Көкжал ақын – көкшулан жырлар
Серік Ақсұңқарұлын тұңғыш көруім өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында болу керек. Ол кезде мен Компартияның Орталық комитетінің Мәдениет бөлімінде істеймін. Әбіш Кекілбайұлы екеуіміз әдебиет секторындамыз: Әбіш – меңгеруші, мен – қатардағы нұсқаушымын. Бір жолы екеуіміз ақылдасып отырып, Ленин атындағы салтанатты сарайда (қазіргі «Республика сарайында») поэзиялық бір әдемі кеш ұйымдастырып, сонан соң оны тиянақты түрде жыл сайын өтіп тұратын фестивальға айналдырайық деп келістік. Жобамызды нақтылай келе, оны жастардың «Жігер» фестивалі деп атасақ деп ұйғарғанбыз. Бөлім басшылары ұсынысымызды құлшына құптады. Барлық поэзия кештеріне жастар ғана емес, Алматының бетке шығар зиялылары, үлкен қайраткер ағамыз – бөлім меңгерушісі М.Есенәлиевтің өзі келіп қатысып жүрді.
Алғашқы шарамыз жұртшылық көңілінен шығатындай биік деңгейде өтсін деген ниетпен жұртшылыққа жақсы мәлім, сол тұста атақтары «жер жарып» тұрған, әйтсе де «жастар санатынан ұзай қоймаған» Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов қатарлы танымал ақындардан бастайық деп шештік. Кеш жақсы өтті әрі мәдени үлкен оқиға ретінде өте жақсы баға алды.
Келесі бір жолы марқұм Нүтфолла Шәкенов аға екеуміз Жазушылар одағының залына тағы бір жиырма-отыз «жас періні» жинап алып, өлең оқытып жатқанбыз. Әлі әзір өлең техникасын анық меңгеріп үлгермеген талапкерлердің «шикілі-пісілісі» тырнақалды өлеңдерін тыңдайтыңдай, жалыға бастаған шағымызда, сахна төріне Серік Ақсұңқарұлы шығып, «Арғымақтар» деген өлеңін оқыған: «Сәуірбек аға! Ғафу ет сұрағаныма. Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!» деп бастады да, ырғағы бөлектеу, мазмұны тосындау ұзақ өлеңді жігерлі үнімен шұбырта төкті дейсің. Қалғуға көшкендей едік, ұйқымыз ашылып кетті. Тынып, тыңдап отырмыз. Көз алдымыздан көне тарих елестері де, жаңа заман белестері де сырғып өтіп жатқандай. Өлеңнің соңғы шумақтарында: «Айтыңызшы, ақын, тұлпарлар енді соғысқа қатыса ала ма?» деген сұрақ қойылып, оған: «Тек колбаса болып қатысар» деген жауап берілетіні барды. Соған жеткенде манадан тынып отырған жастардың бірі күліп, бірі қол соғып, гуілдеп барып басылған. Бұл, әрине, ұзақ өлеңдегі еріксіз есте қалар ұтымды штрих еді. Қаншама жылдар өтсе де, мен де әлі ұмытқам жоқ. Серіктің ырғағы бөлек, нық та шымыр даусы да, Ақсұңқарұлы дейтін поэтикалық әдемі ныспысы да есімде біржола қалып қойды.
«Ақсораң сынды кенжесі едім Алтайдың. Алматы деген бір Ару қызға қол жетпей, Қарағандыда… Қара шал болып қартайдым» деп өзі айтпақшы, бүкіл өмірін туған өлкесі Арқада өткізді. Бірақ, Өлең өлкесінен табан аудармағанын білетінмін. Мерзімді басылымдарда оқта-текте жарық көретін өлеңдерін оқып қалып жүргем. Талантының қуатын маған анық танытып қойған ғой, ұмыта алмай, сұрастыра жүрер едім. Бір күні, шамасы, екі мыңыншы жылдардың басында ғой деймін, қолыма «Төбемнен жауһар жауып тұр» деген шымқай қара мұқабалы әдемі жинағы түсті. Кездейсоқ түскен жоқ, жөнімен, ресми жолмен түсті. Мен ол кезде Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі едім, ал әлгі кітап сол жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған екен. Бас көтермей, сүйсіне оқыдым. Баяғы «Арғымақтарды» да осы жинақтан жолықтырғам. бірақ, Серіктің сыйлыққа қолы жетпеді. Сыйлықты кітаптың салмағына қарай емес, авторының мансабына яки, сүйрелеушілерінің беделіне қарай беретін ауру меңдеген заман ғой. Ал, сол жолғы сыйлықтың кімге тигені есімде жоқ. Білетінім, Серіктің дүниесінен артық емесі анық еді, әйтпесе, есімде қалуға тиіс қой! Мейлі ғой, қолдаушылары мықтылау болған шығар, не көптеу болған шығар.
Серіктің өлеңдерін жақсы көрем. Кейде бір көңілім құлазып, үйге сыймай отырғанда, өлең оқитын әдетім бар. Көбіне Абайды оқимын, не Фариза мен Серікті қолға алам. Жақсы өлең оқу да жақсы ән тыңдауың секілді, қанша оқысаң да, жалықтырмайды.
Оқтын-оқтын мен қайталап оқып қоятын осы үшеуінің қазақ мінезін, кісі құлқын танытатын адами толғаныстарында бір терең үндестік бар секілді. Егер ақын болсам осыларша жазар ма едім деп ойлаймын. Іштегі шеріңді шығаруға өлеңнен артық не бар, шіркін?! Түрікмендердің өлеңді «шер» деп атайтыны тегін дейсің бе?! Қанша айтқанмен заманымыз бір әрі еразамат емеспіз бе, Серік інім менің көңілімнің қыл пернесін тіпті дөп басатын сықылды, бүкіл іштегі дертімді сол шертіп тұрғандай сезінем. Ойлап қарасам, менікі де Серіктікі секілді сонау көне заманнан қордаланып жеткен шер ме деймін: тарихты да ойлаймын, кешегім мен бүгінімді де ойлаймын. Ертеңге де көз жүгіртем. Сондағы қаузайтынымның бәрі Серікте тұр. Жүрегімді сыздатып отырып оқимын, сүйсінем, ойға батам…
Тағы бір өлеңінде ол: «Бір өзінен басқа жұрт білмейді оны, Латын тілі секілді бұл – Қазақ тілі» дейтіні бар. Беу, дүниеай, бұның бәрі мені де күнде мүжитін кермек ой – «жегі құрт» емес пе!? Прозама сала алмай, Серік інімше жырға қосып күңірене алмай, мақалаларым мен сұхбаттарымда сыздықтата түртпектеп жүрген күпті ойларым ғой!
«Ана тілім, Алашымның көзі едің, өртенеді өзегім. Үндемейді бесік жырын айт десем, өгей шеше – өз елім» дейді ақын бір өлеңінде. Қатқылдау айтып тұр, бірақ шындығы сол. Сол кезде «Латын тілі» деген басқа өлеңі тағы оралады ойыңа: «О, Латын тілі! Жарқылдағансың жаһанның жауындарында. Цицерон болып саңқылдағансың тарихтың дауылдарында… Вергилий сенде жырлап ерлікті, Ездікті Цезарь тұл қылған».
Ал осы ұлы тіл бүгінде жоқ, өлген. Жекелеген сөздері термин ретінде тек медицинада қолданылады: «Темір шарбақты алаң бар сонда, барам ба, қайтем – шақырса? Ақ халат киген адамдар сонда сөйледі екен латынша». Тілдесетін, сырласатын басқа тірі көкірек таба алмай, құса болған, зарыққан адамша тағдырына налыған қайран Ұлы Тіл! Соны елестетіп, у жалағандай тітіркенетін ақын: «Уақыттың Дауылын сезінем мен де, Мәңгілік деген бекер ғой. Ділдер түгілі, кезі келгенде, Тілдер де өледі екен ғой!» дейді. Өзегіңді өртейтін өкініш дейміз бе бұны? Ана тілінің болашағына алаңдаған ойлы азаматтың жан түршігісі дейміз бе? «Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін, Тимеші ана тіліме» дегізген сол емес пе? Жалынышқа барабар ақын тілегін оқығанда, перзенті үшін отқа түсуге даяр шарасыз кейуананы елестеткендейсің. «Есігіңді ашпа есіре күштерге, Жалмауыз күштерге жат үні. Зәрем ұшады есіме түскенде, Латынның соңғы ақыны!» деп бітіреді ол өлеңін. Жүрегіңді сыздатып, жаныңды тілімдейтін сөздер. Ақын міндеті де, миссиясы да осы емес пе? Серік соны жасады. Қалғаны – сенде, менде…
Егемен деген аты бар халқымыздың кіріптар құлқын, тоғышар тіршілігін көріп тұрып, баяғы бұла қазақтың, одан да әріректегі төрткүл дүниені тітірентіп өткен Түрік бабалардың ерлікке толы өмірін, асқақ рухын аңсап шамырқанады ол. Шамырқанғанда табатыны – сол баяғы Көк бөрінің бұла ұрпағы – Көк Түріктері! «Дүние неге бөлек ойға қалды, ол онда көк ғасырын тойлағанды. Ғаламзат – Көк Тәңірі, Көк Түркі бар, Көк бөрі ғана бар деп ойлағанды… Түркіге түбі тексіз жүйе қасты, Бетіме қай сұм келіп күйе басты?! Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден көз жазып, Көк бөріден кие қашты?!» Жауабы жоқ көп сауал. Сүйімбайдың: «Бөрілі менің байрағым! Бөрілі байрақ көтерсе – Қозып кетер қайдағым!» дейтін шумағын шығармасына эпиграф етіп алатын себеп, міне, қайда жатыр! Көптеген жырларының басты «кейіпкері» Көк бөрі болатын себеп те сонда. Тіпті, «Қасқырдың монологы» деп шиыршық атқан жыр жазады: «Бізбенен иттің тегі бір дейді, Рас па, қасқыр бабалар?! …Иттермен бірге туысқан болсақ, Не болды – ата тегіміз?!» Бұл енді – сырттан бөрінің «астамшылығын» яки «тәкаппар өзімшілдігін» бейнелейтін сауал емес, «жердегі өңшең пенделерге» жасалар поэтикалық параллельдің түрі. Серіктің іздейтіні де, көздейтіні де – рухы басқа жандар. Қазақта да небір қайсар көкжалдар өтпеп пе еді! «Қазақ әдебиеті» дейтін Ұлттық банкте қазынасы қалған» Қазтуған, Ақтанберді, Доспанбеттер бар еді ғой! Бертінгі жалынды ақын Махамбет кімнен кем!? «Басымды берем Баймағамбетке! Жүректі бере қоймаспын!» дейтін ол. Айтқаны – айтқан! Басын бергені рас…
Батырлар басын бергенмен, басын беруге болмайтын тұлғалар болады! Кенесарының басы көп батырдың бірінің басы емес, ханның басы еді – мемлекеттің символы еді. Тәуелсіздіктің символы еді! Оның «түкті жүрегін» халық өз жүрегіне жерлейтіні содан. Лирикалық кейіпкердің: «Кеудемде түкті жүрегім лүпілдеп, Басымды іздеп жүрмін мен» дейтіні содан. «Алаштың тау мен тасына, Талыстай таңба басылып, Ит пен құс шықты басыңа, Басыңның жоғын басынып» дейтінінің мәнісі де сонда жатыр. Бодандықпен өткен 160 жылдың қара таңбасы – бұл…
Әйтсе де, Серіктің іздейтіні – тек саяси тәуелсіздік қана емес, қазақтың баяғы бұла болмысына тән өр намысы! Бүгінде «ертегіге» айналғандай көрінгенмен, Қазтуған мен Ақтанберді жырларынан ұрандап тұрған Өр Рух! Рухани азат үн! Серіктің жырларындағы өрліктің төркіні, міне, сол жақта. Нәрі сол жақтан келген. «Түркі жұрты бұл дүниеге не батыр боп келеді, Келеді не ақын боп» деп тегін айтпайды ол. «Абылнама» дейтін жаңа дастанында: «Батыр бола алмаса – ақын емес, Ақын бола алмаса – батыр емес» деп нақтылайды ол әлгі ойын тағы да. Демек, бұла жырдың көзі – ақынның өзінің өр табиғатында жатқаны. Шынында да, нағыз ақын батыр болу керек деп білем. Шындықты қай заманда да шырқыратып азулы ақын ғана айтқан! Не хас батыр ғана айтқан! «Ертеңгі күн елес әлі, Бұлдырап тұр шашып от. Қазақ деген – Кенесары, Денесі бар, басы жоқ» деп айту үшін Жүрек қана емес, Мұрат керек. Халықтық үлкен мұрат!..
Серіктің кез келген лирикалық өлеңінен үнемі осы өр үн естіледі. Барша азаматтық лирикасынан кіл асқақ Рухтар үн қатып тұр. Ол – Көк бөрілердің, Күлтегіннің заманынан жеткен үн! Одан да бұрынғы Еділ патша мен кейінгі Шыңғыс заманынан жеткен үн! Бертінгі Қарғабойлы мен Қазтуғанның үні! «Көк Тәңірі Көктен Жерге сауып нұр, Еділ Патша елге келді шауып бір! Қайда жөнеп барасыңдар ауып бұл?! …Қазақты қайырып Түркіге, Төбемнен жауһар жауып тұр» – дейді ақын «Адасқан ұлдың ата жұртына қайтып оралуы» деп аталатын өлеңінде. Осы өлеңімен ақын өз жырларының қазақ поэзиясындағы орнын белгілегендей. Қазтуған мен Доспанбеттің қасына барып жайғасуды қалайтын тәрізді.
«Бекболаттың қобызы», «Едіге жыры», «Ей, Байбөрі! Байбөрі!» тәрізді эмоциялық қуаты тасып төгіліп жатқан жігерлі туындылары да соны тағы мойындата түсетіндей. Көк Түріктің ұрпағы екеніміз еріксіз еске түсіп, қалғуға айналған намысымыз оқыс оянып, шетімізден Көкжал бөріге айналып жүре беретіндей сезімге бөленетін сияқтымыз. Ақынның өр үні бізді соған шақырады, соған сендіреді. Өзгені қайдам, мені сендірді. «Түркіге қайтарды…»
Мен Серік шығармаларының бірақ қырын – азаматтық лирикасындағы лейтмотивтік сыпаты басым ұстын қырын ғана атап өттім. Оның ойшыл ақын ретінде толғайтын сыршыл да мол көңіл-күй лирикасы өзінше бөлек сөз етуге лайық. Ол тұстан да айтары жоқ нашар өлең таппайсың! Мұң мен сағыныштан құралған «Қайран шешем» және «Қарқаралы – қара орманым» деп аталатын, сюжетсіз поэмаға бергісіз тізбекті жырлары қандай! Нәзіктік керек пе, өрлік керек пе, тереңдік керек пе – бәрі бар, бәрі сонда. «Түн жыры» өлеңі ертегілік сюжеттен заман проблемасына жалғасатын тамаша баллада деуге лайық. Ал, енді «Қызыларай ауылы. 40 әйел, 4 еркек» деп аталатын шағын өлең хас шебердің қолынан шыққан новеллаға бергісіз туынды дер едім. Төрт жылға созылған неміс-орыс соғысы кезіндегі қазаққа төнген сойқан тірлікті осынша өткір штрихтармен беру… Қазақ прозасында да, поэзиясында да сирек кездесер шеберлік.
Серік – арқалы ақын ғана емес, үлкен интеллектуал. Өлеңдерінен білімділік есіп тұрады. Тіпті, көптеген өлеңдерінің мәнісін білім деңгейі төмен оқырман ұқпауы мүмкін. ХХі ғасыр ақынының қаламынан туған жыр тұғыры осылай биік болғаны жөн-ақ! Әлбетте, поэзия тоғышар тобырдың ермегі емес, бекзат талғамның еншісі.
Марал ЫСҚАҚБАЙ.