Бас тақырып

Көлік қаңтарылған аула қапы қалдырмасын десек…

Бұрынырақта Қарағандыда көлік тұрағынан көп нәрсе жоқ еді. Екі аттасаңыз, көлік тұрағына тұмсық тірелетін. Көлік тұрағы  көп қаланың біріне айналып бара жатқан Қарағанды еді. Қазір көлік тұрағы тапшы, жоқтың қасы. Өйткені, бұрынғы көлік тұрағы қазір адам  «тұрағына» айналған. Түсінікті тілмен айтқанда, ол тұрақтардың орнына көпқабатты тұрғын үй салу белең алған кейінгі жылдары. Содан да болар, қазір «баспанасыз» қалған көліктер иесімен бірге «үйге» келеді.

 

Құмырсқаның  илеуіндей көпқабатты үйлердің маңайында иін тірескен  көліктерден құлаған алма жерге түспейді. Үйдің алдындағы аулаға сыймай, тіпті, үйдің сыртын айнала қоршап алған қамал көліктер. Осы арада қауіпсіздікті қаперге алған кім бар екен?  Төтенше жағдай департаментінің мамандарында айып жоқ. Айтуын айтып-ақ келеді. Айта-айта жақтары да талды-ау.  Бірақ баспана салған компания­лар мұны ескерер емес. 

Қазіргі таңда қалада тоғыз қабаттан жоғары көпқабатты үйлердің құрылысы белең алғаны мәлім. Олардың көпшілігінде көлік қоятын аула, я болмаса, жерасты паркингі қарастырылмайды. Сондықтан да, көліктерді қожайындары еріксіз аулаға қоюға мәжбүр. Бұл болса, қауіпсіздікке қатер.

Жамандық шақырғандық емес, бірақ өрт шықса, яки болмаса, өзге де төтенше жағдайлар орын алса, тиісті қызметтің ол үйлерге жетуі мұң болары даусыз. Тегі, Қарағанды мұндай жағдайға әзір ме? Себебі, облыстағы көпқабатты үйлердің биіктігі 28 метрден асады екен. Мұндай үйлердің саны 176 көрінеді.

Департамент тарапынан тексеріс олардың көпшілігінің өрт қауіпсіздігінің талаптарына жауап бермейтінін көрсеткен. Төтенше жағдай департаменті мамандары бұған дейін жария еткен деректерге сүйенсек, дайын еместігін көреміз.

Тілсіз жаудың қашан және қалай бас саларын ешкім дәлдеп басып айта алмайды. Бірақ көпқабатты үйлердегі өрттің өзекті өртер өкінішке ұрындырарын баршамыз біліп, сезіп отырмыз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – өрт сөндіру, құтқарушылар қызметіне көліктердің жол бермей кедергі етуі десек, екінші – өрт қызметінің мұндай биік үйлерге көтерілер құрал-жабдығының кемдігі. Үшінші – төтенше жағдай кезінде эвакуациялайтын баспалдақ, қосалқы есік, орындарды тұрғындар өздері қойма қылып алған. Ол орынды тұрмыстық заттармен жауып тастауы.

Өртке сайманымыздың сайланбағанын кейінгі жылдары ел ішінде шыққан өрттер ашып бергені мәлім. Сол уақытта Мемлекет басшысы бұл қызметті жарақтандыруды да сонда тапсырған еді.

 

– Облыс орталығында тоғызыншы қабаттан жоғары көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Осыған орай, шілде айынан бастап, барлық көпқабатты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексерілді. Оның барысында кіреберістер мен қабаттардың өртке қарсы құрал-жабдықтардың пайдалануға жарамдылығы қаралды. Сонымен қатар, өртке байланысты түрлі бейнематериалдарды көрсету арқылы тұрғындармен өрт қауіпсіздігі ережелері мен өрт кезіндегі әрекеттерді түсіндіру бойынша әңгімелесу жүргізілді. Баса назарға ұсынар бір мәселе – мұндай көпқабатты үйлерден адамдарды қалай құтқару керектігі.

Жалпы, облыста биіктігі 28 метрден асатын 176 көпқабатты тұрғын үй тіркелсе, оның ішінде, 166-сы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, пайдаланылуда. Үйлердің біршамасында автоматты өрт дабылдары, сорғы күшейткіштері жоқ немесе ақаулы түрде орнатылған. Тіпті, өрт сөндіру түтіктері, өрт сөндіргіштер жоқ. Түтінсіз баспалдақтардағы қауіпсіз аймақтары шыныланған немесе жабық. Дабыл іске қосылған кезде лифттерді түсіретін автоматты жүйелер де жоқ. Тексеріс барысында анықталғандай бес қабаттан жоғары көптеген пәтерлердің балкондарындағы өрт сөндіру люктері тығыз жабылған. Оған қоса, көпқабатты үйлердің аумағына техниканың кіруі азап. Міне, осының барлығы өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың жұмысын күрделендіре түседі, – деді төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев.

Өрт сөндіретін техниканың үй аумағына кіру қиындығын да атап отыр. Тіпті, кейбір көліктер өрт гидрантының үстінде тұратынын да мәлімдейді.

– Көпқабатты үйлердің аумағына техниканың кіруі қиын. Көліктер өрт гидранттарының люктерінің үстіне қойылады. Осының барлығы өрттің неғұрлым ауыр зардаптарына әкелуі мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті көпқабатты тұрғын үйлердің барлық тұрғындарын өрт қауіпсіздігі мәселелеріне толық жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жалпы ғимараттың өрт сөндіру құралдары мен алғашқы өрт сөндіру құралдарының қауіпсіздігі мен өнімділігін қамтамасыз етуге белсенді қатысыңыздар, – дейді департамент мамандары.

Тілсіз жауға тосқауыл болу тек қана тұрғындардың өз қолында. Ертең «жау кеткен соң, қылышты тасқа шаппау» үшін біріккен әрекет ету қажеттігін ахуал айқындап тұр. Жоғарыда айтылған олқылықтардың орны толса, біршама мәселе шешімін табары хақ.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button