АймақҚарағанды

Көктемнің әр күні жылға азық

Күн жылынып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары аймақта биыл да қарқын алуда. Мемлекет басшысы ауыл еңбеккерлерімен кездескен форумда агроөнеркәсіп кешеніне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлу керектігіне баса назар аударды. Егістік алқап пен жайылымдық жерді ұлғайтумен қатар, күтіп-баптау, әрі қолдау үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатқандығын тілге тиек ете келе, «Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі» деп атап өтті.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақта агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ұлттық жобада көрсетілген межелерді жүзеге асыру мақсатында көктемгі егіс жұмыстарына уақытылы және сапалы дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Ылғал жабу жұмыстары қарқын алып, дәнді дақылдарды сіңіру 10-шы мамыр мен 25-ші мамыр аралығында жүзеге аспақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша егістік алқаптарды әртараптандыруға басымдық берілді. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 908,7 мың гектар алқаптан 1 млн 304,6 мың тонна астық алынды, түсімі 14,5 центнерді құрады. 30,7 мың гектар алқаптан 32,3 мың тонна майлы дақылдар, 15,4 мың гектардан 372,9 мың тонна картоп және 2 мың гектардан 74,8 мың тонна көкөніс жиналды.

Биыл егіс алқабының жалпы көлемі 1 млн 193,2 мың гектарды құрайды деп жоспарланып отыр. Былтырмен салыстырғанда 104,9 мың гектарға артық. Сонымен қатар, әртараптандыру жоспарына сәйкес жемшөп және майлы дақылдар алқабын ұлғайту көзделуде. Астық алқабы – 956,9 мың гектар, картоп алаңы – 12,3 мың гектар, көкөніс – 1,02 мың гектар, жемшөп дақылдары – 172 мың гектар, майлы дақылдар – 46,7 мың гектарды құрайды.

Егістік алқаптан мол өнім алудың бірден-бір жолы – сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштарды қолдану. Осы орайда, көктемгі егісті жүргізу үшін 109,4 мың тонна дәнді дақылдар тұқымы себілді, оның 100,5 мың тоннасы немесе 92,2%-ы – жоғары өнімді, 80,2%-ы – 1-3 репродукциялы тұқым. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің басым көпшілігі элиталы және І репродукциялы тұқымды «А.Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-нан және «Шахтерское» ЖШС-нан сатып алып отыр. Сонымен қатар, еліміздің басқа өңірлерімен бірге, Ресей мен Голландиядан да тұқым әкелуде.

Биыл 93 мың тонна көлемінде минералдық тыңайтқыштарды егістікке қолдану жоспарлануда. Бұл егістік алқаптың 62%-ын қамтиды. Тыңайтқыш құнының 60%-ы мемлекет тарапынан субсидияланса, 40%-ын күзгі дала жұмыстары аяқталған соң шаруашылық өзі өтейді. Бүгінгі күнге «КазФосфат» ЖШС «КазАзот» ЖШС арқылы 15,1 мың тонна минералды тыңайтқыштарды сатып алуға шарт жасалды. 13,5 мың тоннасы жеткізілді.

Сонымен қатар, Үкімет резервінен тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша 1 млрд теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы дақылдары зиянкестерімен және арамшөппен күресу үшін 290 мың литрден астам пестицидтер сатып алуға шарт жасалған.

Өңірде суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары да кешенді түрде жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарына бекітілген 77,1 мың гектар суармалы жердің 34,5 мың гектары пайдаланылуда. Биыл суармалы жерді 8,7 гектарға ұлғайтып, 46,2 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Егіс науқанын жүргізуге 10,5 мыңға жуық трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам бірлік сепкіштер және 9,7 мың бірлік өзге де техника тартылады. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 19,2 мың тонна арзандатылған дизель отынын сатып алуға 680 өтінім берілген.

Көктемгі егіс және егін жинау науқанына «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясынан» 201 ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер 8, 590,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұдан бөлек көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын субсидиялау үшін 5 млрд теңге мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button