«Көкмойнақ» көшпенділер жеңісін бастар ма екен?!
V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының салтанатты ашылуы сегізінші қыркүйек болса да, Әлемдік оқиғаның алғашқы додасы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталып кетті. Оған Қазақстаннан 9, ал, шет елдерден 10 команда қатысуда. Жорықшылар үшінші қыркүйектен бастап, Солтүстік Қазақстан облысы, Ботай қонысынан Ақмола облысы Лесное елдімекеніне дейін 200 шақырым жерді жүріп өтті. Ботай қонысынан бет алған жорықшылар Астана қаласына дейін 500 шақырымды бағындыруы тиіс. 19 команда бақ сынасып жатқан жорықтың алғашқы кезеңінде қырғызстандық құрама жеңімпаз атанды. Алайда, Ақмола облысынан басталған екінші кезеңде Қазақстанның «Көкмойнақ» командасы қырғыздарды басып озып, Атбасардағы мәреге бас болып жетті. Сайыстың үшінші күні 350 шақырымнан жетісулық команда мәрені бірінші кесті. Естеріңізге сала кетейік, жорық жетінші қыркүйек аяқталып, ұпайы түгенделген ұлттық құрама жеңіске жетеді.
Жорық үміті жүрісті жылқыда
Мамандардың айтуынша, дүбірлі дода жойылуға шақ қалған мініс жылқы тұқымдарын қайта қалыптастырып, оларды халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етеді. Күндік аламанда жылқы тұқымынан бөлек, өзге мемлекеттер көшпенділер өркениетінің қазіргі үлгісіне куә болады.
– «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі мақсаты – біздің қазақы қолтума жылқылардың екінші тынысын ашу. Біздің қолтума, міңгі аттардың бағы ашылды десек болады. Олардың бағасы қазір 2-3 есе өсті. Ал, шет елдің жылқы тұқымдарына келсек, Қырғызстаннан «Жаңа қырғыз» тұқымы келді. Татарстаннан, тағы басқа елдерден «Татар», «Башқұрт», «Кабардин», «Карачай» жылқылары сайыс сапында. Міне, табиғи сынға төтеп бере алатын, тау-таста тұяғы тасырқамас жер бетіндегі ең созымды жылқылармен біздің қарабайыр қазанаттар бақ сынауда, – деді «Joryq» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков.
Алты күн шапса, жалын бермес жабы тұқымы сақталмаса да, көнекөзін көз қарашығындай сақтап, баптаған тау халқының да жеңістен үміті зор. Мысалы, «Карачай-Балкар» командасының «Карачай» жылқысы көптің көзіне ерекше түсуде.
«Адай» жылқысы аламан алды болар ма екен?
Бұған дейін ел аузында «Бәйге аты», «Көкпар аты» деген түсінік болса, енді ол қатарға «Жорық аты» қосылды. Бұл ретте «Жорық аты» ұзаққа мініс беретін, жуас әрі ыстық-суыққа бірдей төзімді келеді. Мамандардың айтуынша, бұған дейін тау халқының оның ішінде, грузин, шешен ұлттарының «Карачай» жылқы тұқымы тау-тасқа салар таптырмас тұлпар болған. Тұяғы шай кесеге таяу шұқыр болғандықтан ат аяғының тұрасы тасқа тимейтін көрінеді. Осы себептен ол тастақ аймақта тағасыз да тасырқамайды. Десек те, қазақтың маңғыстаулық «Адай» жылқы тұқымы да жеңіс тұғырынан үміт күттіруде. Бабы келіп, бәйгеден бағын күткен «Көкмойнақ» құрамасының аттары жайлы журналист әрі атбегі Сәкен Сейтханұлы айтты.
– Дода басталғалы, жорықшылармен сапарға шықтық. Бүгін міне 350 шақырымды бағындырып, еліміз 2-3 кезеңнен бірінші болды. Бір байқағаным, жорықтағы басты қару ол бір сымпылмен бірсыпыра жер шалатын жүрісті ат екен.
Бұдан бұрын қырғыз ағайындардың «Жаңа қырғыз» қолтума жылқылары желе-шоқып, әрі сол жүрістен 100 шақырым бойы танбай, алғашқы кезеңді сәтті аяқтаған болатын. «Адайдың қалып қойғаны қалай?!» деп тұр едік. Міне, ел намысын қазақтан шыққан қолтума, сонау байырғы баба жылқысының бертінге дейін сақталған «Адай» жылқы тұқымы қорғап бағуда, – деді Сәкен Сейтханұлы.
Расында, «Адай» жылқысы – сонау жаугершілік заманнан қазаққа серік болған Қамбар ата төлі. Дене тұрқы ашамай, көшелі келеді. Ыстық пен суыққа бірдей төзетін қазақы жылқыға кезінде Орта Азияға үстемдігін жүргізген Шыңғыс қаған да тамсанған деседі. Тіпті, Махамбет Өтемісұлының серігі Исатай Тайманұлы мінген «Ақтабан» аты осы маңғыстаулық «Адай» жылқысы. Ал, жоңғар шапқыншылығында Абылайды жоңғар қоршауынан құтқарған Ер Жәнібектің «Көкдөнені» екені елге мәлім. Міне, сол атағы Алатау асқан «Көкдөнен» де адайлық жылқы көрінеді. Жорықта жеңіске жеткен маңғыстаулық және жетісулықтардың да тізгіндегені «Адайдың» аттары.
Жорық жолының да жөні бар
Сонымен қатар, жарыс сөресі болып Ботай қонысы кездейсоқ таңдалмаған. 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашқаны белгілі. Олар осы аумақтан жылқы сүйектері мен ат әбзелдері секілді 100-ге тарта көне жәдігер тауып, Солтүстік Қазақстан жерінде Қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасаған еді. Ал, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, дәл осы жерде жылқы шаруашылығының дамығанына дәлел болатын археологиялық жәдігерлер табылған. Бұдан бөлек, Ботай қонысының маңына қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін үлкен этно-ауыл ұйымдастырылды. Онда жорықшылардан бөлек, шет ел қонақтары қоныстанып, байырғы қазақы тұрмыстың келбетімен танысуда. Сондай-ақ, жорықшылармен бірге екі халықаралық және бес қазақстандық төреші, төрт халықаралық, үш қазақстандық мал дәрігерлері де ілесіп келеді. Мамандар жорық ережесінің жоғары стандартын сақтау мен жылқы денсаулығына қамқорлық жасауға кепілдік береді.
Еске сала кетейік, республикалық «Joryq» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» және тағы басқа федерациялар бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»