Күйшілерге ғимарат қажет
Арқаның жұрты шертпе күйімен де қадірлі. Сарыарқа – дәулескер заманының зарын һәм үнін күймен жеткізген дәулескер күйшілер дүниеге келген қасиетті топырақ. Тәттімбет, Итаяқ, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш, Баубек, Әбікен Хасенұлы, Бегімсал Орынбекұлы, Дәулетбек Сәдуақасұлы, Орал Исатайұлы секілді саңлақтар туған топырақта шертпе күй орталығы жоқ. Бұл мәселені Күйшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Тәкішев көтеріп отыр.

Бұл күнде Арқадағы шертпе күйдің мектебі өркендеп келеді. Кешегі дәулескер күйшілердің аманатын арқалап, ұлы өнердің шырағын сөндірмей, керісінше, алаулатып жүрген таланттар жетерлік.
Күйшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Тәкішев Қарағандыда шертпе күй орталығының болуы – Арқадағы шертпе күй мектебінің өркендеуіне зор ықпал ететініне сенімді.
– Ұлы күйші, композитор Тәттімбет Қазанғапұлының туған топырағына шертпе күй орталығы керек. Облыс бойынша шертпе күй мектептерінің негізін салушы күйші композиторлардың мұрасын насихаттау үшін, музыка аспаптарын және жәдігерлерін қоятын көрмесі, музейі бар орталықты ашу – күйшілер үшін аса маңызды. Орталық ашу үшін, әрине, лайықты бөлме немесе мекенжай болуы тиіс, – деді Болат Тәкішев.
Облыстық филиалдың төрағасы аймақ басшысының орынбасары Әлібек Әлденейдің ұсынысымен осы мәселе бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісовтің қабылдауында болыпты. Қабылдауда Болат Тәкішев Күйшілер одағының Арқадағы шертпе күй дәстүрін халық арасында жүйелі түрде насихаттау мақсатындағы жоспарымен бөлісіпті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісов қаладағы ғимараттардан орын қарастырылатынын және бұл мәселеге басқарма тарапынан ден қойылатынын айтыпты.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»