болатын.

Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған салықтық рақымшылық жүргізуді көздейтін заң шеңберінде Қаржы министрлігінің бұйрығымен салықтық рақымшылық жүргізу ережесі бекітілген-ді.

Яғни, жыл соңына дейін әрбір азамат есептелген өсімпұлдарды есептен шығару бойынша аталған науқан барысында берешегінен құтыла алады. Бұл үшін ешқайда барудың қажеті де жоқ. Мемлекеттік кіріс органдары күнделікті жеке тұлғалардың дербес шоттарына мониторинг жүргізеді екен. Негізгі борыш өтелген кезде 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлды есептен шығару туралы шешім шығарылады. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, көптеген ел қазынасына қарыз азаматтар төлем жасаған.

– Мемлекеттік кірістер басқармасы19 қыркүйектен бастап көлік иелеріне салық туралы SMS арқылы ескерту жібере бастағанбыз. Көлік салығы төленуі тиіс соңғы күн 31 желтоқсан екенін ескертіп дабыл қағып жатырмыз. Рақымшылық жеңілдігін пайдалана алатын тұлғаларға хабарлама жіберіп отырамыз. Егер, салық төлеуші осы жылы былтырғы негізгі борыш пен салыққа байланысты өсімпұлды төлеген болса, өсімпұл сомасы қайтарылуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет, – дейді Қазыбек би ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Светлана Танашова.

Маманның айтуынша, Президент пәрменімен өсімпұлды алып тастағаннан бастап, төлеушілердің саны артқаны бар. Десек те, қозғалтқыш қуатының көлемі үлкен көліктерге (+4,5 см3) салық төлету қиынға соғып тұр деседі.

БЕРЕШЕКТЕН ҚҰТЫЛМАЙ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ

Егер жеке тұлға қарызы бар екенін біле тұра, төлемнен бас тартса, онда іс сотқа жіберіледі. Шешімге сай борышкерлерге есепшоттарын бұғаттау, шетелге шығуға тыйым салу секілді түрлі шаралар қолданылады.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес, сот шығарған шешімді орындамағандарға айыппұл салынып, немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұдан бөлек салық төлемдерін уақытылы жүргізбеген тұлғалардың меншігіндегі автокөліктерді арнайы аукционға да қоюы мүмкін. Сондықтан, халықты осындай келеңсіз жағдайларға жеткізбеуге және салықты мерзімінде төлеуге шақырамыз, – дейді Мемлекеттік кірістер Департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Еркін Медетбеков.

КӨЛІК САЛЫҒЫНАН КІМДЕР БОСАТЫЛАДЫ?

 Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімін (балық аулау т.б.) шығаратын заңды тұлғалар, фермерлік және шаруа қожалықтарының басшылары, тиісті норматив бойынша қажеттілікке байланысты пайдаланатын арнайы техникалар салықтан босатылады. Сонымен қатар, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының қарауындағы қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл көлік пен бір автобус босатылады. «Бұған қоса Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер, соғыс жылдары тылда еңбек ету нәтижесінде КСРО-ның ордендері мен медальдарымен марапатталғандар, 1941 жылдың 22 шілдесінен бастап 1945 жылдың 9 мамырына дейін әскер қатарында қызмет еткендер және Ұлы Отан соғысының батырлары мен Социалистік еңбек ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар, Даңқ орденінің үш дәрежесінің және Отан орденінің иегерлері, көпбалалы «Батыр аналар», «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегелері босатылады», – дейді Мемлекеттік Кірістер Департаменті басқармасының мамандары.

Мекемеге берген мәлімет бойынша, осы нұсқауларға сай облыста 14 183 адам көлік салығын төлеуден босатылған.

ОНЛАЙН ТӨЛЕУ – ОҢТАЙЛЫ МҮМКІНДІК

2019 жылғы көлік салығын есептеуді сіз ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтында орналасқан «Электрондық сервистер» / «Калькуляторлар» бөлімінде жасай аласыз. Берешек сомасын «Қазпочта» АҚ касса қызметтері мен терминалдары, Halyk Bank және Kaspi Bank мобильді қосымшалары VIN-код бойынша төлеу мүмкіндігі бар. Салықтарды уақытылы төлемеген жағдайда, қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселі көлемінде өсім есептелетінін еске салады.

Сондай-ақ, атқарушылық құжат бойынша берешекті кез келген банк бөлімінде төлеп, одан әрі төлем түбіртегін сот орындаушысына ұсынуға болады. Сол кезде ғана сот орындаушысы бір тәулік ішінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарып, борышкерлердің бірыңғай тізілімінен алып тастайды.

P.S: «Бұл өмірде екі-ақ нәрседен құтыла алмайсың, ол – өлім мен салық». АҚШ реформаторларының бірі Бенджамин Франклиннің осы сөзі салықтың маңызын айқындап, америкалықтардың арасында салықтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан деседі. Өкінішке қарай, біздің салыққа келгенде салақтығымыз бар екені рас. Олай болса, Үкімет берген жеңілдіктің өзінен құтылмай, қашқақтап жүргендер болса, өсімпұлсыз берешегіңізден құтылуды біз де құлаққағыс етеміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button