Күй күмбезінің күмбірі
«Шалқыма» концерт залында күйші-домбырашы, шертпе күйдің шебері, актер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі (1945) Әбікен Хасеновтің 130 жылдығына арналған күй кеші өтті. Кешке бүгінгі күннің дәулескер күйшілері жиналды. Алатаудың бөктерінен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, күйші Біләл Ысқақов пен күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев және дегдар дарын Қайрат Айтпаев арнайы келді. Домбыраның шанағынан ұлттық рух күмбірледі.
Кеш басталмас бұрын Әбікен Хасенов туралы жазылған кітаптың тұсауы кесілді. Кітапқа күй шебері хақында жазылған естеліктер мен фотодеректер, оның орындауындағы жеке күйлер және күйлердің оркестрге түсірілген партитуралары енген. Жинақтаушы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижері Әбуғалисын Шоқанбаев. Өнер зерттеушілері бұл кітап аса құнды дүние деп отыр. Себебі, мұнда Әбікен Хасеновтің ұрпағы Несібелді Әбдірахманованың бұрын-соңды ешқайда жарияланбаған деректер жинақталған мақаласы басылған. Күйші мұрасын осыған дейін зерттеген Ақселеу Сейдімбек пен Біләл Ысқақовтардың назарына ілікпеген деректер бар дейді.
Әбікен Хасенов күйші ғана емес, ол – Алашорда қозғалысының өкілі. Күйшінің талантына кезінде Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов пен Ахмет Жұбановтар да куә болған. Ол Алаш алыптарының қасында жүріп, ұлт азаттығы жолында еңбек етіпті.
Әбікен Хасенов – күйтабақ жазған тұңғыш қазақ. Күйтабағы 1934 жылы жазылып, келесі жылы сатылымға шыққан. Сол күйтабаққа Тәттімбет пен Әбди Рысбекұлының күйлерін басып, сақтап қалған. Осы кітапқа енген Әбікеннің «Қосбасар» күйі тұңғыш рет оркестрге өңделіп түсірілген.
Салтанатты рәсімде құрметті мейман Жанғали Жүзбаев Әбікен Хасенов жайында ой толғады.
– Әбікен Хасенов – сөз жоқ, біздің заманымыздың заңғар күйшісі. Әбікен «Азамат қожанын», «Бозайғырды», «Алшағырды» шерткенде, ет пен сүйектен жаралған адам жылайды. «Сарыжайлауды» тыңдаған адам қайғы-мұңын ұмытады. Елі мен жері есіне түсіп, кеудесін сағыныш кернейді. «Сылқылдақты» шертсеңіз, көз алдыңызға қыз-келіншек, бозбала, жас дәурен елестейді. «Секіртпені» тыңдасаңыз, көңіліңіз аспанға алып ұшады. Әбікеннің бір ерекшелігі – әнді күй қып шерткен. Өзі басқан күйтабақта Жаяу Мұсаның «Ләйлім» деген әні бар. Шет ауданының төңірегінде ғана айтылатын «Игигай» деген әні де бар, – деді Жанғали Жүзбаев.
Күй кеші Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйімен басталды. «Қоңыр» – аштықты, репрессияны, соғысты көрген қазақ болып ақтарылады. Қызыл жендеттің қолынан қаза тапқан жұрттың зарын естіртеді. Есесі кеткен есіл ұрпақтың шерін айтады. Тұтас бір дәуірдің иісін, дауысын, түсін кеудеңіздегі жұмыр етке әкеліп тастай салады. «Қоңыр» – шертпе күйлердің ішіндегі шоқ жұлдыз дейді домбырашылар.
Күй кешінің бас дирижері Әбуғалисын Шоқанбаев болды. Ұлт болмысын, рух үнін аңсап келген тыңдарманға қазақ музыкасының жауһарларын орындап берді.
Тарихта алтын көпір ретінде қалған қайталанбас тұлғалар көп. Күй әлемінде өткен мен бүгінді жалғаған көпір – Әбікен Хасенов. Оның домбырашылығы Арқадағы күй мектебінің эталонына айналған. Әбікен күйші Қобызға тіл бітірген Ықыластың, күйдің серкесі Дайрабайдың, Қыздарбектің, Баубектің, Сембектің, Ақмолда, Әбди, Ахметжан, Мақаш пен Кәрібек сияқты дарынды күйшілердің алдын көрген.
Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz