Көктемде картоп бағасы 185 теңгеден аспайды
Сауда және интеграция министрлігі Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімді әкімдіктердің сұранысы бойынша ішкі нарыққа жеткізіп, қарашада килограмын 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде – 185 теңгеден асырмай сатуға міндеттелді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы картоптың болжамды өнімі – 2,7 млн тонна. Қазіргі уақытта 840,2 мың тонна жиналды. Фермерлердегі баға 90–120 теңге аралығында, ал дүкендердегі орташа баға бір аптада 3,9%-ға төмендеп, 194 теңгені құрады. Жылдық қажеттілік – 2 млн тонна. Жақсы өнім күтілгендіктен, 28 шілдеден бастап экспортқа шектеу алынды.
Вице-министр Ербол Тасжүрековтің айтуынша, фитосанитарлық сертификат беру кезінде тамызда болған техникалық ақаулар қазір жойылды, экспорт көлемі қатаң бақыланады.
Сондай-ақ, осындай келісім жасалған «Арал тұз» компаниясы бағаны 18%-ға төмендетіп, тұздың килограмын 82 теңгеге дейін арзандатты. Ал Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен келісім бойынша бір дана жұмыртқаның шекті бағасы 55 теңге болып белгіленді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА