Ресми

Көгілдір отын – көпке үнем

Қарағанды облысында орталық газға қосылу қолжетімді бола түсті. Өңірде арнайы бағдарлама іске қосылған. Көгілдір отынды қосуға тілек білдірушілер тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы бес жылға пайызсыз несие ала алады. Оны ресімдеу мүмкіндігінше жеңілдетілді.

Бағдарламаны алғашқылардың бірі болып Қарағанды қаласының тұрғыны Сәния Нығматуллина пайдаланды.

– Біз тұратын Речная көшесіне газды қыс басталмас бұрын өткізген болатын. Үйімізге көгілдір отын құбырын тартуды көктемге дейін кейінге қалдыруды шештік. Мұндай бағдарламаның барын әлеуметтік желіден оқып, бірден «ҚазТрансГаз Аймаққа» техникалық шарттар алуға бардым. Газға қосылғанымызға екі күн болды. Жалпы сомасы – 749 мың теңге. Бес жылға бөліп төлейміз, ай сайынғы төлем – 12 500 теңге. Құжаттар тез ресімделді. Үйіміздегі игілікті көрген көрші-қолаң да құжат жинау амалдарына кірісіп кетті, – деді Қарағанды тұрғыны қуанышын жасырмай.

Сәнияның айтуынша, ол жастайынан көмірмен жылытылатын үйде өмір сүріп келеді. Не дегенімізбен, көгілдір отынның ұтымды екендігіне көзі жеткендей.

– Енді уақытылы сапалы көмір сатып алу қажеттігіне бас ауыр­т­­­паймыз. Таңертең үйден еш уайымсыз ұзай беріп, күні бойы «пештегі көмір қалай жанып жатыр екен» деп қадағалаудың да қажеті жоқ. Экологиялық таза отын тұрмысымызды едәуір жеңілдетті. Күл шығарып та керек емес. Тамызық дайындап әуре болмайсың. Ал, бұрын тонна-тонна көмір жағатынбыз. Қазір сол бейнеттен құтылдық, – дейді Сәния.

Биылғы бағдарлама 300 үйге арналған. Болашақта нысан санын 500-ге дейін арттыру көзделуде.

– Өңірлерді көгілдір отынмен қамту мәселесі әрдайым өзекті. Әрине, бұл – оң қадам. Бұқара халыққа бірден көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, сапалы жұмыстарды жүргізуге мемлекет кепілдік береді. Біз бағдарламаның операторымыз. Бұл – республикадағы пилоттық жоба. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінді, – деп түсіндірді Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев. – Несие ресімдеу барынша жеңілдетілді. Барлығы тұрғындардың ширақтығына байланысты. Барлық құжаттар болған жағдайда жұмыстарды толықтай өткізуді ресімдеу шамамен 10 күнді алады.

«Бүгін 50-ден астам өтінім өңделуде», – деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, халықтың әлеу­меттік осал топтары үшін де қолдау бар. Бірқатар санаттар үшін 300 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылған.

Облыс орталығының тұрғындарын газдандыру кезең-кезеңмен жүргізілуде. Бүгінде қызмет 4 мыңнан астам абонентке қолжетімді, оның төрттен бір бөлігі техникалық шарттарын алды. Газға 808 үй қосылды.

Желілер құрылысы әрі қарай жалғасуда. Биыл үшінші кезекті аяқтау көзделіп отыр, бұл тағы 2057 тұрғын үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шаһарды газдандырудың жобасы шеңберінде 16 іске қосу кешенін қамтитын 4 кезек газ құбырын салу діттелді. Тұрғын үйлерге газ тарату желілерін жүргізу бойынша жұмыстар кезең-кезеңмен әрі қаражат бөлінісіне қарай жүргізіледі. Бүгінгі күні «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ пайдаланушы ұйымының балансына бірінші кезектегі бірінші және екінші іске қосу кешендері пайдалануға беріліп, 4 201 тұрғын үйді орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін бірінші кезектің үшінші іске қосу кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы бірінші кезектегі 4,5,6 іске қосу кешендерінің орамішілік газ тарату желілерін әзірлеу басталды. Алайда, жобалау ұйымы белгіленген мерзімде шарттық міндеттемелерде көзделген жұмыстарды орындамағандықтан, сот рәсімдері жүргізілуде. Сот рәсімдері аяқталғаннан кейін аталған іске қосу кешендерінің құжаттамасын әзірлеу мүмкіндігі болады, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр және одан әрі кезең-кезеңімен іске асыру басталады. Көгілдір отынның қажеттілігі күн санап артуда. Байыпты бағдарламаның тиімділігіне көзі жеткен қала тұрғындарының көпшілігі көгілдір отынның игілігіне таяу арада қол жеткізетініне бек сенімді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button