Көктемгі абаттандыру көп кешікпейді
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығын аралап, әлеуметтік және коммуналдық сала нысандарымен, кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Сонымен қатар, жеке қабылдауында көтерілген қала тұрғынның өтініші бойынша Сәкен Сейфуллин көшесіне де ат басын тіреді.
Қарағандылықтар облыс әкіміне өздерінің қалада тұрғанымен жағдайы ауылдағымен бірдей екенін айтты. Өйткені, қаланың аталған бөлігіндегі көшелерде жарықтандыру жоқ, үйлер газға қосылмаған, жолдар көп жылдан бері жөнделмеген.
Аймақ басшысы биыл газ өткізу жұмысының басталатынын, одан кейін жолдарды жөндеуге және жарықтандыруға кірісетінін айрықша атап айтты. Тұрғындар проблемалық мәселелерді жедел шешу мақсатында жеке бақылауына алғаны үшін әкімге алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев салынып жатқан аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған орталықта болды. Бұл – жаңа форматтағы білім беру-түзету мекемесі. Жоба облыс әкімдігімен, «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық қоры» қорларымен бірлесіп іске асырылған.
Аталған орталық 125 балаға арналған. Мұнда 100-ден астам жұмыс орны құрылып, мамандарды денвер жүйесі арқылы өздері оқытпақ.
– Орталықта балалармен нейро-түзету жұмысы үшін интерактивті және сенсорлық бөлмелер болады. Логопедтермен, дефектологтармен және басқа мамандармен жүйелі түрде сабақтар өткізуді де көздеп отырмыз. Сонымен бірге, мұнда балалар ағаштан және қыштан түрлі бұйым жасау, тігін тігу шеберханаларында қарапайым еңбек дағдыларын игере алады. Бұл – аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға көмек көрсетудің үздік әдістері мен әлемдік тәжірибелерін қолдана отырып құрылған еліміздегі сегізінші орталық, – дейді «Қамқорлық қоры» директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова.
Облыс әкімі ғимараттың жөндеу жұмысымен де танысты. Былтыр мұнда коммуникациялар мен сымдар ауыстырылған. Ал, биыл жоспар бойынша ғимараттың қасбетін жөндеу, аумағын абаттандыру, терезелерін ауыстыру көзделген. Орталық биыл тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс.
Сонымен қатар, облыс әкімі №3 автопарктің ұжымымен кездесті. Бүгінгі таңда кәсіпорында 1035 адам жұмыс істейді. Автопарк балансында 448 автобус бар, көлік қоры 80%-ға жаңартылған. Биыл 55 автобус сатып алу жоспарланса, оның 10-ы Шахтинск қаласының ішкі бағыттарына жіберілмек.
Кездесуден соң аймақ басшысы автопарктің материалдық-техникалық базасымен және жүргізушілер мен қызмет көрсететін персоналдың еңбек және демалыс жағдайларымен танысып шықты.
Жақында мұнда көлік жууу жабдығын және қазандықты жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілген. Қызметкерлерге арналған спорттық-сауықтыру кешені де жаңадан жабдықталыпты.
Автобус жүргізушілері Ермағанбет Қабдулаұлына қаладағы жолдар мен кептелістердің жай-күйіне шағымданып, Майқұдық бағытындағы айналма жолға назар аударуды сұрады.
Өз кезегінде облыс әкімі күн жылынған бетте жолдарды жөндеу жұмысын бастауды мұқият тапсырды.
Биыл Қарағанды қаласында абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар жоспарланғанын атап айту керек. Оның ішінде, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау басымдыққа ие. Сондай-ақ, басталған жобаларды аяқтау жоспарда. «Халық қатысатын бюджет» бойынша жаңа саябақтар, балалар алаңдары мен демалуға және спортпен айналысуға арналған орындар жасалады. Атап айтсақ, Қазыбек би ауданында – 65, Әлихан Бөкейхан ауданында 43 жоба жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, қаланы аралау барысында Ермағанбет Бөлекпаев 30-шы шағын аудандағы құрылыс алаңында болды.
2023 жылы мұнда кезекте тұрғандар мен «Отбасы Банктің» салымшылары үшін 358 пәтерлік 9 қабатты үш үйдің құрылысы басталған. Қазір нысанның дайындығы 60%-ды құрайды. Бүгінде №1 үйдің монолиттік жұмыстары және №2 һәм №3 үйлердің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аймақ басшысы «Оазис» шағын ауданына жылу беру жұмыстарының қалай жүріп жатқанына да баса назар аударды. Өткен жылы шағын ауданға 2 шақырым жылу желісі тартылды. Енді орталық жылу пунктінің құрылысын аяқтау жұмысы қалып отыр.
Алдағы уақытта, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар апта сайын тексеріледі. Аймақ басшысы атап өткендей, абаттандыру мен тазалық мәселелеріне баса назар аударылмақ. Қыстан кейін қала көшелері мен аулаларды ретке келтірудің аса маңызды екені де айтылды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ