Биылғы «Balkhash Tour Fest – 2024» – еліміздің ең жарқын жазғы фестиваліне айналды. Балқаш көлінің жағасында облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен игі шара V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналды. Өлкеде туризмді дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар пысықталды. Облысымызда кейінгі жылдары туризмді дамытуға жіті көңіл бөлінуде. Әлемде «түтінсіз өнеркәсіп» атанған туризм саласын дамыту экономиканың басым бағыттарына айналдыруға күш салуда. Ол үшін бұл салаға қажет қаражат көлемі бюджеттен толыққанды қарастырылумен қатар түрлі салықтық жеңілдіктер, арзан несие, субсидия мәселелері жүйелі түрде шешілуге тиіс. Бұл сұрақтардың барлығы фестиваль аясында талқыланды. Бірінші күні «Астана» тобының шоу бағдарламасы кешті түйіндеп, алау жанындағы психологиялық тренинг, аңыз ертегілер, бард әндерін орындаумен қорытындыланды.
Ауқымды шара аясында көкше көлдің жағалауында туризм кластерін дамытудың негізгі бастамалары жүзеге асырылды. Оның ішінде, демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасы жақсаруына байланысты соңғы үш жылда мұнда келушілер саны көбейген. Саяхатшылардың қатары жыл санап артуына «Balkhash Tour Fest – 2024» шарасы ықпал етіп отырғандығын айтады мамандар.
– Туризм саласының әлемдік экономикадағы рөлі айтарлықтай маңызға ие. Айталық, әлем деңгейіндегі жалпы ішкі өнімде туризмнің үлесі он пайызға жетуге таяу екен. Тіпті, бірқатар елдерде бұл көрсеткіш жиырма пайызға жақындап қалған. Осылайша, туризм саласы көптеген елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тетігі қызметін атқарып отыр. Қазақстанның да осындай деңгейге жетуге толық мүмкіндігі бар. Оның ішінде, Қарағанды облысына қарасты Балқаш көлін туризмнің темірқазығына айналдыруға зор мүмкіндік бар. Бұл үшін алдымен қаржылық және заңнамалық тұрғыдан қолдау қажет. Осы бағытта жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі өтіп жатқан фестивальде этно музыка мен ұлттық ойындарға, оның ішінде, арқан тартыс, қол күрес, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ойындарға басты назар аударылды. Келушілерге арнайы ұлттық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды. Фестивальге екі күнде 30 мыңға жуық адам келді, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Ежелден желкенді қайықпен есімі елге белгілі Балқаш желкенді регатасының ашылуы демалушылардың қызығушылығын тудырды. Көл үстіндегі жарысқа Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарының және Балқаш, Шардара қалаларының спортшылары қатысты. Республикалық деңгейдегі бас төреші, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Юрий Пасынков: «Регата Балқаш көлінде жаңа желкенді спорт түрінің импульс алуына септігін тигізуі мүмкін», – деген пікірін жеткізді.
Ұлттық ойындар бойынша өткен жарыста бес асықтан I орынды Дильназ Искакова, II орынды Аруна Махамбет, III орынды Шырайлым Баймұрат еншіледі. Ал, тоғызқұмалақтан I орынды Аружан Жасұланова, II орынды Құндыз Оразхан, III орынды Мөлдір Еркебай иеленді. Сондай-ақ, шахматтан Ерсұлтан Нұрлыбек I орынға, Ерсұлтан Баймадиев II орынға, Ирада Қайырғали III орынға тұрақтады. Дойбыдан дода барысында Дархан Абзалбеков жеңімпаз атанды. Қол күрестен 75 келі салмақта Ерсұлтан Манатбек, +75 келі салмақта Орденбек Қуанышбеков, әйелдер арасында Мария Шкуркина чемпион болды. Кір тасын көтеруден Руслан Ултыкеев I орынды иеленді. Жағажай волейболы, жағажай күресі арқан тарту және «Көңілді старттар» бойынша жағажай драйв турнирлері ұйымдастырылса, жаппай жүзу де жұрттың көңілінен шығып жатты.
Жағажай күресін тамашалаушылар аз болмады. Жарыс ерекшелігі – қарсыласын құмға құлатқан балуанға ұпай берілетін бұл спорт түріне кіл мықтылар қатысты. Байқағанымыздай, жарыс өткізілген алаңдағы дода дүбірі арнасынан асып қыза түсті. Жарыс қорытындысы бойынша бағы жанған мықты спортшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 58 келі салмақта Әділет Елемесов, 71 келі салмақта Бекзат Шорабеков, 88 келі салмақта Мәрлен Жанғабыл, +88 келі салмақта Нұркен Жәнібеков алтынан алқа тақты.
Фестивальді өнерлерімен қыздырған Азамат Бақия және «Жошы» этно-фольклорлық тобының әндері мен шеберлік сабағы жұртшылыққа рухани азық болды. Этнофольклорлық ансамбльдердің жалпы еліміздің заманауи мәдениетіндегі орнын анықтау, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы үлесі мен қадамдарын айқындау, әрі қарай даму үрдісін қарастыру аса қажет. Осы орайда, халықтың музыкалық дәстүрінің жаңа сахналық тәжірибеде өңделіп, ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретіндегі қазіргі қоғамдағы деңгейі, көркемөнер заңына бағынып өзгеруі дәстүрлі аспаптық және ән туындыларының түрлену үдерісіне назар аудару қажеттілігі туындайды. Біз бүгінгі шарада осыны халыққа жеткізіп жатырмыз. Мен өзімен бұл жолы ғасырлық тарихы бар домбыраларды және көне ұлттық аспаптарды алып келдім. Балқаш қаласында бірінші рет өнер көрсетіп жатырмыз, – деді «Жошы» этно-фольклорлық тобының мүшесі Азамат Бақия.
Сонымен қоса, мерекелік шара барысында Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры балаларға «Керік пен мүйізтұмсықты» ертегісін көрсетті. DANCE BATTLE, TIMUR’S TEAM және тағы да басқа заманауи би топтары мен Ivory live band кавер тобы мереке көрігін қыздырды. Сондай-ақ, Energy шынығу жаттығуларымен Zumba биі, Балқаш қаласы кәсіпкерлерінің арасында «Аспазшылар байқауы», Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының хореографиялық ансамбльдерінің концерті Көкше көлдің жағасын қызыққа бөледі. Кешкі жастар бағдарламасында DJ Никита Филатов ән айтып, көбік кешін өткізіп, кештің көркін кіргізді. DJ BATL заманауи би фестиваліне қатысушыларды, аспаздарды марапаттау салтанаты өтті.
Жағажайда үлкен фуд-корт пен қолөнершілер дүкендерінің сөрелеріндегі дүниелерге демалушылар жоғары баға берді. Сонымен қатар, қолөнершілер жасаған ерекше кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар ұсынылды. Фестивальдің хэдлайнері – қазақстандық эстрада жұлдызы Дастан Оразбеков шырқаған әнді жастардың басым бөлігі қосыла айтып, әншіге ерекше құрмет көрсетті. Фестивальдің жабылу салтанатында мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген қонақтар фестивальден ерекше әсер алып, ризашылығын білдіріп тарқады.
– Балқаштың Біріккен Араб Әмірліктері, Дубай, Түркия сияқты туризмді дамытқан елдер қатарына енуге талпынысы қуантады. Болашақта саяхаттаушыларға жағдай жасаған, туризмді дамытқан мемлекеттер қатарына қосылатынымызға сенеміз. Елдің ертеңі жарық әрі кемел болсын. Туризм индустриясын жетілдіру үшін ең батыл және бірегей идеялар шындыққа айналады. Туризммен қатар, Қазақстанның спортпен байланысты әртүрлі жарқын жобалары жүзеге асырылады. Бұл бастамалар елімізді жарқын болашаққа жетелейді, – деді Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»