Жаңалықтар

“Көгілдір отын” үйімізде

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының жемісін қарағандылықтар көре бастады. Оған басты себеп Қарағанды және Теміртау қалаларында тұрғын үйлер осы жобаның арқасында «көгілдір отынға» қосылды. Қос қалада өткен салтанатты ісшараға аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК қатысып, газ алауын жақты. Сонымен аймақтағы ірі үш қалада газ құбырларын тарту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нысандар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ  басқаруына берілді. Оның міндеттеріне газды тарату, тасымалдау кіреді.

Теміртаулықтар «Бұдан былай отын тасып, күл шығармаймыз» дейді «Бұдан былай отын тасып, күл шығармаймыз» деп қуанған теміртаулықтардың қуанышында шек жоқ. Қазіргі уақытта 500-ден астам үй газға қосылуға дайын. Бүгінде шаһардағы 2 үйге алғаш рет газ кіргізілді. Облыс әкімі табиғи газға қосылған тұрғындардың қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты. Аймақ басшысы өз кезегінде 2025 жылға дейін 5000-нан астам үйге газ кіргізілетінін мәлімдеді.

– Бүгін біздің облыс үшін маңызды тарихи күн. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Теміртаудың алғашқы үйлері көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Әрі газдың құны көмірмен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Бұл да тұрғындар үшін қолайлы. Ең бастысы атмосфераға зиянды қалдықтар төмендейді, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы уақытта қаладағы алып металлургиялық комбинат та газға көшетінін тілге тиек етті. Яғни, бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемі әлдеқайда азаяды деген сөз. Бүгінгі таңда бұл бағытта атқарылатын жұмыстар талқылануда. Ал, Төлеубаев көшесінде тұратын Вячеслав Бражниковтың қуанышында шек жоқ. Бұл жақта қолғабыс беретін жандардың қатары аз. Сол үшін жыл сайын үйіне көмір тасып кіргізу үшін Ресейден ұлын шақыртатын көрінеді. Қария үйіне газ тартып, газ пешін орнату үшін 800 мың теңге қаржы жұмсаған. Пеште иіс датчигі орнатылған. Қандай да бір оқиға орын алған жағдайда автоматты түрде дабыл белгісі іске қосылады.

– Көмір тасу, күл шығарудың азабы қандай екенін көп адам біле бермейді. Мен секілді қолғабыс көрсететін адамы жоқ жандар көп. Ауыр жұмысқа шамам келмейді. Ал, қазір үйге көгілдір отын кіргелі жұмыс азайды. Қосып қойып, арасында бақылап тұрамын. «ҚазТрансГаз» қызметкерлері газ іске қосылғанша үнемі хабарласып, көмек көрсетіп келді. Тек, бір өкінішім, бұл қуанышты әйелім көрмей кетті. Көзі тірі болса төбесі көкке жеткенше қуанар еді. Кейбір көршілерім газ қосу бағасын қымбатсынып, ойланып қалды. Оларға «ойланатын ештеңе жоқ, қосылып алыңдар» дедім. Ұсынған ақшалары мен үшін қымбат болмады. Өйткені, көмірдің бағасы күн өткен сайын өсуде. Оны сатып алу, қораға кіргізу, кейін үйге тасу, күлін шығару дейтін машақаты басыңнан асады. Одан да газ қосып алып, тыныш отырған артық, – дейді Вячеслав Бражников.

Қарағандылықтар қуанышы Қарағандыда өткен жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен шараны үлкен жетістік деп санайтынын мәлімдеді.

– Үш жыл бұрын «Сарыарқа» газ құбырын салу жобасы басталған болатын. Магистральдық желілерді тарту өткен жылы аяқталды. Биыл үйлерге тарату желілері жүргізіліп, жұмыстар сәтті аяқталды. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.

Газдың келуін қала тұрғындары зор қуанышпен қарсы алды. Михайлов шағын ауданында тұратын Жеңісбек Сүйіндікұлы есімді қарияның алғысы шексіз.

– Біз үшін бүгін армандардың орындалған күні. Өзім жер үйде тұрғандықтан от жағудың қиындығын бір кісідей білемін. Газ бен көмір арасындағы айырмашылықты да білесіздер. Көмірдің шаңымен үнемі дем алу ағзаға зиян. Барлық қала тұрғындарын бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Осы іске бастамашыл болған азаматтарға алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны. Алғашқы болып үйіне газ кіргізген Челябинск көшесіндегі №26 үйдің тұрғыны Анна Бабенко.

– Жасым – 95-те. Бұл үйде жалғыз тұрамын. Бұрын көмір алу керек, күл шығару керек болатын. Балаларым Ресейге жұмыс бабымен кетті. Өте қуаныштымын. Осы үйде 70 жылдай тұрамын. Балаларым, келіндерім, немерелеріме ризамын. Солар көмектесіп, осының бәріне солар арқылы қол жеткіздім. Тыл ардагері ретінде әкімдік газ жағатын плита сыйлады, – дейді кейуана.

Айта кету керек, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша салынған еді. Қазір құбыр Қызылорда мен Нұр-Сұлтан қаласын байланыстырып тұр. Жалпы Қарағанды қаласында екі қосу кешені салынып, 64 шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Жобаның бірінші кезеңінде үш мыңға жуық үйді газдандыруға мүмкіндік берсе, алдағы уақытта тағы 13 мыңға жуық тұтынушы көгілдір отынға қол жеткізеді. «ҚазТрансГаз Аймақ» Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевтың айтуынша, тұтынушыларға есептегіштер тегін беріледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта банктермен бірлесе отырып, тұрғындардың үйіне газ енгізудің қаржылық мәселесін шешу де келісіліп жатқанын айтты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button