Жаңалықтар

Көктемгі егіс жұмыстары қалай өтеді?

Елдегі төтенше жағдай режимі мен аймақтағы карантин шаруалардың тұрмысына қалай әсер етеді? Ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтар не істеуі керек? Қосалқы бөлшектерді қайдан алуға болады? Бұл сауалдарға облыс әкімінің баспасөз қызметі жауап берді. 

  •  Көктемгі егіс жұмыстары қалай өтеді?

Карантинге байланысты Қарағанды облысында автокөлік қозғалысы шектелді. Бірақ жүк машиналары қажетті нормаларды сақтай отырып, карантиндік периметрден кедергісіз өтуі мүмкін. Сондықтан тұқымдарды, жанар-жағар майды және басқа да ауыл шаруашылығы құралдарын тасымалдауда қиындық болмайды.  
Көктемгі егіс жұмыстары бұрынғы тәртіп бойынша, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.

  •  Ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектерді қайдан сатып алуға болады?

 Қарағандыда ауыл шаруашылық техникасына арналған жабдықтарды сататын алты ірі дүкен бар. Бірақ, олардың қазір жабылуына байланысты облыстық ауыл шаруашылық басқармасы қосалқы бөлшектерді онлайн-режимде сату және оларды блокпостқа жеткізу мәселесін пысықтауда.
Сонымен қатар, кейбір аудан орталықтарында да осы секілді онлайн-дүкендер жұмыс істейді.

  •  Ауыл шаруашылық құрылымдары үшін жеңілдетілген жанар-жағармай материалдарын қалай алуға болады?

Биылғы жылы көктемгі дала жұмыстарына 19 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол жеңілдетілген бағада сатылады. Қазір онлайн-режимде келісім-шарттар жасау және есеп айырысу жұмыстары жүргізілуде. Жанар-жағармайды үздіксіз жеткізу қамтамасыз етілген.

  • Карантин периметріндегі елді мекендерге ет және сүт қалай жеткізіледі?

 Егер барлық санитарлық нормалар сақталса, онда карантин аймағының қалалары мен елді мекендеріне сүт және ет өнімдері кедергісіз және шектеусіз түседі.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының әкімдігі жанынан карантин кезінде халықтың сұрақтарына тез жауап беру үшін жедел әрекет ету орталығы құрылған болатын. Орталық тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейді. Сұрақтар Senim 109 қызметінен келіп түседі. Орталықта барлық облыстық басқармалардың, департаменттердің, санитарлық қызмет пен полицияның мамандары жұмыс істейді.
Байланыс-орталығына Facebook-тегі Senim 109 парақшасы арқылы хабарласуға болады. Әлеуметтік желілердегі барлық хабарламалар #senim109 хештегімен белгіленіп, 25 символдан кем болмауы тиіс. Шағым мен ұсыныстарды senim109.kz Telegram-бот арқылы және senim109.kz интернет-порталына жіберуге де болады. 

Басқа материалдар

Back to top button