Шет

Күй – құдірет

    Ұлы күйші Әбікен Хасеновтің туғанына 125 жыл толуына орай, Ақадыр кенті С.Сейфуллин атындағы кітапханада күйшілер мұраларын насихаттау мақсатында әдеби-сазды кеш өтті.

Шарапатты шара күйшінің бірегей туындысы «Қоңыр» күйімен басталды. Аталмыш ұлы күйді домбыра сыныбының жоғары санатты ұстазы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, күйші Тоқыман Қонысбекқызы орындады.

Кітапхана меңгерушісі Н.Қалижан Әбікен атамыздың өмірбаянына және «Қоңырдың» шығу тарихы туралы зерттеушілердің тұспалды деректеріне тоқталып, балалар мол мағлұматтарға қанықты.

Ерен күйшілердің түрлі күйлерін орындаған Т.Қонысбекқызының шәкірттері қатарында халықаралық конкурстың лауреаты Бексұлтан Имашев та бар.

Шертілген күйлердің ара-арасында белгілі күйшілер туралы айтылған мәліметтер мен слаидтық көрсетілімдер кеш мазмұнын толықтыра түсті.

Әбікен өнеріне тәнті болушылардың бірі, Жазушылар одағының мүшесі Өмір Кәріпұлы ақсақал Әбікен Хасеновтің бәйбішесі Шәкеннің 1996 жылы Ақадырға келгенін, Шәкен апаның айтқандары бойынша, Әбікеннің ғұмырынан «Қоңыр сарын» атты хикаят жазғанына тоқталып, кітап болып шыққан сол хикаяттан балаларға үзінділер оқып берді. «Осындай өнер кештері жиі бола берсін, домбырашы балалардың жүректеріне, домбыраларына Әбікеннің рухы орнасын», – деп ақжарма тілек-батасымен сөзін тұздықтады.

Шарапатты шара домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Сарыарқа» күйімен аяқталды.

Шыңғыс МҰҚАЕВ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button