АймақБұқар жырау

Көкпекті ауылында «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылының жалпы білім беретін мектебінде жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Мектепте алғаш рет «Жас сақшы» атты арнайы сынып ашылды. Жоба жас буынды тәртіпке, жауапкершілікке, елжандылыққа баулып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Ашылу рәсімінде оқушылар ант беріп, саптық және әскери-спорттық дайындық жаттығуларын көрсетті. Арнайы сынып «Заң және тәртіп» қағидаты аясында, облыстық полиция департаменті мен білім басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асуда. Бұл бас­тама – Ішкі істер министрлігінің жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы негізгі жобаларының бірі.

– Мұндай идея алғаш 2022 жылы, мен Қарағанды қаласындағы Жақып Ақбаев атындағы мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде туған еді. Сол кезде оқушылардың құқық саласына деген қызығушылығын арттыруды, құқықтық мәдениетін қалыптастыруды мақсат еттік. ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясымен әріптестік орнатып, жобаны жүзеге асыруға қолдау таптық. Енді бұл бастама Бұқар жырау ауданында да табысты дамиды деп сенемін, – деді аудандық білім бөлімі басшысы Ермек Ерқанат.

«Жас сақшы» сыныбында оқу процесі сабақтан тыс уақытта өтеді. Арнайы бағдарламаға саптық дайындық, әскери дағдылар, шахмат, би, кітап оқу, садақ ату және жүзу сабақтары енгізілген. Аптасына бір рет оқушыларға полиция қызметкерлері мен ІІМ академиясының офицерлері келіп дәріс өткізеді. Барлық сабақтар тегін ұйымдас­тырылған. Жобаға қатысушы түлектер болашақта жоғары оқу орындарына түсу кезінде белгілі бір жеңілдіктерге ие бола алады.

Ата-аналар тарапы да бұл бас­таманы зор ықыласпен қабылдап отыр. Олардың пікірінше, мұндай сынып жасөспірімдердің тәртіпке үйренуіне, өздігінен шешім қабылдай білуіне және қоғамдық жауапкершілігін арттыруға көмек береді. Сыныпқа арналған арнайы кабинетке Бұқар жырау ауданының тумасы, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан аға лейтенант Қайрат Хомутовтың есімі берілді.

– Біздің мектеп 1964 жылы ашылған. Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, Қайрат Хомутовтың ерлігін жас буынның зердесінде қалдыру үшін «Жас сақшы» сыныбын ашу маңызды деп шештік. Бұл кабинет жас ұрпақтың рухын көтеретін, азаматтық жауапкершілігін айқындайтын орталық болады, – деді мектеп директоры Гаухартас Жәмина.

Жоба алдағы уақытта ауданның басқа мектептері мен өңірдегі білім беру ұйымдарында да жалғасын таппақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button