Бас тақырып

Көктемнің жаршысы

Көктемнің алғашқы лебі есіп, күн шуағы жалқындана бастағанда, қазақ халқы жылма-жыл Амал мерекесін атап өтеді. Яғни, Көрісу күні – көктемнің жаршысы іспеттес. Қаймана халықтың бір-бірімен көрісіп, жыл басын қарсы алатын ерекше күн. Амал – жай ғана мереке емес, халықтың бірлігін, ынтымағын нығайтатын рухани дәстүр. Биылғы Амал мерекесі еліміздің әр өңірінде кең көлемде тойлану үстінде. Ал, облыста аталған мәні терең дәстүрдің өзіндік ерекшелігі мен қалыптасқан сипаты бар.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Жыл басындағы жарасым

«Амал келді, жыл келді!» деп халқымыз Наурыздың жаршысы саналатын бұл мерекені ерекше ықыласпен қарсы алады. Амал – күн мен түн теңесер Наурыз мейрамының кіріспесі рәуішті. Бұқара елдің араздық атаулысын ұмытып, кең пейілімен бір-біріне ақ тілек арнайтын, ерекше маңызға ие мереке.

Шын мәнінде, бұл күн – ұлттық бірегейліктің, халықтың мейірімділік пен бауырмалдық қасиеттерін айшықтайтын ерекше мереке.

Асылы, Амал мерекесінің тамыры тереңде көрінеді. Қазақ халқы осы күні қарияларға сәлем беріп, кішілер үлкендердің батасын алатын дәстүрді берік ұстанып келеді. Аталмыш мерекені кейбір өңірлерде «Көрісу күні» деп те атайды. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау аймақтарында дестелі дәстүр кеңінен сақталған.

Ұлттық бірлік жаңғырығы

Ұшқан құстың қос қанаты талар ұлан-ғайыр атамекеніміздің әр тарабында Амал мерекесі соңғы жылдары ұлттық құндылық ретінде қайта жаңғырды. Бүгінде Амал мерекесі мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде ерекше атап өтіліп, ұрпақ санасына сіңірілуде.

Осы орайда өндірісті өлкеміз – қазақы дәстүрлер мен заманауи үрдістер үйлесім тапқан орталық өңір. Мұнда да Амал мерекесі де өзіндік ерекшелік нақышына сайма-сай тойланады. Облыстағы этномәдени бірлестіктер бұл күнді бейбітшілік пен ынтымақ мерекесі ретінде атап өтеді. Әсіресе, жастар арасында көрісу дәстүрін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.

Қарағанды қаласының тұрғыны Сәуле Мырзаханқызы:

– Амал мерекесі – қазақтың өмірлік фи­ло­софиясының көрінісі. Бұл күні ре­ніштер ұмытылады, адамдар бір-біріне шынайы ниетпен жақындайды. Облысымызда деңгейлі дәстүр жыл сайын ерекше мән-маңыз­ға ие болып келетіні қуантады, – дейді.

Мейірім айнасы

Қайыр-қош, қазақ танымында 14 санының өзіндік терең мәні бар. Ай толған түн – әр айдың дәл осы күні, бұл құбылысты халқымыз ежелден қаперінде ұстаған. Көнеден жеткен есептеу жүйесінде де жыл басы осы күннен басталатыны айтылады. Мұндай мәлімет Шығыстың даңқты шайырларының бірқатар еңбектерінде кездеседі. Мұның бәрін түйіндей келе, халқымыз қыз баланы «Он төртінде толған айдай» деп әлпештеуі де осы қасиетті түсінікпен астасып жатыр.

Амал мерекесі – қазақ халқының дархандығы мен бірлігін көрсететін ерекше күн. Көрісу жоралғысының кей өңірлерде ұмытыла бастауына кеңестік кезең идеологиясы әсер еткен. Бұл – өткенді салауат етіп, болашаққа бағдар жасайтын мейірім мерекесі десек жарасар. Бүгінде мемлекет тарапынан ұлттық дәстүрлерге басымдық беріліп, тарихи құндылықтарымыз қайта жаңғыруда.

Амал мерекесі – ағайынның арасын жақындатып, ел бірлігін айшықтайтын ұлы күн. Көңілдерге шуақ, жүректерге жылулық сыйлайтын қасиетті Амал күні құтты болсын, ардақты оқырман! Армысың, ару күн! Армысың, тіршілік!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button