Көл жағасындағы керім қала
Биыл көл жағасында бой түзеген керім қала Балқашқа 85 жыл толады. Қала мерейтойына дайындық жұмыстары бірнеше бағытта жүзеге асырылмақшы. Атап айтқанда, 85 жетістік пен 85 қайырымдылық істі көпке үлгі қылмақ. Балқаштың бірегейлігін, туристер мен туризм саласындағы инвестицияға тартымдылығын көрсету басты мақсаттардың бірі болып отыр. Сондықтан, аз уақытта ауқымды жобалар іске асырылады.
БАЛҚАШТЫҢ БАСТАУЫНДА ҚОҢЫРАТ ТҰР
Осынау мыс шаһарының тарихы тереңде жатыр. 1937 жылы 11 сәуір күні Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің шешімімен «Прибалхашстрой» поселкесі Балқаш қаласы атауын иемденді. Үлкендердің айтуынша, аптап ыстық, аңызақ жел өкпені сығып, тынысты байлап жататын жерде сән-салтанаты келіскен қала тұрғызылады деп ойлау бір кезеңдерде аңыз болған көрінеді. Қатпарлы тарихты парақтасақ, қаланың салынуына себепкер – мыс кеніне бай Қоңырат кеніші екендігін аңғарамыз. Сондықтан да, Балқаш қаласының Қоңыраттың басталатындығын ашық айта аламыз. Сонау ерте заманнан адамдар Арқа төсінде мыс өндіріп, керегіне жаратқан. Сүймен жеткен жер бетіндегі мысты игілігіне пайдаланған. Қоңыратта кеннің бар екенін жергілікті жұрт білгенімен, жария етуден қорыққан. Өйткені, ел қонысынан айырылып қалудан қорыққан.
1901 жылы Қоңырат кен орны жайында тұңғыш ресми тұжырымын білдірген – А.Деров деген көпес. Ал, геологиялық-экономикалық дәлелдемесін жасаған инженер-геолог М.Русаков болды. 1928 жылы барлау жұмысын жүргізу барысында Қоңырат қоры сол кездегі мыс кен орындарынан асып түсетіндігін дәлелдеді. 1929 жылы қазмойын бұрғылау мұнаралары барлау жұмысын бастады. Үш жылдық барлау ісіне екі жарым миллион сомға жуық қаржы жұмсалды. Не керек, қыруар қаржыны кеніш ақтап беріп, іс нәтиже берді. Кешікпей Қоңырат кен орнын игеру қолға алынып, 1931 жылы қазан айында «Прибалхашстрой» басқармасы құрылды. Оның басты мақсаты – мыс қорыту комбинатын салу болатын. Ол уақытта елімізде мыс тапшы еді. Сол себепті, зауыт құрылысын жеделдету қолға алынып, 100 миллион сом бөлініп, 1932 жылы жұмысқа 450 құрылысшы тартылды.
Жұмысшылар уақытпен санаспай жұмыс атқарды. Құрылыс жұмысы оңайға соқпады. Мыңдаған жұмысшы, білікті маман бел шешпей, тізе бүкпей жұмыс жасап, алып зауытты салды. Зауытпен қатар, түрлі ғимараттардың іргетасын қалады. 1933 жылы тәжірибелік байыту фабрикасының құрылысы аяқталды. Уақытша электр станциясы және Қарағандыдан Бертіске дейінгі 488 шақырым теміржол құрылысы тәмамдалды. 1938 жылы наурыз айында байыту фабрикасының механизмдері сынақтан өткізілді. Балқаш қаласында алғашқы концентрат алынып, шілде айында шағылу пеші іске қосылды. 24 қарашада алғашқы мыс алынып, жаһан назары Балқашқа ауды. Балқаш мысының тұңғыш құймасы Мәскеудің «Революция» мұражайына қойылды. Осылайша, еліміздің түсті және бағалы металдар өндірісінде аса көрнекті өнеркәсіпке айналды.
ЖЕҢІСКЕ ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
Қанды қырғын соғыс жылдарында балқаштықтар әскерді керек дүниелермен қамтуда алғы шепте жүрді. 1941 жылдың көктемінде Шығыс Қоңырат кеніші ашылып, 1942 жылы молибден фабрикасы жұмысын бастады. Отан үшін отқа да күйіп, суға да түскен еңбеккерлер екі ауысымда жұмыс істеді. Соғыс уақытында КСРО-да өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын кен қопарған, көл жағасын жайлаған жұрт беріп отырды. Сол жылдары қаһармандық еңбектің белгісіндей «Т-34» танкі зауыт алаңына орнатылды. Аталмыш танк Балқаш пен Ақшатаудың вольфрамынан, молибденінен құйылып, сауыт киген батырдай жаудың шебін бірнеше мәрте бұзып, талқандаған болатын. Оңайлықпен тізе бүкпеген ортақ жауды жеңуде жан аямай күрескен баһадүрлер де жетерлік. Санамаласақ, бір кітапқа жүк болады. КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын 22 мәрте абыроймен көтерген металлургтерге айтулы жалау 1945 жылы біржола табысталды. Өнеркәсібі өрге домалап, жанқиярлықпен еңбектенген Балқаш қаласы «Халықтар достығы» орденімен 1987 жылы сәуірде марапатталды. Жыл өткен сайын шағын шаһардың шаруашылығы өркендеп, елдің дәулеті асып, бағы тасыды. Балық, құс шаруашылығын айтпағанда, құрылыс саласы, жеңіл өнеркәсібі де өркен жайды. Зауытта бірнеше цех іске қосылды. Балқаш қаласында бұл жылдары еңбек озаттары, мықты мамандардың саны артты.
ЕГЕМЕНДІК ЖЫЛДАРЫНДА ТІКТЕЛГЕН ЕҢСЕ
Тәуелсіздікке тәубе дей отырып, балқаштықтар жаңаша даму, өркендеу жолына түсті. Қазір қай салада болмасын, экономикалық, әлеуметтік-мәдени реформалардың жеңістері мен жемістері анық та айқын көрінуде. Еліміз тәуелсіздік алған жылы балқаштықтардың алдында бірқатар міндеттер мен оларды шешу жолдарын айқындайтын жүйелі жұмыстар күтіп тұрды. Азаттық алған ел алғашқы жылдары тоқырау кезеңін басынан өткерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында құрдымға кете бастаған өндірістің бойына қайта қан жүрді. Шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізіліп, керегеміз кеңейді.
Бүгінде Балқаш қаласы өндірісімен Қазақстанның одан әрі дамуына жаңа серпін беруде. Еңсе тіктеген елдің экономикада, білім мен ғылымда, мәдени салада, өңірде қол жеткен табыстар жетерлік. Сол жетістіктердің бәрі дерлік адам еңбегімен жүзеге асырылды. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар, салынып жатқан сәулеттік құрылыстар, жасыл алаңдар – балқаштықтардың игілігіне жарауда. Бұл – балқаштықтардың бекем бірлігінің, тынымсыз тірлігінің жемісі, Тәуелсіздіктің тартуы.
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.