Көлігіңіз тіркелген бе?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы заңға қол қойды. Соның ішінде шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге арналған түзету де бар, деп хабарлады Ақорда.
Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанға 1 қыркүйекке дейін кірген шетелдік көліктерді бірыңғай алыммен тіркеп, заңдастыруға болады. Оның көлемі – 200 мың теңге. Қазіргі есепке сәйкес, осы тәртіппен ел аумағында шетелдік тіркеу белгісімен жүрген 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға болады. Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады. Автокөлік іздеуде болмауы керек; кедендік рәсімдеуден өтуі қажет; елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі ролі оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыруға неге рұқсат берілгені белгілі болған.
– Әрине, ролі оң жақта орналасқан көліктердің жол жүру қауіпсіздігін сақтауда бірқатар өткір мәселелер бар. Не десек те, бұл күнде мұндай көліктерді алып келген Қазақстан азаматтары. Яғни, өзіміздің халық. Қаржылық жағдайы мәз болып тұрған кісілер емес. Олар сол автокөлікті қаржылық тапшылық салдарынан әкеліп отыр ғой. Сондықтан, елдің ахуалына түсіністікпен қарап, оларға бір мезгілдік рұқсат берілейін деп отыр, – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.
Шетелдік көліктерді заңдастыру алты ай ішінде жүргізіледі. Өтінішті электронды үкімет порталы немесе мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына барып беруге болады.
Бірақ, бәрі заңда жазылғандай біркелкі емес екен. Қала тұрғыны Мәдина Асылбекқызының көлігін тіркеуге қатысты өзіндік уәжі бар.
– Мен жазда Ресейдің Калининград қаласынан сол елдің тіркеуінде тұрған көлікті алыпсатарлар арқылы сатып алдым. Қызықтың көкесі енді басталды. Заңға Президент қол қойды. Тәртібімен таныса келсек, көлікті рәсімдеу үшін оның алғашқы иесінен сенімхат қажет екен. Жаһанға жар салдық. Бар ақшамызды шашып, иесін тауып алдық. Заңгерлерге жүгіндік. Нотариусқа құжаттарымызды рәсімдеттік. Қысқасы – қып-қызыл шығын. Сонымен не керек, көлікті алыпсатарларға сатқан иесі былай дейді. Олар көлікпен жүргенінде айыппұл арқалаған. Бірақ, айыппұлдың барлығы көліктің заңды иесіне келген. Бізге қойған шарты: сол айыппұлдарды толығымен өтеу керек екенбіз. Мәссаған, безгелдек! Әйтпесе, сенімхатты бермейді. Осындай шырғалаңға батып отырған жандар – әлгі сіздер тіркемек көлік нөпірінің 90 пайызы!
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияр мырзаның айтар тоқтамы қысқа. Көлік біткен заң негізінде тіркелу қажет. Тіркелмеген жағдайда ол жарамсыз темірге айналып кете барады. Әлбетте, «ауада» жүрген темір тұлпарларға қатысты тазарту жұмыстарының бір парасы екендігін мойындайтын мезгіл жеткендей. Белгілі автосарапшы Олжас Оқас мұны «бас ауырғанда басатын дәрмекке» теңейді. Оның ойынша, ертелі-кеш елімізді еркін кезіп жүрген «қаңбақ көліктерді» тәртіпке салу әрқашан маңызды. Сондықтан, келіссеңіз де, келіспесеңіз де талап осындай.
Хош. Бастапқыда шенеуніктер мен полиция заңдастыруды 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастауды жоспарлады. Ол үшін нақты белгіленген мерзімдері бар Үкіметтің арнайы Қаулысының жобасы дайындалды. Бірақ, құжатта оның кейбір тармақтарының отандық заңнамамен алшақтығы анықталды. Осы мәселемен сенаторлардың бірі полицейлерге жүгінгеннен кейін «Жол қозғалысы туралы» заңға шұғыл өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.
4 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті тарапынан ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесін қолданудың қағидалары, шарттары мен мерзімдерінің жаңа жобасын шығарды. Оны 18 қаңтарға дейін талқылау жоспарлануда…
Талқылаудан кейін ережелер жобасын бекіту, қол қою және жариялау қажет болады. Осылайша, барлық үдерістерді ескере отырып, заңдастыру болжаммен қаңтар айының соңында не тіпті ақпанда басталуы мүмкін. Ресми билік бұған дейін қосымша заң актілерін қабылдауға шешім қабылдауы айтпаса да түсінікті.
Бірақ нақты заңдар мен ережелер қабылданбаса, елде шетелдік есепке алынған автомобильдерді заңдастыру басталмайды…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.