Медицина

Күйікті емдеудегі жаңа әдіс

Былтыр облыстық балалар клиникалық ауруханасына күйік шалған 400-ге жуық бала түсіпті. Көбісі тұрмыстық жағдайда ыстық су, сүт пен сорпаға күйіп қалады екен. Және олар – бір мен үш жас аралығындағы балалар.

Аурухана күйік шалған балалардың ем-домы үшін жаңа әдісті қолдануда. Фибробласттарды қолдану зақымдалған терінің қалпына келу процесін тездетеді, сәйкесінше, кішкентай пациенттердің қалпына келу уақытын қысқартады. Аталған әдіс қолданылған бір жарым жасар бала 12 күнде жазылып шығыпты.

– Бала ыстық суға күйіп, денесінің 20 пайызын күйік шалған. Ол 12 күн жатып, емделіп шықты. Бұрынғы әдіспен ол 20-25 күнге дейін жатар еді, – дейді аурухананың хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Ехлас Ақмолдаев. – Бұған дейін терең күйікпен түскен балаларға дәстүрлі емдеу әдісі – аутодермопластиканы қолданатынбыз. Енді фибробласттарды қолданатын боламыз. Бұл – күйік бетіне қолданылатын жасушалық композиция. Ол спрей ретінде жарақат бетіне себіледі де тері түзіледі. Яғни, сау тіндерден тері кесіліп алынбайды.

Дәрігердің айтуынша, фибробласттар Астанадағы зертханада шығарылады. Қарағандыға арнайы контейнерлермен жеткізіледі. Хирургия бөлімінде олар -86 градус температурадағы тоңазытқыш камераларда сақталады. Қолданар алдында ғана алынады екен.

– Операция алдында біз бұл субстанцияны сұйылтып, спрей түрінде қолданамыз. Ол зақымдалған аймаққа қолданылып, жасушалардың жаңаруын қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері теріні аллотрансплантациялау әдісін екі пациентті емдеу үшін қолдандық, – деді Ехлас Ақмолдаев.

Егер, бала термиялық күйік алса, жедел жәрдем келгенше жараны суық сумен шаю керек. Химиялық күйік кезінде әдетте ауыз қуысы зақымдалады.

Маман қорқынышты жыл сайынғы статистиканың кемімей тұрғанын айтып отыр. Сондықтан, ол ата-аналарға балаларына мұқият қарап, оларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button