Көктемнің әр күні – жылға азық
Өткен жұма күні Абай қаласының мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВТЫҢ төрағалығымен аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамыту және 2018 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша облыстық мәжіліс өтті. Жиын барысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу, өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласының жағдайы және оны алдағы уақытта дамытудың негізгі бағыттары, оған көрсетілетін мемлекеттік қолдау сынды маңызды мәселелер қаралды.
Мәдениет үйі фойесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер назарына ауқымды көрме ұйымдастырылыпты. Яғни, жақын және алыс шет елдердегі, сонымен қатар, өз еліміздегі ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілер түрлі техника мен оған қажет қосалқы бөлшектердің кең үлгісін ұсынды.
Жиынға қатысушылар қатарында Абай қаласының әкімі Бауыржан Асанов, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария саласындағы облыстық басқармалар мен мемлекеттік мекемелер басшылары, «КазАгро» АҚ өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, арнайы ат шалдырған Қазақстан және Ресей ғалымдары болды.
– Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша облысымыздың өткен жылғы қорытындысы жаман емес. Аталған саланың жалпы өнімі – 1,6%-ға, инвестициялар – 6%-ға өсті. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыста 818 мың тонна – дәнді-дақылдар, 322 мың тонна – картоп, 102 мың тонна – көкөніс жиналды. Бұл көрсеткіштерге мемлекеттік қолдау және сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесінде қол жеткізілді. Биыл Елбасы Жолдауы аясында агроөнеркәсіп кешеніне өте жоғары міндеттер қойылып отыр. Яғни, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын екі жарым есеге арттыру міндеті тұр. Сонымен қатар, Президентіміз «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екенін айта келіп, жаңа технологиялар мен бизнес модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру қажеттігін айтқан болатын, – деді Серік Шайдаров.
Бұдан әрмен, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағынжан Апақашов баяндама жасап, өткен жылдың жетістігі мен биыл атқарылатын жұмыстарға, егіс алқабы, жанар-жағармай мәселелеріне тоқталды.
– Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың өткен жылғы қорытындысы оң нәтиже беруде. Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың барлық негізгі бағыттары мен мақсатты индикаторлары орындалды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 246,5 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 102,2 млрд. теңге, мал шаруашылығы – 143,7 млрд. теңге. Нақты көлем индексі – 101,6%. Елбасы тапсырмасына сай, 2022 жылға дейін еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімділігі де артады деген сөз. Осы мақсатта негізгі 4 бағыт айқындалды. Олар – заманауи нақты технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды жеделдету және мал шаруашылығын дамыту. Міне, мемлекеттік қолдау шаралары да осы бағыттар бойынша жүргізіледі, – деді Сағынжан Апақашов.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 7,9%-ға артып, 266,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Бұған егіс алқабы аумағын ұлғайту, мал басын арттыру, сонымен қатар, жаңа шаруа қожалықтарын құру және жұмыс жасап тұрған қожалықтарды өрістету арқылы қол жеткізілмек. Сөйтіп, биыл жаздық егіс жұмыстары 909,2 мың гектарды қамтып, өткен жылмен салыстырған 55,8 мың гектарға артпақ.
Мәжіліс жұмысын аудан әкімдерінің орынбасарлары жалғап, атқарылып жатқан жұмыстар турасында бяндады. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министірлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Әзілхан Абақанов ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарының ауруы мен аса қатерлі зиянкестермен күрес тұрғысында мәлімет берді. Бұдан өзге, Ресей және Қазақстан селекционерлерінің, ауыл шаруашылығы бойынша қаржы ұйымдарының, жаңа технологиялар енгізу бойынша зерттеу институттары ғалымдарының және шаруа қожалығы басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Шара соңында Серік Шайдаров мәжіліс жұмысын қорытындылап, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушыға, аудан әкімі орынбасарларына, облыстың жер қатынастары басқармасы басшысына нақты тапсырмалар берді. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жұмыстарын жалғастырып, науқанның уақытылы өтуін қамтамсыз етуді жүктеді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суретті түсірген: Қ.БЛЯЛОВ.
АБАЙ ауданы.