Кәдесыйларды таныстырды
Жуырда «Астана «ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет ЕРКІМБАЕАВ «ЭКСПО – 2017» кәдесый өнімдерін таныстырды.
– 2016 жылдың тамыз айынан бастап компания «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі лицензиаттарын таңдау шарасы өткізілген болатын. Ел арасында, сондай-ақ, шетелде сатылатын халық пайдаланатын кең спекторлы тауарлар таңдалды. Негізгі мақсат – фирмалық тауарларды ұсыну арқылы көрме туралы естелік қалдыру, – деді Д.Еркімбаев.
Ықтимал лицензиаттар үшін әр түрлі тауарлар тізімі ұсынылған. Бүгінгі таңда мынадай категориялар бойынша – ағаштан жасалған өнімдер, теріден жасалған өнімдер, кәдесый өнімдері, мобильдік аксессуарика, полиграфия, ойыншықтар, ересектер мен балалар киімдері, зергерлік бұйымдар, іскерлік аксессуарлар, кондитерлік өнімдер, музыкалық құралдар, коллекционерлер үшін тауарлар және тағы да басқа көптеген тауарларға ұсыныстар қабылданады. Толығырақ ақпаратты https://expo2017astana.com/business-partnership/konkursyi сайтынан көріп білуге болады.
Бұл тауарлар Көрме аумағындағы фирмалық дүкендерде, ел арасында лицензиаттардың дистрибьютерлік жүйесі, сондай-ақ, әуежай, теміржол вокзалы, ірі сауда ойын-сауық орталықтары арқылы сатылатын болады. Барлық тауарлар өндіруші компания есебінен жасалады.
Бүгінгі таңда 110 түрлі көпшілік пайдаланатын өнімдерді шығаратын 13 компания комиссияның алдын ала қарауынан өткен.
– Қазірде 70 өнім бойынша тауарлар үлгісі әзірленіп, бекітілді. Өтінімдер 2017 жылдың наурызына дейін қабылданады, – деді Д.Еркімбаев.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ