Бас тақырыпҚарқаралы

Көктемейтін көкеніс жоқ, субсидия болса…

Жылыжай шаруашылығын дамыту бүгінде өзекті мәселе. Қазір өз жерімізде көкөніс піскенше өзгеге мойын бұрып, қымбатқа ұрынып қалатынымыз рас. Маусымдық мезгілмен құны құбылып отыратын қияр-қызанақтың бағасы қыста тіпті шарықтап кетеді. Ерте бау-бақша отырғызып, алдымен өзін жарылқап, артылғанын бізге жіберетін оңтүстіктің жасыл керуенін сарыла күтеміз. Дала толы алқапқа гектарлап көкөніс егіп, субсидияны қажетке жаратып отырған ағайындардың қағанағы қарқ. Ал бізде ше? Шағын ғана шаршы аумақтағы жылыжайдан шаш етектен пайда көрмесе де, барға қанағат етеді. Егер, сол көмек Орталықтағы ортан қол шаруа-бағбандарға да көрсетілсе, жергілікті өнімді жыл бойы тұтынуға мүмкіндік туар еді.

Бүгінде халық жылыжай салу арқылы мезгілдің төрт маусымында да қажетті көкөнісін алуға бейімделген. Әсіресе, ауылды жерлердегі шағын жылыжайлар тұтынушыларын қажетті өніммен қамтамасыз етіп, күнделікті қаражатын кәдеге жаратып отыр. Бастысы судан тапшылық болмаса болғаны.

Қарқаралы ауданы тұрғындарының басым көпшілігі жылыжай шаруашылығымен айналысады. Тіпті, мектептердің жанына да шағын жылыжай салып, қияр, қызанақ, қызылша, сәбіз, аскөк секілді көкөніс түрлерін егіп, жаз бойы күтіп баптап, өнім алуды дәстүрге айналдырған. Жылыжай шаруашылығы көп шығынды қажет етпейді. Қарапайым әдіс – целлофан, әйнекпен де жасап жатады. Арнайы поликорбанат жабынымен жасалатын жылыжайларда күн сәулесінің өткізгіштігі жоғары, әрі ылғалдың буға айналып кетпеуін қамтамасыз етеді. Осындай түрлі әдістерді қолданып отырған шаруалар «егер өнім мол болса, кеткен шығынды өтеп алуға болады» дейді.

– Біздің жылыжай бастапқыда жердің астында болды. Жерді бірнеше метр тереңдікте қазып, ішіне пеш орнатып жылу жүйесін тарттық. Бұл жерден төрт маусымда да өнім алдық. Тамшылатып суару әдісін қолдандық. Жердің астында температура бірқалыпты сақталады. Кейіннен жердің үстіне шығарып, израильдік технологияны пайдаландық. Күтімі өте қарапайым әрі табиғи заттарды қолдандық. Топырақты баптаудың маңызы өте зор. Мәселен, көкөніс көшеттерін отырғызбас бұрын топырақтың астына қойдың қиын салып, үстін қара топырақпен жабамыз. Сонда көшет бойына үздіксіз жылу келіп тұрады. Тыңайтқыштарды да жасау қиын емес. Сиырдың қиы, қойдың құмалағы және жылқының тезегі кальций, хлор, фосфорға бай болғандықтан осыларды ашыту әдісі арқылы тыңайтқыш ретінде пайдаланамыз. Топырақтың құнары кеткен тұста сеуіп, аптасына бір рет тамшылату әдісімен суарып, демалдырамыз. Бір қарағанда қарапайым әдіс болғанымен, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Міне осындай күтімнің нәтижесінде қиярдың бір түбінен 70-80 келіге дейін, қызанақтан 25-30 кг дейін өнім алып отырмыз. Көбіне голландиялық сортты саламыз. Ол шырынды әрі етті болып келеді. Артылғанын тұздап жабамыз. 1200 банкаға дейін жауып, 500-600 теңгеге сатамыз. Оны жердің астында қазылған арнайы орынға сақтаймыз. Өзіміздің тұрақты тұтынушаларымыз бар. Келісін 200-300 теңгеден, ал жәрмеңкеде 50 теңгеден саудалаймыз. Жылыжайға жақсы күтім жасалса, шығын артығымен өтеледі. Күні бойғы жылыжай ішіндегі маңдай тердің ақталуы тек көкөністі баптауға байланысты, – дейді жылыжай ісімен айналысатын Айнұр Керімхан.

Аудан халқын таза табиғи сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған Айнұр ханымның қияр-қызанақтары зор сұранысқа ие. Таңнан кешке дейін жылыжай ішінде жүріп, тірнектеп істеген тірлігі табыссыз емес.

Аудан шаруалары жылыжайға субсидия алуға мүмкіндігі жоқ. Оңтүстіктегідей гектарлап ексе ғана қарастырылатын қаражат, олардың жылыжай шаруашылығын дамытуына кедергі емес.

Кейінгі кездері аудан мектептерінің жанынан салынған жылыжайлар оқушылардың қызығушылығын арттыруда. Алдымен оны күтіп, баптаудың жолын білсе, өнімдерден дайындалатын тағам түрлерін де үйренеді.

– «Жас туристер» сатанциясына қарасты «Жас натуралистер» үйірмесі жұмысының басым бағыты – жылыжай шаруашылығы. Негізгі егілетіні – қызанақ пен қияр. Ақпан-наурыз айларынан бастап, кабинетте көшеттерін өсіріп, күн жылынысымен жылыжайға шығарамыз. Былтыр қауын ектік. Көлемі мен дәмі оңтүстіктен әкелетін қауындай болғанымен, әбден пісіп жетілуі үшін ұзақ уақыт керек екен. Ал, өзіміздің ауа райына көнбіс келетін қияр мен қызанақты өсіруде ешқандай қиындық туындамайды. Бұл жұмыстардың барлығы үйірмеге қатысушы оқушылардың көмегімен жүзеге асады. Олар көкөністердің өсу ерекшелігін бақылап қана қоймай, өз беттерінше үйлерінде бау-бақша өсіруге әрекет етеді. Біз жылыжайдан алған өнімді сатуға шығарамыз. Түскен қаражатқа үйірме жұмысына қажетті құрал жабдықтар аламыз, – дейді, үйірме жетекшісі Дариға Әтекеева.

Ауылды жердегі әрбір үйдің жанында шағын да болсын көкөніс егетін орын бар. Біріміз өсімдік көшетін алдыратын қаражаттың жоқтығын айтсақ, енді біріміз ерінеміз. Тұқым алып, өзіміз ексек, әлдеқайда берекелі болар еді.

Аграрлы елде тұрып, оның игілігін неге көрмеске, халықты экологиялық таза, адам ағзасына пайдалы өніммен қамтамасыз етпеске? Төбесіне бөрене тізіп, сыртын целлофанмен ораған қарапайым жылыжайлар әзірге нәпақа табу үшін таптырмайтын дүние.

Аудандағы жылыжайлар маусымдық болса да, халыққа тиімді болып отыр.

Сағыныш ӘБІЛ,

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button