Бас тақырыпМедицина

Көксуда жаңа модульдік ветеринарлық пункт ашылды

Қарағанды облысы Абай ауданына қарасты Көксу ауылында заманауи модульдік ветеринарлық пункт өз жұмысын бастады. Жаңа нысан ауылдық жердегі ветеринарлық қызмет сапасын жақсартуға, жануарлар денсаулығын бақылауға және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Пункт біріздендірілген блок-модульдерден жасалған. Ол үй және ауыл шаруашылығы жануарларын диагностикалауға, аурулардың алдын алуға, вакцинация жасауға, емдеуге және жоспарлы тексеру жүргізуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

 

Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов жаңа пункттің маңыздылығына тоқталып өтті:

– Қолайлы және қазіргі заманғы жағдайлары бар осындай пункттердің ашылуы – өңірдегі мал шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін маңызды қадам. Бұл халық үшін жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігінің кепілі. Ветеринарлардың жұмыс жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындар мен мал өсірушілерге көрсетілетін қызметтің сапасы артып, ветеринарлық көмек қолжетімді бола түседі. Бұл өз кезегінде эпизоотиялық қауіпсіздікті күшейтіп, жалпы мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді, – деді ол.

Жаңа ветеринарлық пункт Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылған. Нысанның ашылуы 10 шілдеде атап өтілетін Ветеринарлық қызметкер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Салтанатты шара барысында сала үздіктері құрмет грамоталарымен және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Бұл бастама – Қарағанды облысын заманауи ветеринарлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы нақты әрі маңызды қадамдардың бірі. Мұндай пункттер ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырумен қатар, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етуге үлес қосады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button