Жаңалықтар

Көңілден әлі кетпейді

Бұқар жырау ауданында Айтжан Жарылғасынұлын білмейтін адам жоқ деуге болады. Аты ауызға алынса болды, ес жиған баладан бастап еңкейген қартқа дейін оның кім болғанын, халық үшін қандай қызмет атқарғанын әңгімелей жөнеледі.

Бейнесі көз алдыңнан кетсе де, көңілден кетпейтін сан азаматтар болса, соның бірі кезінде жақсы таныс болып, қатар жүріп сыйласқан Айтжан Жарылғасынұлы Жүнісбеков еді.

Ол Бұқар жырау ауданында жиырма жылға жуық мәслихаттың хатшысы болды. Сол кезде аудан түгілі облыстың, тіпті, республиканың қоғамдық істеріне белсене араласып, өзінің біліктілігімен де, білгірлігімен де ерекше көзге түскенін айтуымыз керек. Аудан мәслихатына хатшы болып сайланысымен қай деңгейдегі болсын, мәслихаттардың рөлі, мәртебесі мен беделін көтеру, жергілікті басшылық ұйымдарымен байланысын жақсартып, атқаратын қызметінің ауқымын арттыра түсу мәселесі ойынан бір шықпай жүреді. Бір күні облыстық мәслихаттың хатшысы, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Қасымбек Медиевке арнайы жолығып, өзінің осы ойын ақтарады. Ақыры тек бюджет бекітумен ғана айналысатын мәслихаттардың қызмет ауқымы кеңейіп, аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың басын қосатын Республикалық мәслихаттар бірлестігі дүниеге келеді. Бірінші құрылтай конференциясында тексеру комиссиясының мүшесі болса, кейіннен сол комиссияның төрағасы болды. Сессияларда бірнеше рет баяндама жасап, өзінің ойын ортаға салады. Бірлестік сессияларын облыс орталықтарында өткізіп, озық тәжірибелермен танысу, пікір алмасу мәселесін ұсынады. Кейіннен сол ұсыныс бойынша бірлестіктің көшпелі сессиялары Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында өтеді. Бұрын ешқайда ұзап шықпайтын мәслихат хатшылары үшін бұл күтпеген жаңалық болады. Осындай сессиялардың барлығын өткізу кезінде Айтжан ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен көрінеді. Сондықтан да, әріптестері Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты атағы Айтжанға өте орынды берілгендігін, шын иесін тапқандығын әрқашан айтып жүреді.

Өткен өмір белесінде өшпес із қалдырған, абыройы жалпақ елге жайылған, ауданның экономикалық жағдайын арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге өзіндік мол үлес қосқан айтулы азамат Айтжан Жүнісбековтің өмір жолына да көз жүгірту артық етпейді. Сол кезде менің ойыма шағын ғана өзім сан рет болған Алабас ауылы оралады. Студент кезден аралас-құралас болған, белгілі ағайынды азаматтар – атақты қобыз­шы Сайлаухан Нокин мен ҚарГУ-дың доценті Оразхан Нокиндер ауылдарына жиі шақыратын. Алабаста олардың анасы және ағалары Сейітхан балаларымен тұрды. Негізі кішігірім төбешіктердің ортасына орналасқан шағын ауылдан талай белгілі азаматтар шықты. Солардың арасынан ел таныған Әли Маликов, Бейсенбек Әрінов, партия және кеңес қызметкері Марат Мусин, химик-ғалым Жанат Маликов, техника ғылымдарының докторы Еркін Әрінов, заң ғылымдарының докторы Қабдеш Айтқожин және біз сөз етіп отырған айтулы азамат Айтжан Жүнісбеков және оның ағасы, белгілі дәрігер Қабыкеш Нұрпейісов пен інісі, мемлекеттік қызметте болған және Жоғарғы Сотта қызмет атқарған Амангелді Жүнісбеков және басқаларды атауға болады.

Айтжан 1949 жылы бұрынғы Ворошилов ауданына (бір кездегі Ульянов, қазіргі Бұқар жырау) қарасты Алабас колхозында дүниеге келіпті. Жасынан алғыр болып өскен ұлы Айтжанды көпті көрген әкесі Жарылғасын Қарағанды қаласындағы байырғы оқу орны №2 мектеп-интернатта оқытады. Бейнетқор, зейінді жас оны бітірген соң ауылдағы әке-шешесіне көмекші болып, еңбек жолын ауылда механизатор-малшы болып бастайды. Сол кезде оның алғырлығын, шаруаға ыңғайлы, зейінді екенін байқаған ауылдастары оқуға түсуге кеңес береді. Сонда ол Қарқаралы зооветеринарлық техникумына таңдайды да, оны 1972 жылы үздік бітіріп шығады. Арнаулы орта білімді жас маман өзінің ауылына – Пушкин атындағы совхоздың Алабас бөлімшесіне оралып, қызу еңбекке араласады. Мал дәрігері, ферма бригадирі, бөлімше зоотехнигі сияқты жұмыстар атқарады. Өзінің қызметке деген бейімін көрсеткен Айтжанды 1976 жылы совхоздың (қазір Ақбел ауылы) кәсіподақ жиналысында жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Біраз жыл еңбек еткен соң партия қатарына қабылданып, одан соң Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оны бітіріп келген соң аудандық партия комитетінде қызмет атқарады. Біраз жыл еңбеке етіп, біраз тәжірибе жинақтаған Айтжанды Қылыш Бабаев атындағы совхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. 1990 жылы аудандық партия комитетінің хатшысы етіп сайлайды. Бір жылдан соң ауыл шаруашылығы басқармасында іс жүргізу жөнінде бас маман міндетін атқарады. Аудан әкімшілігі басшысының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарында болады. Одан соң 1997 жылы «Ақбел» ашық акционерлік қоғамы құрылғанда соның төрағасы болып сайланады. Екі жылдан соң аудан мәслихатының депутаты және оның хатшысы болып сайланады.

Айтжан қай жерде, қандай қызмет атқармасын ең бірінші кезекте халқына жағдай жасауға, қолынан келген көмегін аямауға тырысты. Ауданда қызмет атқарғанда болсын, Қылыш Бабаев пен Ақбел ауылдарындағы қызметінде болсын жұртшылықтың көңілінен шыға білді.

Халқымыз «Әке көрген – оқ жонар» деп бекер айтпаған. Әкесі Жарылғасын Жүнісбекұлы соғыс ардагері, майдан даласынан елге ауыр жарақаттанып оралған. Соғыстан бұрын ауданның Алабас және Жастілек колхоздарында мал фермасының бригадирі, басқарма төрағасы болып еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан адам. Көпті көрген қария өмірден түйгенін баласының құлағына құйып отырудан жалықпайды. Мектеп бітірген соң Қарқаралыға оқуға кеткенінше әкесінің жанында болған жылдары Айтжан көп нәрсеге үйреніп, көп жайға қанығады. Сол кездерде әкесінің зерделілігіне, алдын ала болжампаздығына қайран қалады. Кейде совхоздың бас агрономының өзі келіп ақылдасады екен. Сонда ол кісі өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйене отырып: «Биыл егінді тасқа салсаң да шығады», – дейді. Ал, егер қолайсыз, жаңбырсыз жаз болатынын сезсе: «Биыл егіннің шығуы екіталай», – дейді екен басын шайқап. Сол айтқандары айнымай келеді екен.

Жасынан қаладағы №2 мектеп-интернатта білім алуының өзі тәрбиелі азамат болып өсуіне оң ықпалын тигізді деуге толық негіз бар. Мұндағы талай білікті азамат тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаздардың алдынан алған тәлімі мен тәрбиесінің әсері аз болмаса керек. Қарқаралыдағы техникумның да талай түлектері ауыл шаруашылығының мамандары болып, ел басқаруға ерекше үлес қосқаны жасырын емес. Алматы жоғары партия мектебінің кадрлар даярлаудың ұстаханасы екендігі өзінен-өзі белгілі. Міне, Айтжанның алған тәрбиесі мен білімі «қайрап ап қалың жауға сермейтін көк семсердің жүзіндей» болып шынығып шығуына осындай игі ықпал етті дей аламыз.

Тағы бір айта кететін мәселе – Айтжан ауданның тек экономика саласына ғана емес, оның білім саласын, өнері мен мәдениетін дамытуға да ерекше үлес қосқан адам. Аудандағы кітапханалар жүйесін жолға қоюдағы өзіндік қолтаңбасы әлі күнге дейін өше қойған жоқ. Мәдениет басшыларымен бірлесе отырып талай істер атқарды. Соның арқасында аудан халқы рухани азық алатын саланың игілігін көріп отыр. Кешегі өткен тарих пен бүгінгі күннің жаңалықтарын ұштастыра отырып, мұражайлар мен тарихи ескерткіштерді сақтау және жаңаларының бой көтеруіне де ықпалы аз болған жоқ.

Міне, дүниеден өткеніне 10 жылдың жүзі болған, халқы үшін адал еңбек еткен, пейілі ақ, көңілі кіршіксіз парасатты жан жұмақтың төрінен орын алған шығар деп ойлаймыз.

Сөз соңында айтарымыз – осындай айтулы азаматтардың жарқын бейнесі көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Асқар таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты Айтжан Жарылғасынұлының да бейнесі әрқашан ұмытылмай, жүрек түпкіріндегі алтын сандықта сақтала беретіні сөзсіз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Ақпарат саласының үздігі

Басқа материалдар

Back to top button