«Күй жатыр шертушісін күтіп алдан…»
Арқа күйшілерін сөз етсек, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттен кейінгі атақты күйшілер Тоқа, Дайрабаймен қатар жүрген Қыздарбектің шәкірті Сембек Айдосұлы еске оралады. Бейсенбіде ұлт- тық домбыра күніне орай «Ұлы Дала перзенті» атты шертпе күйге арналған фестиваль өтті. Салта- натты шара күйші, композитор Сембек Айдосұлының туғанына 155 жыл толуына арналды.
Достық үйіне жиналған өнерсүйер қауым күй кешінде қазақтың күйшілік өнеріне өзіндік із қалдырған Сембек Айдосұлының есімін дәріптеді.
Күйші-композитор – Шет ауданының тумасы, өнері мен еңбегі аталмай кеткен қайраткерлердің бірі. Ұрпақтарының айтуынша, әкесі Айдос би батыр болған адам. Ел аузында Айдос батыр Балқаштың ну қамысынан жолбарыс соққан деген деректер бар. Солақай саясаттың құрбаны болып, жанын жалғыз оққа байлаған күйші 1931 жылы Жамбыл тауының Сарыбұлақ деген жерінде атылған.
Осыны тілге тиек еткен «Күй керуені» шертпе күй мектебінің басшысы Қайролла Сәдуақасов «Фе- стивальде Сарыарқа күйлерін насихаттаған бабалар мұрасын дәріптеу көзделді. Шертпе күй мектебін дамыту назардан тыс қалған емес. Жастар арасында домбырада ойнауды танымал еткіміз келеді. Ұмыт қалған және белгісіз күйлерді жарыққа шығару – мақсатымыз», – деді.
Фестивальге күйшінің ұрпақтары да келді. Іс-шараны ұйымдастуруға бастамашы болған күйшінің ұрпақтары баба мұрасын насихаттап жүргенін жеткізді.
– Сембек бабамыздың көптеген туындылары бізге жетпеді. Сақталғандарын тыңдаушыларға жеткізіп, насихаттап жүрміз. Домбырасы Кәмел Жүнісовтің үйінде сақтаулы, – деді Сембек Айдосұлының шөпшегі Кайдар Сарин.
Салтанатты шарада күйшілер көрерменін бір серпілтіп тастады. Күй өнерін көпшілікке насихаттап жүрген өнерпаздар марапатталды.
Аяулым СОВЕТ.