Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін 2030 жылға дейін жаңғыртуға бағытталған кешенді ғылыми жоспар әзірленді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары алғаш рет өңірлік көлік инфрақұрылымын ғылыми тұрғыдан зерттеп, жол жүктемесін азайтуға, қоғамдық көліктің тиімділігін арттыруға және тұрғындардың қозғалыс мүмкіндігін жақсартуға арналған 50-ден астам нақты ұсыныс жасады.

Бұл жоба тек көлік қозғалысын реттеуді ғана емес, бүкіл агломерациядағы қалалық ортаның сапасын арттыруды көздейді. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларын біртұтас көлік жүйесіне біріктіру – жоспардың басты мақсаты.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың «STU-ENGINEERING» ғылыми-техникалық орталығының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Оюм Балабаев өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа көлік жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды.
– Біздің агломерация алғаш рет кешенді ғылыми зерттеуден өтті. Тұрғындардың қозғалыс мүмкіндіктерін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұсынылып отыр. Агломерацияның құрылымы күрделі – шағын аудандардың бір-бірінен алшақ орналасуы көлік кептелістеріне әкеледі. Ұсынылған жобалар автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлік жолаушыларына да қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Оюм Балабаев.
Зерттеу жұмысына Қарағанды техникалық университетінің ғалымдарымен қатар Сингапур мен Өзбекстан жоғары оқу орындарының профессорлары да қатысқан. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдар әзірленген.
Олардың ішінде, ең маңыздысы – Қарағанды агломерациясының көлік жүйесінің «цифрлық егізі». Бұл жүйе автожолдардың жүктемесін нақты уақыт режимінде талдауға, көлік ағындарын модельдеуге және инфрақұрылымдағы өзгерістердің әсерін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық көліктегі жолаушылар легін бақылауға арналған цифрлық ақпараттық жүйе де ұсынылған. Ол жолаушылар санын онлайн есептеп, маршруттардың жүктемесін болжайды және жасанды интеллект арқылы қозғалыс кестесін оңтайландырады.
Теміртау қаласындағы трамвай инфрақұрылымы да – маңызды жобалардың бірі. Бұл жүйе желінің техникалық жағдайын бақылап, ақауларды ерте анықтауға, апаттық тәуекелдерді азайтуға және жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жобада көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты нақты инженерлік шешімдер де қарастырылған. Олардың қатарында жылдам автобус көлігін (BRT) енгізу, қала маңы теміржол қатынасын дамыту, велосипед жолдарын кеңейту және жаңа көлік айырықтарын салу бар. Бұл жобаларды іске асыру мерзімін 2040 жылдан 2030 жылға дейін қысқарту ұсынылған.
Қалалық ортаның жайлылығын арттыру үшін баламалы энергия көздерімен жұмыс істейтін жылы аялдамалар орнату, Бұқар жырау мен Молоков көшелерінің қиылысында эскалаторлар мен демалыс аймақтары бар жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу, сондай-ақ, лазерлік жаяу жүргіншілер өткелдерін енгізу жоспарланған.
Цифрландыру бағытындағы шешімдер Сингапурдың көлік жүйесін басқару тәжірибесіне негізделген. Бұл елде көлік қозғалысын реттейтін бірыңғай цифрлық жүйе маршруттарды, бағдаршамдарды және жолаушылар ағындарын жасанды интеллект көмегімен үйлестіреді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұсынылған жобалардың маңызын атап өтті.
– Веложол инфрақұрылымын дамыту мен мобильділікке қатысты заманауи тәсілдерді енгізу – өзекті бағыт. Көше-жол желісін жоспарлау кезінде тұрғындардың қажеттіліктері мен аумақтың ерекшеліктерін ескеру қажет. Мұндай жобалар жүйелі талдауды және кезең-кезеңімен іске асыруды талап етеді, – деді өңір басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, ғылыми негізде әзірленген бұл жоспар Қарағанды агломерациясының көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы – қалалар арасындағы байланыс жеңілдеп, тұрғындардың қозғалысы қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ.
Көлік инфрақұрылымын цифрландыру – урбанистиканың жаңа кезеңіне қадам. Қарағанды агломерациясы үшін бұл тек жол салу емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық өзгеріс.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



