Жаңалықтар

Көкжәшіктегі көкжиек

Мақтанғанымыз емес, Қарағанды журналистика мектебінің өз биігі бар. Әсіресе, телеиндустрия саласында. Өңірдегі арналардың байыпты бағыттары бар болғандықтан, олардың телеөнімдері – өтімді. Сол себепті де арна елден, ел арнадан алыстамады. Олар аймақтың ғана айтарын емес, тұтас ұлттың сөзін сөйлейді. Арнайы түсірілген сюжет, бағдарлама арқылы. Біз бүгін соған шолу жасап көрмекпіз.

Сурет Depositphotos

Жасырары жоқ, телеарнадағы рейтинг қуалаған түрлі ток-шоуға көптің көңілі тола бермейді. Бірақ, «Saryarqa» телеарнасының үлкен студиясында түсірілетін «Ойталқы» саяси-қоғамдық ток-шоуының көздегені әсте ол емес. Хабарда ел ішіндегі іркіліп тұрған мәселелер студия қонақтарымен, яғни, арнайы мамандар, халық қалаулылары және зиялы қауым өкілдерімен бірге талқыға салынады. Яғни, ашық пікірдің алаңы. Мәселен, той мәдениеті, отбасы құндылығы, бала тәрбиесі секілді толғаулы тақырыптар жөнінде түрлі пікір таразыланады. Мұнымен қоса, аймақтағы проблемаларды өткір көтеріп, оның шешілу жолдарын қарастырады. Энергетика саласының ақсап тұрғанын, ауылдардың сапалы интернетпен қамтамасыз етілуін бағдарлама арқылы байыптайды. Айына екі рет шықса да, атауы айтып тұрғандай тақырыпқа сай түрлі ой талқыланады.

Белгілі журналист Әшімхан Жанпейіс­овтің «ДАТ» ақпаратты-сараптамалық тележобасында да таңдаулы тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбиді. Тележурналистиканың тарланбозы облыстың саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани өміріндегі маңызды деген оқиғаларға сараптама жасайды, сол арқылы көрерменге ой тастайды. Тележобаның әр санында экономика мен экология, тарихнама мен ұлттық рух, тіл мен дәстүр, өнер мен мәдениет, қоғамдық келісім мен татулық, заң мен құқық қорғау, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт денсаулығы, білім мен ілім, өндіріс пен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қорғау сияқты қоғамның сан алуан саласы қамтылады. Жиырма минуттық тележоба кеңістіктегі оқиғаларды уақыттың өлшеміне салынған микрожиынтық ретінде бағамдайды.

«Бірінші Қарағанды» арнасындағы Андрей Теннің «Подкаст.krg» авторлық бағдарламасының қарағандылықтарға пайдасы тиіп тұр. Сараптамалық бағытында экранға шығатын бағдарламада жол, су, жарық, көше тазалығы секілді тұрғындардың мәселесі ашық айтылады. Және арнайы шығарылым ізімен олардың шешілу барысы барынша қадағаланады.

Қазақ тіліне әлі де қамқорлық керек. Осы орайда «Бірінші Қарағанды» арнасы мемлекеттік тілге арнайы бағдарлама арнап отыр. «Тіл-тұғырым» атты. Онда мемлекеттік тілді білудің арқасында жетістікке жеткен өзге этнос өкілдері, өңіріміздегі мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлері, сала мамандары қонақ болып, қазақ тілінің насихатталуы аясында сөз қозғайды.

Мұнымен қоса, аталған арнаның «Бағыт» бағдарламасының әр шығарылымында әлеумет, экономика, өндіріс, қаржы саласындағы реформалар барынша тарқатылады. Бұдан көрермен өзіне қажетті мол мәлімет алып, танымын арттырады.

Жақында жарық көрген «Таным» бағдарламасының да бағыты айқын. Яғни, арнайы репортаж арқылы өңірдегі ғылым саласын зерделейді. Жас ғалымдардың жаңалықтарын жарыққа шығарады.

«5 арнадағы» журналист Айдын Тонтайтегінің «Ел тағдыры – ерге аманат» атты авторлық бағдарламасының көрерменімен қауышқанына бір жыл толды. Рас, қазір жастар Отан қорғаудан қашады. Әскери журналистің бағдарлама арқылы көздегені – жастардың рухын көтеру, елін, жерін қастерлеп, қадірлеуге үйрету. Бұл аймақтағы телеарналар арасында әскери өмір көрсетілетін жалғыз телебағдарлама екенін айта кетуіміз керек.

Аймақтағы телеарналардың таңғы бағдарламаларға да таласы бар. «5 арнаның» жиырма минуттық «Сәтті күн болсын!» таңғы бағдарламасы көрерменге серпіліс, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Онда түрлі қызықты сюжеттер көксандық арқылы көпшілікке ұсынылады. «Saryarqa» телеарнасындағы «Сәлем, Қарағанды!» танымдық таңғы бағдарламасы да өз көрермендерін баурап үлгерген. Бұдан көпшілік арайлап атқан әр таң сайын қызықты ақпаратқа қанығып, әуезді ән тыңдап, мамандардың келелі кеңесін кезіктіреді.

Сонымен қатар, «5 арнаның» «Спорттық бестік!» бағдарламасында өңірдегі түрлі спорт түрінен жетістікке жетіп жүрген спортшылар, олардың бапкерлері қонаққа шақырылады. Сонымен қатар, спорт залдарындағы жаттығуларды, түрлі додаларды арнайы сюжетке түсіріп, көрерменге ұсынады. Осы бағыттағы «Saryarqa» телеарнасының да «Арена» спорттық бағдарламасы бар. Екеуінің де мазмұны, мақсаты – бір.

«Saryarqa» телеарнасындағы «Аймақ айнасы» хабары ауыл-ауылды аралайды. Ондағы қоңыр тіршілікті, ерекше кейіпкерлерін, еңбек адамдарын таспалайды.

Қысқасы, өңіріміздегі телеиндустрия­ның бүгінгі телеөнімдері осындай. Барлығы елдің ортақ игілігіне бағытталған. Дегенмен, бағамдайтын да, бағалайтын да, әрине, мәртебелі көрермен!

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button