АймақБас тақырыпҚарағанды

Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс арасын жалғайтын жаңа шағынаудан пайда болады

Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс шағынаудандарының арасындағы аумақта жаңа тұрғын аудан қалыптасып келеді. Бұл – қаланы дамытудың ең ірі әрі маңызды жобаларының бірі. Құрылыс кешенді түрде жүргізілуде: тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым да бір мезгілде салынуда.

Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыру идеясы жарты ғасырдан астам уақыт бойы айтылып келген еді. Бүгінде бұл жоспар нақты іске асып жатыр. Қазіргі таңда 26 тұрғын үй бой көтерді, жыл соңына дейін тағы сегіз үйді пайдалануға беру жоспарланған.

– Қаланың жаңа ауданы – бұл жай ғана құрылыс емес, әлеуметтік, инженерлік және көлік логистикасы жан-жақты ойластырылған заманауи қалалық кеңістік, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыны дамыту мәселелеріне арналған кеңесте. – Тұрғын сектордан бөлек, 72 гектар аумақта ірі спорттық кластер салынады: әмбебап арена, Мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, 12 мың көрерменге арналған UEFA санатындағы стадион және Футбол академиясы. Академияның құрылысы жекеменшік инвестициялар есебінен басталып кетті. Сонымен қатар төрт мектеп, сегіз балабақша, үш емхана және заманауи сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы жоспарланған.

Жаңа ауданда табиғи ландшафт сақтала отырып, абаттандырылған эко-саябақ салынады.

Жобаның маңызды бөлігі – ұзындығы алты шақырым болатын жаңа автожол. Ол Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты тікелей байланыстырып, қолданыстағы жолдардың жүктемесін азайтады. Қазіргі таңда жолдың бір бөлігі салынған, құрылыс жалғасуда. Инженерлік желілер де қатар тартылып жатыр.

Қала әкімі Мейрам Кожуховтың мәліметінше, өткен жылы Қарағандыда 475 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жеке құрылыс салушылар 33 көпқабатты тұрғын үй кешенін тапсырды.

Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға 537 пәтер берілді. Биыл жаңа құрылыс пен сатып алу есебінен шамамен 1 200 пәтер бөлу жоспарланып отыр.

Өңір басшысы сондай-ақ жұмысшы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту қажеттігін атап өтті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button