Көктің нұры төгіліп…

Сарыарқаның сайын даласын сағындыра жететін Ұлыс мейрамы – қысы қытымыр, жазы жайдары Арқа жұрты үшін айрықша әрі қастерлі. Алты ай қыстың құрсауынан шыққан кеншілер өлкесінің тұрғындарына Наурыздың әр шуағы – үміттің, әр лебі – жаңарудың жаршысындай. Биылғы көктем де ерекше мейірімін төгіп, күн күліп, аспан ашылып, айнала нұрға бөленіп тұр.
Арқа топырағы – талай асылдың кіндігі кесіліп, өрелі өнердің бесігі болған құтты мекен. Осы қасиетті өңірде қазақтың дәстүрлі әні қалықтап, халық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа аман жетіп келеді. Бұл күні әр шаңырақта қазан көтеріліп, ақ молайып, ағайынның арасы жақындай түседі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіліп, салт-дәстүріміз қайта түлейді. Ән шырқалып, күй төгіліп, даланың үні мен халықтың жаны бір арнада тоғысады. Сол әуендер арқылы біз өткенімізді түгендеп, бүгінімізді бағамдап, ертеңімізге бағдар жасаймыз.
Наурыз – бірліктің, берекенің, жаңарудың мейрамы. Бұл күні айтылған әрбір ақ тілек қабыл болсын, әрбір ниет оң болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасы амандығын, еңбектеріңізге береке тілеймін! Әр шаңыраққа шаттық пен ырыс орнап, ел іргесі берік, мерейі үстем болғай! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Наурыз құтты болсын!
Жақсыкелді КЕМАЛОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері



