«КӨЛ» тартылса, ЕЛ қайтпек? Жүздеген жан саябақта жан бағып жүр
Қарағандының орталық саябағындағы су қоймасының маңы – халық қалың жүретін жер. Алыстан ат арытып келген қонақты да жетектеп сонда алып барамыз. Өйткені, қызықтың бәрі – су жағасында. Тіпті, саяхатшыларға жол көрсеткен интернеттегі сайттарда да «көлдің» мақтауын келістіріпті. Сырттағы жұрт сүйсінері анық.
Дегенмен, бұл «көлдің» кейінгі уақыттағы мүшкіл халі жергілікті жанға белгілі. Соңғы екі-үш жылда жаз уағында су деңгейі ортадан төмен түсіп кетуі үйреншікті көрініске айналды. Және таяз суда балдыр қаулап өсіп, маңайды сасық иіс тұншықтырып тұрып алатын болды.
Әрине, дүйім елдің көз алдында «көл» құрып бара жатқанда билік қарап отырмайтыны анық. Жүздеген шаңырақ «көл» жағалап, бизнес қылып, жан бағып отырғаны тағы бар. Яғни, экологиялық мәселесімен қатар, әлеуметтік салмағы да ауыр. Әкімдік шұғыл жиналыстар өткізді, жоспар құрды. Ол жоспары екі-үш жылдың мұғдарында жемісін беруі тиіс-ті. Бізді қызықтырғаны – бүгінгі аяқ алысы…
Бұл су қоймасын ел арасында «көл» дейді. Біз де түсінікті әңгіме үшін солай дейік. Сонымен, кейінгі жылдардағы құрғақшылық бұл «көлді» де айналып өткен жоқ. Әсіресе, 2020 жылы. «Көл» деңгейі күрт түскен тұста жұртшылық шу ете қалды. Карантин күшейіп тұрған сәт еді. Барлық саябақ атаулы құлыпта жатқан. Ел қыдырудан қалған кез. Осы уақта су түбіндегі балдыр бой көтерді. Жайылып өсіп, су жасыл түске енді. Мұны Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының сол кездегі бас инженері Талғат Смаилов адам аяғы тыйылғанымен байланыстырды.
– «Көл» тереңдігі – 2,5 метр. Алайда, қазір балдыр еркін өсіп, су бетіне шығып кетті. Біз бұл жайтты карантин салдары деп отырмыз. Бұрын әрі-бері ойқастаған қайықтар, басқа да техника балдырдың ұшын турап, екі метрден артық өсуіне мұрша бермей келді, – деген еді бас инженер.
Маманның сөзінен түсінгеніміз, қозғалыссыз қалған су балдыр өсуге өте ыңғайлы жерге айналып шыға келген. «Көп тұрған су сасиды, Ойламаған ми сасиды» деген. Мәселені көрген билік терең ойға шомды…
Ашық дерек көздеріндегі мәліметке сүйенсек, саябақтағы су қоймасы 1941 жылы пайда болған. Ол кезде Бұқпа өзені толып ағатын. Шлюздер арқылы суды толтырып немесе ағызып жіберіп отырды. Ал, 70-ші жылдардан бастап «көлге» шахталардағы суды айдай бастады.
Қазіргі таңда су қоймасын тіршілік нәріне толтыру – билік алдында өткір тұр. Ертеде қаланы қақ жарып аққан Бұқпа өзенінің дәурені өткен. Тек, қары мол қыстан кейін ғана өзеннің бірнеше күн арнасы тола аққанын көреміз. Сондықтан, «көл» қардың суын ғана қанағат етіп келеді. Ал, жаздың ортасына таман әлгі судың кеуіп кететіні ақиқат. Бұл сөзімізді Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының директоры Т.Байтохин да қуаттайды.
– Саябақтағы су қоймасындағы су табиғи түрде кебеді. Яғни, су деңгейі буланудан төмендейді. Тек, су тасқыны кезінде ғана Бұқпа өзенінен су жетеді. Сол кезде Бұқпа өзенінен шлюз ашылып, «көл» толтырылады. Сонымен қатар, кіші «көлдің» жанында ұңғыма бар, – дейді директор.
Былтыр күзде қала басшылығы «көлдегі» су тапшылығы проблемасын біржола шешетінін мәлімдеген-ді. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Хәлел Әкімжанов суды шахтадан алатынын айтты.
– «Көлдің» проблемасы балдырға ғана байланып тұрған жоқ. Сумен қамтамасыз ету де үлкен мәселеге айналды. Кеңес уағында су қоймасы Бұқпаның есебінен толып отырды. Кейін шахтадан су алды. Біз де сол ескі әдіске жүгінуді жөн көрдік. Нақты айтқанда, Костенко шахтасынан су жеткізуге шешім қабылданды. Ол үшін Бұқпа өзенінің арнасын тазарту керек. Шахта суын осы арнамен жеткіземіз. Су құрамы зерттелді, экологтар оң бағасын берді, – деді Хәлел Әкімжанов.
Бүгінде қалалық әкімдік 16 шақырымнан астам жерден су әкелуге бел шеше кірісіпті. Қала әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратта көрсетілгендей, жұмыс жобасы биыл әзір болмақ. Қаз қалпында назарларыңызға ұсынсақ: «Орталық саябақта Үлкен Бұқпа өзенін сумен толтыруды қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «ҚР ІІМ Б.С.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы ғимаратының артындағы Новогородская көшесінен темір жолға дейін, кейіннен жабық коллекторға жаба отырып, Үлкен Бұқпа өзенін санациялау» жұмыс жобасын әзірлеуде. Жобада Костенко атындағы шахтаның суларын Үлкен Бұқпа өзенінің арнасына бағыттау қарастырылған. Жобаланатын учаскенің ұзындығы 16,4 км құрайды. Жұмыс жобасын әзірлеуді аяқтау мерзімі – 2022 жыл.
Жобалауды маусым айында аяқтап, Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясына келісуге жолдау жоспарлануда».
Мамандардың айтуынша, судағы балдырдың толық жою үшін қыруар қаражат қажет. Кеңес өкіметі тұсында бір мәрте әбден құрғатылып, табаны түгел күрелген. Ал, бүгінде парк қызметкерлері қоқыс пен балдырды сүзумен шектеліп отыр.
Ресми биліктің сөзіне сенсек, «көлдің» келешегі жарқын. Тіпті, жаңадан балық жіберілмек. Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының директоры Т.Байтохин: «Балықтандыру «көлді» биологиялық оңалтудың соңғы кезеңінен кейін жүргізіледі», – дейді. Нақты жоспар бар, мақсат – айқын. Қазір – көктемнің аяғы. «Көл» кемеріне келіп тұр. Ал, әкімдік айтқан жоба жүзеге асса, бір тамшы тамбаған құрғақ жаз да, апшыны қуырған аптап ыстық та қауіп қылмасы сөзсіз.
Қаланың көркін кіргізгенімен қатар, бұл судың шаһар жұртының әл-ауқатын арттыруға да қосып отырған үлесі қомақты. Жағасында жүздеген бизнес нысандары орналасқан. Жүздеген жан шағын бизнестің арқасында күн көріп отыр. Біреуі бәлішін сатады, біреуі қайығын жалға береді. Қыста сырғанақ салып, мұз айдынын құяды. Міне, «көл» құрыса, жүздеген шаңырақ нәпақасыз қаларын атқамінерлердің де іші сезеді…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
Суреттерді түсірген
Руслан ҚАЛИЕВ.