Руханият

«Көкшоқай» аламанға жолдама алды

Ақмола облысы Талапкер ауылында өткен республикалық Елорда кубогының Аламан бәйгесінде қарағандылық атбегі Боран Тергеубековтің «Көкшоқай» тұлпары оқ бойы озып, бас жүлдеге тігілген 5 млн 500 мың теңге ақшалай сыйлық пен кубокты иеленді. «Көкшоқайдың» бұл көрсеткіші V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аламанына қатысуға оған жолдама болды.

Суреттер Боран Тергеубековтің жеке мұрағатынан

Бақ шаба ма, бап шаба ма?!

22 шақырымның шаңын көтерген аттардың алдына әуелі Павлодар облысының «Қарақыз» атты сәйгүлігі шықты. «Шу!» дегенде алдыңғы топтың арасынан алға ұмтылған аттың қарқыны ат қосқан көпшіліктің ішін бір қылп еткізді. Алайда, алда әрі 20 шақырым қашықтық бар. Айта кету керек, бұл бәйгеге атақты «Дантист» те түсті. «Дантист» – сол Ақмола облысының Целиноград ауданының атақты тұлпары. Ол бұдан бұрын  Қостанай қаласында өткен Қазақстан чемпионаты бәйгесінде алдына қара салмай, иесі Ержан Жаңатаровтың абыройын асқақтатқан арғымақ еді. Осы тұрғыда «Дантист» атты тұлпар туралы айтпасқа болмас. Иесі Ержан Жаңатаровтың айтуынша, «Дантист» – таза қанды ағылшын жылқысы. Бұл да алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында аламан шабатын қазақстандық күліктің бірі.

Сонымен сынға түскен 37 аттың арасы ақырындап үзіліп келеді. Шабандоз балалар алға ұмтылып, аптыққан арғымақтарын ауыздыққа сүйеп, ақырғы айналымға күш сарқуда.

Қара-құра қауымның  көзі аламан алдындағы «Қарақызда». Одан сәл ілгері келе жатқан топтың арасында небір дүлдүлдер. Үстеріндегі баланың ырқымен шабыстары бір сарын. Дәл осы топтың арасында қос құлағын қайшылаған теңбіл көк ат та бар. Бұл – «Көкшоқай».

Шоқ жұлдыздай шоғырланған топ «Қарақызға» жақындай түсуде. Алдағы ат пен арттағы түйдектің арасы – 100 метр. Төрт аяғын тең тастап, бас шұлғып, иек қаққан күліктер үстіндегі шабандоздың пәрменін күтуде. Бұл да жылқы жануардың естілігі болса керек. 22 шақырымның 5 шақырымын шауып өткен аттар әлі тың. Десек те, бағанағы 37 аттың қарасы сейіліп, алаңда тек 20 шақты тұлпардың тұяқ дүбірі.

Топ алдына атақты шабандоз Арнат Мұратхан тақымдаған «Сенім» атты тұлпар шықты. Одан кейін астаналық «Барса» атты арғымақ. Алдыңғы топтағы аттардың орны кезек алмасуда. Айналым азайып, мәреге жақындаған сайын, шабандоздар аттарын сипай қамшылап, «Ұмтыла түс!» деген ишарат танытқандай.

Бірақ, тізгін босатып, тақым қаққаны жоқ. Бірін-бірінің қапысын қарап, аңдысқан шабандоз­дардың мақсаты – жалғыз. Шылбырша шұбалған сазды алаңның соңындағы мәре сызығын бұрын кесу. «Қарақыздың» қарқыны саябырсып, кейінгі топқа қосылды. Алға «Сенім» өтті. «Сенім» – талай бәйгеде бас жүлде иеленген сәйгүлік.

Аттардың қатары сейіліп, алдыңғы топта тек іріктелген 11-12 ат кетіп барады. 22 шақырымға шақталған бәйгенің соңғы айналымы да келіп жетті. 37 аттан оқшауланған топтың шабысы үдей түсті. 

Арқаның жаңа жұлдызы

Мына кеткен 11-12 аттың ішінде бұл бәйгеден де күрделі талай аламаннан келген сан тұлпарлар тізбектелді. Алайда, соның тек бірі ғана мәрені кесіп, бас жүлдені қанжығаламақ. Арасында көптің көзіне жаңа түскен «Көкшоқай» бар.

Тобырдың саны сарқылып, қатары сиреген сәт. Бағанағы топ бастаған «Сенімнің» орнын көп көзіне кеш түскен көк ат бас­ты. «Сенім» қанша өзіне сенсе де, Арқаның «Көкшоқайы» жеме-жемге келгенде жанын қоймай озды. Мәреге 500 метр қашықтық қалғанда «Көкшоқайдың» шабандозы Жанарыс Бауыржанұлы ат сауырын сипай қамшылап шабыс үстіне қарқын қосты. «Көкшоқай» аттың да күткені осы жалғыз ишарат екен. Ғайыптан қанат біткен пырақтай суырылып, бағанағы көп атқа қарасын көрсетпестей жұлдыздай ақты. Сол шабысынан танбай мәрені бас болып кесіп өтті. Жан-жақтан «Қарағанды!» деп қиқулаған көпшіліктің дауысы  жаңғыра естіліп, ат иесінің қолын алып құттықтауға кірісіп кетіпті.

– Небір мықты тұлпарлар жиналды. Алайда, аламанның жүлдесі бізге бұйырды. Бәйге алаңы аттарға ауыр болды. Маған әуелден бапкерім Мейірбек Нұрымбет пен ат иесі Боран ағам айтқан еді. «Алдыңғы топқа кіре алсаң, оныншы қатарға ұста атыңды» деп. Бірақ, бәйге барысына қарай мен алғашқы бестікте болып, сол сарыннан танбай, атымды ауыздыққа сүйеп қана отырдым. Алғашқы айналымдарда асықпай аттың басын тартып өткіздім. Кейінде «Көкшоқай» ширай түсіп, алға ұмтыла берді, – дейді жеңімпаз шабандоз Жанарыс Бауыржанұлы. 

Көп аттан озған көк аттың сыры

Көпшілік күтпесе де, ат сырына қанық атбегі «Көкшоқайдың» құйындай құйғытып бәйге алатынына сенгенін айтады.  Айта кетейік, ат иесі Боран Тергеубеков дзюдо күресінен Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен былтырғы чемпионатында Әлем чемпионы атағын жеңіп алған.

– Маңайдың біршамасы мені спортшы деп таныса, ал, бірі атбегі дейді. Әрине, екеуі де қазақтың мерейін асырар атақ қой алып жүре алған жанға. «Көкшоқай» – Алматыдан келген қолтума дөнен, 3 жаста. Тайында алып, баптап, атын да өзім «Көкшоқай» деп қойдым. Әкем жылқышы болған. Сол кісінің қашаған ұстайтын ұшқыр «Көкшоқай» атты тұлпары болатын. Міне, сол әкемнің құрметіне атты солай атадым. Бұл аттың күнделікті жүріс дайындығы менің мойнымда. Өзім мініп дайындаймын. Қыстық жұмысына шанаға жегемін. Ерттеп мініп, күніне 40 шақырым аяңдатып жүріп келемін.

«Көкшоқай» – таза қанды ағылшын  жылқысы, қазақстандық қол­тума. Әкесі – «Сизокрыль». Алматыда қатарынан 3 автокөлік ұтқан тұлпар. Шешесі – ағылшын – араб биесі.

Дәл бүгін өзге де бәйгелер өтіп жатты. Мен «Жығылсам, нардан жығылайын. Нартәуекел!» дедім де, осы Елорда кубогына қостым атымды. Енді ат аяғы аман болса, «Көкшоқай» қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер аламанында бақ сынайды, – деп атап өтті Боран Тергеубеков.

V Дүниежүзілік көшпенділер аламанына Арқадан ат апарар алғашқы атбегінің аты мәлім. Ол – Боран Тергеубеков.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button