Көлеңкедегі «Күнгей»
«Күнгей» жаққа бардың ба, күнкөрісін көрдің бе? Қазіргінің мәтелі сияқты – бұл. Себебі, Қарағандының «Күнгей» шағын ауданына бара қалсаңыз, қарныңыз ашады. Немесе, «Күнгейдің» көпшілігімен кездессеңіз, көкейкестілерін жарыса жырлайды. Проблемаларын парақтап, өзекті мәселелерін өрбіте жөнеледі. Ішіңіз сезіп отырған болар, «жол жоқ, су жоқ, жарық бірде бар, бірде жоқ…»
Жә, жолы – жауыр болған тақырып дерсіз…
Су, ауызсу ше? Бір кездері мемлекеттің «Ақ бұлақ» бағдарламасы елдің игілігіне жол тартқан-ды. Оның шалғайдағы ауылдарға шарапаты тиді. Әлі де елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жалғасуда. Бірақ, «Күнгейдің» жағдайы мәз емес. Іргедегі.
Мәселен, «Күнгей» шағын ауданы, Сейтқұлов көшесінің тұрғындары «Талайдың табалдырығын тоздырдық», – дейді. Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына уәждерін айтып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұраған. Бір емес, отыз үйдің иесі қол қойған ұжымдық өтініш жолдаған.
Олар облыс орталығында отырып, ауызсуды тасып ішеді. Оның үстіне, кеш батса, сығырайған жарықпен отыруға мәжбүр. Күлесіз бе, жылайсыз ба, еркіңіз…
Көшбасшы партия филиалының басшылығы көптің назына құлақ түріп, тиісті жауабын жолдаған. Құжатта тұрғындар қолдарындағы құқықтық-анықтамалық құжаттарымен қандай мекемелерге баруы қажет екендігі баяндалған. Инженерлік желілерді тарту жұмыстарының мерзімі көрсетілген. Бұл – наурыз айында болған әңгіме.
Алты ай жаз артта қалды, қыс түсті. Жуырда (24.10.2017 жыл) Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы әкімдігі «Күнгейде» су және кәріз құбырларының құрылысы биылғы желтоқсанда аяқталатынын хабарлапты. Ал, жол мәселесін жылы жауып қоюды сұраған. Себеп – қаражат тапшылығы.
Қаланың құрылыс бөлімі де желілерге қосылу нысанды қабылдау актісіне қол қойылған соң ғана мүмкін екендігін алға тартқан.
Сейтқұлов көшесіндегі халық болса, коммуникациялық желілер үйдің іргесіне келіп тұрғанын айтып дал. Сондықтан, жарық пен суды үйді-үйге тартуға рұқсат берілсін деген талап қойып отыр.
Енді, аталған көше тұрғындары бұл мәселені тек қана облыс басшылығы шешеді деген үмітте. «Біздің мәселе тасада, көлеңкеде қалып қоймаса екен», – дейді Сейтқұлов көшесінің тұрғындары.
Күтейік. «Күнгейге» де күн түсер.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.