Көлік қойғанда неге көз жеткізу керек?
Төтенше жағдай кезінде көпқабатты үйлердің ауласына қойылған көліктер өрт сөндіру техникаларына үлкен кедергі келтіріп отыр. Осыған орай Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерді жедел қызмет көрсету жолына бөгет жасамай, көліктерді қою ережелерін сақтауға шақырады.
Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігінің нормативтік талаптарына сәйкес жеке көліктерді өрт гидранттары ұңғымаларының қақпақтарында, сондай-ақ жергілікті аумақтың енін тарылтатын кірме жолдарда қалдыруға тыйым салынғанын айтады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлігі мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе сақтамау бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады делінген.
– Төтенше жағдай кезінде мамандарға өрт сөндіру құралдарын төсеу қажет болуы, кейбір құтқару жұмыстары баспалдақ орнатуды талап етеуі мүмкін. Ал, ол қосымша орынды қажет етеді. Сондықтан, көлігіңізді көпқабатты үйлердің ауласына қойғанда басқа көліктердің өтуіне кедергі жасамайтыныңызға және кіреберіс жолды бөгемейтініне көз жеткізу керек, – дейді сала мамандары.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ