Жаңалықтар

Көгілдір отынның рекордтық көрсеткіші

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халықтың әл-­ауқатын арттыруда газдандырудың маңыздылығын айтып келеді. «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры 2019 жылы уақытылы пайдалануға берілді. Бұл әлеуметтік маңызы бар ұлттық жоба экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», – деп Мемлекет басшысы газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте атап өтті. Қарағанды облысында да газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, 6 214 үй газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Биыл да осы саладағы жұмыс бәсеңсімейді.

Сурет turkystan.kz

Газ еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, оның қолжетімділігі азаматтардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамытуды энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған стратегиялық бағыттардың бірі ретінде атап келеді.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы 2024 жылы Қарағанды облысының газдандыру бағытында рекордтық нәтижелерге қол жеткізді. Газбен жабдықтау желілеріне 6 214 үй қосылды. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есе жоғары.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры, сондай-ақ, Қарағанды облысының инвестициялық кеңесінің мүшесі Бекзат Шұғаның айтуынша, 2025 жылы газдандыру қарқынды түрде жалғасады.

– Бүгінде «SARAN» индустриялық аймағында орналасқан кәсіп­орындар табиғи газды сәтті пайдаланып отыр. Одан бөлек, облыс орталығындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына газдандыру бойынша техникалық шарттар берілді. «Qarmet» АҚ-да газдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Биылғы жылдың екінші жартысында кәсіпорындарды газға қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Шахтинск қаласын газдандыру жобасын дайындау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Бекзат Қанатұлы.

Бұл жобалар өңірдегі зиянды шығарындыларды 30%-дан астамға азайтуға және экологияны жақсартуға ықпал етпек. Сонымен қатар, облыстың инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық дамуын арттырады.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының мәліметінше, биылғы жарты жылдықта бесінші іске қосу кешені пайдалануға беріледі. Оған ескі әуежай, Таир, Global City сауда үйлері жанындағы аудандар кіреді.

Ал, жыл соңында төртінші және алтыншы іске қосу кешендері аяқталып, Федоровка, Таугүл және Күнгей аудандарындағы үйлерге газ келеді.

Қарағанды өндірістік филиалы газдандыру жұмыстарын табысты жүзеге асыруда. Қызметтің нәтижесінде 2025 жыл да табысты болып, облыстың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосатынына, экологиялық ахуалдың жақсаратынына сенімді.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ 60,9 мың шақырымнан астам тарату және магистральдық газ құбырлары мен барлық қажетті инфрақұрылымды қамтитын Қазақстандағы ең ірі газ тарату кешені екенін айту керек. Акционерлік қоғам Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қалаларды, ауылдарды, елдімекендерді газдандыру, сондай-ақ, оларды одан әрі урбандау және өнеркәсіптік әлеуетті дамыту үшін газ инфрақұрылымын құру жөніндегі тапсырмаларын орындайды.

Манас БАЙМАМЫРОВ,
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының қоғаммен байланыс маманы

Басқа материалдар

Back to top button