Күй – өмірдің киесі…
Ақылдың сөзіндей тәтті күйлер Арқа даласында мамырлап, әр ауылдың аспанына қою түтіндей қоңырлап жататын. Мамыражай ерте замандарда… Тәтті мұң мен шаттық үннің немесе асқақ сезім мен тастақ төзімнің байлауындай сол ұлы сарынды бір кезде «Кеңес» келіп келтесінен қайырғысы келсе, енді эстрада етегінен басқысы келеді-ақ… Алла жар болғанда, Тәттімбеттерден қалған ұлы мұра алмағайып кезеңнен аман өтіпті. Саусағынан мың күй өрген Әбікен, Аққыз, Мағауиялардың арқасында. ХХ ғасырдың басында үзіліп бара жатқан бұл сарынды елге жеткізген күйшілердің бірегейі Мағауия ХАМЗИН еді ғой. Күйшінің биылғы 90 жылдығы да тойланбай қала жаздап, бара-бара естілді Қарағандыда…
Естімей қала жаздап барған еске алу кеші естінің көкейін тесердей естіліп жатты. Тәтекемнің көкейін не тескенін білмесек те, «Көкейкестісін» қайдам, «Бестөресі» мен «Саржайлауын» М.Хамзиндай бебеулетіп әкеткен күйші жоқ қазақта. «Күйшілігімді танығың келсе, менің орындауымда «Бестөрені» тыңда!» дейді екен өзі де. Бегімсал күйші кезінде «Кенесары-Наурызбай» деп тартатын «Бестөре» – бұл. Оны неге айтып кеттік? Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Шалқыма» концерт залында өткен М.Хамзинді еске алу кеші Тәтекеңнің «Саржайлауымен» ашылды. Төрде – Тәттімбет атындағы академиялық оркестр. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев. Құлаққа – Тәттімбеттің «Саржайлауы» мен Хамзин «Қосбасарының» І түрі қоса жетті. Қазақтың саржайлауы да, қосбасары да құлақтан өтіп, сана-сезімге түсіп кеткен құбылыстар… «Саржайлау» деген – атақоныс, ел мен жер болса, қырық буын «қосбасар» – өмірдің қайғы-мұңы мен қызық-қуанышы. Әрі сабақтай түссеңіз, Аллаға деген шер-сағыныш, бәлкім… Соның бәрі жалғыз Мағауия атамыздың арқасына сыйып, жүрегі мен сүйегіне сіңіп кеткен-ау, шамасы?!. Әйтпесе, Хамзин көкірегінен дүниеге «Жайлау» келе ме, «құлақтан кіріп, бойды алар» «Қосбасарлар» туа ма? Күй атасы Тәттімбеттің «Саржайлауынан» кейін «Жайлауды» жадыратып, жанды оятқан Хамзин екен тарихта… Тыңдасаң – таңырқап, ойласаң – «ауырып» қаласың… Осы жолы Мағауия атамыздың «Жайлауын» Марғұлан Сейсенбек тартты. Тәттімбеттің «Бестөресін» Мағауияның репертуарынан Әнет Сепбосынов орындады. Оркестр М.Хамзиннің «Ғарышкерлер вальсін» жіберді. Аспанға тік шаншылғандай асқақ әуен де, жеңіл қағыстар мен ауыр тебіреніс те бар.
Күй – өмірдің киесі болса, ән – көңілдің қанаты. Екеуін бөлмей қазақ ән-күй атаған. Алысты көрген ғой. Ұлттық әндерімізді классикалық деңгейде шырқап жүрген Дәуренбек Әркенов пен Гүлмира Тапай кешті керемет реңкке бояды. Алғашқысы – Ақан серінің «Мақпалын» шырқаса, Гүлмира – Майра Уәлиқызының «Майрасын» (ІІ түрі) сорғалатты.
Күй алыбы Тәттімбеттің «Көкейкестісін» Қалкен Қасымов мамырлатты. Огинскидің «Полонезін» оркестр ойнады. Бұл шығарманы домбыраға алғаш түсірген де М.Хамзин екен. Сондай-ақ, Моцарттың «Түрік маршын» да тұңғыш рет домбырада бебеулеткен Мағауия атамыз. Оны да оркестр орындады.
Күй кешіне келушілер қарасы көп болды. Қапер оты сөнбеген қала қазақтары даланы аңсағанда, шертпе күйден басқа не жұбаныш бар? Жарнамасы жетпей жатады, әттең…
Сонау Балқаштан ат терлетіп, Жақсылық Нәдірбеков «Мағауия» күйімен кешке арнайы келіпті. Кезінде ағасының алдын көріп, күйлерін үйренсе керек. Сағынышты кеудесінің сұлу сазын күймен төккен екен. Мағауия атамыздың үлкен әкесі Әшімтайдың «Қоңыр қазын» Манап Анықбеков Хамзиннің өз домбырасымен қаңқылдатты. Ал, інісі Дәнелия Хамзин болса, Сатанның «Қосбасарын» босатты домбырадан.
Алпыс екі тамыр құрсауынан қорытылып шығып, домбырадан босаған күймен буын-буын бірге босап, біраз отырып қалыппыз… Оркестр Құрманғазының «Сарыарқасын» орындағанда бір-ақ сергіп тұрдық. Құдірет!..
Жәнібек ӘЛИМАН