Жаңалықтар

Көгілдір отын көкжиегі

Былтыр облыс газдандыру саласында рекордтық нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жетістік облыс әкімінің қолдауы мен сындарлы стратегиялық көзқарасының арқасында мүмкін болды десек, артық айтпағанымыз. Газбен жабдықтау желілеріне 6 214 үй қосылып, өткен жылдармен салыстырғанда нәтиже 3 еседен астам өсім берген. Тақырып туралы толығырақ өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин, «Qazaqgaz aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының қоғаммен байланыс маманы Манас Баймамыров, Қарағанды облыстық тұрғын үй қорын жаңарту орталығының басшысы Данияр Дүйсембаев мәлімдеді.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Осы жылы газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғаса түспек. Басым бағыттар қатарында жыл басында бесінші іске қосу кешені тұр (Ескі әуежай аумағы). Жыл соңына дейін төртінші, алтыншы іске қосу кешендерін (қаланың Таугүл және Күнгей атты бөліктері) газбен жабдықтау межесі де жоқ емес. Шахтинск қаласын газдандыру жобасын дайындау және жүзеге асыру да назардан тыс қалмайды. Биыл аймақтағы маңызды экономикалық нысандарды, соның ішінде, Саран қаласы мен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын, сондай-ақ, қала құраушы кәсіпорын «Qarmet» АҚ-ын газдандыру жоспарланып отыр. Бұл зиянды шығарынды үлесін 30%-дан астамға азайтып, өңір экологиясына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, газдандыру аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өсімді ынталандырады.

– 2024 жыл өңірді газдандыру саласында табысты жыл болды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасып, Қарағанды облысының тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз. Газдандыру экологияны жақсартуға, экономиканы нығайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып қала бермек, – деп ой тұжырды қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин.

Бағдарлама қаланың әртүрлі аудандарын қамтитын 16 іске қосу кешенін қамтитын 4 кезеңнен тұрады. Газдандыру аясында 973 шақырымға жуық газ құбырларын салу жоспарлануда. Бұл 28 600-ден астам абонентті көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік бермек. Бүгінде Қазыбек би ауданында үш іске қосу кешені тәмам. Газ желілері 7 018 жеке тұрғын үйге жеткізілді. Ал, 4 209 үй иесіне қосылуға техникалық шарттар берілген. Оның ішінде 3 385 үй газбен қамтылды.

Қарапайым тұрғын үшін газ құны қосымша құн салығын қосқанда бір текше метр үшін 40,4 теңгені, ал, жеңілдікті санаттар үшін 31,7 теңгені құрайды. Әлбетте, әлеуметтік қолдау да естен шығармаған ләзім. Қала тұрғындары үшін бес жылға дейінгі мерзімге пайызсыз несие беру тетігі әзірленген. Былтыр Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы 260 үйді осы тәртіппен газдандырып, биыл тағы 250 үйді көгілдір отынға жалғауды жоспарлаған. Әл-әзір оның 153-і газға қосылып үлгерді.

– Мұнда халықтың әлеуметтік осал тобына көмек көрсету мәселесіне ерекше назар аударған маңызды. Осы қатарға жататын азаматтарға тұрғын үйін газдандыруға байланысты біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған. Бұл көмек төмендегі санаттарға жататын азаматтарға көрсетіледі. Газдандыруға жататын жеке немесе көпқабатты тұрғын үйде тұратындар, олардың иелері немесе отбасы мүшелері. Иелігінде немесе отбасы мүшелерінің иелігінде басқа тұрғын үйі жоқ азаматтар. Отбасындағы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (138 684 теңге) аспайтындар. Жалғыз­ілікті зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар үшін біржолғы көмек табыс деңгейіне қарамастан көрсетіледі, – деді Қарағанды облыстық тұрғын үй қорын жаңарту орталығының басшысы Данияр Дүйсембаев.

Көмек мөлшері өтініш берушінің газ жабдықтарын орнатуға жұмсаған нақты шығындарына байланысты анықталады. Алайда, ол 100 айлық есептік көрсеткіштен (393 200 теңге) аспауы тиіс. Бұл көмек газ жабдықтарын орнатуға шарт жасасқан күннен бастап бір жыл ішінде беріледі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау табиғи газды пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, экологиялық таза энергия көздеріне көшуге жағдай жасайды.

Ендігіде төртінші, бесінші және алтыншы іске қосу кешендерінде жұмыс жалғасуда. Қаланың Федоров, Кирзавод деп аталатын бөліктерінде жоғары және орта қысымды құбырлар төселген. Ескі әуежай аумағында 1 915 үй көгілдір отынға қол жеткізсе, 43 көше бойында желілер тартылған. Шаһардың Күнгей, Таугүл атты бөліктерінде жалпы ұзындығы 1000 метрден асатын жоғары қысымды құбырлар орнатылды. Бұдан басқа, 2025-2026 жылдарға қарай «ЖБИ» және «Пришахтинск» атты аумақтарда газдандыруды бастау көзделді. Бұл 246 көшені және 15 000-нан астам үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Техникалық қамтамасыз ету тұрғысында құрылысқа 150 маман, автокран, экскаватор, манипулятор мен тиегіштерді қоса алғанда 29 техника жұмылдырылды. Барлық қажетті материалдар сатып алынған. Ал, жұмыстар кестесі жобалық құжаттамаға сәйкес орындалады.

Газдандыру үдерісінің табысты аяқталуы – жергілікті әрбір тұрғын үшін жайлы өмір сүру жағдайын жарқын қыла түспек. Аймақта көгілдір отынның игілігін сезінетін күн алыс емес.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button